Қанатын кеңге жайған
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Eurasia Invest LTD» ЖШС ұнтақталған «Саумал» бие сүтін ұсынып, әлемдік нарыққа кіріп келді. Тың жоба. Әрі өнім сапасы мен құнарлылығы әлдеқайда жоғары. Ал, мұндай дүние, әлбетте, сұранысқа ие. Қазақстаннан бөлек, Қытай мен Ресейге, Германияға да экспортталып үлгерді. Бұл өзге емес, өзіміздің Осакаров ауданында орналасқан кәсіпорыннан шығып жатқан өнім. Бүгінде аталған кәсіпорын ұнтақталған «Саумал» бие сүтін ғана емес, егін шаруашылығынан түсетін өнім көлемін де арттыруды басты назарға алған. Бір сөзбен айтсақ, бұл кәсіпорын тек Қарағанды емес, Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлесін қосып отырған үлкен бизнес алаңына айналды.
Саумал зауыты
Бүгінде фирмада 2000-нан астам жылқы бар. Жылқының жемі, суы, шөбі де сол жерде беріледі. Сауын машинасының алдына темірден қоршау қойылған. Бір қызығы, биенің желініне адамның қолы тимейді. Сауатын уақытта биені сол шарбаққа қамап алып, желініне әлгі аппаратты қыстырсаңыз болғаны. Осы процеспен жылқылардың әрқайсысы күніне бес мәрте сауылады. Бір сауғанда үш немесе төрт литрге жуық сүт алатын көрінеді.
Сауын машинасы бие сүтінің сапасын қаз-қалпында сақтап, зауытқа, яғни, сублимация процесін жүргізуге жіберіледі. Сүттің пайдалы қасиеті, дәрумені мен микроэлементтері сақталып, осы жерде кептіріледі.
– Өндірістің әр кезеңі – қатаң бақылауда. Яғни, сүт әр процестен өткен кезде біздің технологтар жіті бақылап, сапасын қадағалап отырады. Сублимация процесі өткен уақытта сүт мұздатылып, кептіріледі. Яғни, бұл – дайын өнім. Содан кейін барып ұнтақты арнайы герметикалық пакеттерге ораймыз. Ол өз алдына бір жұмыс. Арнайы оралған пакеттеріміз өнімнің балғындығына, құнарлығы мен сақтау мерзімінің ұзаруына үлкен мүмкіндік береді, – деді кәсіпорын директоры Серік Жүнісов.
Аталған кәсіпорынға тиесілі мал жаятын жайылым жері бар. Одан бөлек, ауыл іргесінде көлемі 11 000 гектар болатын жем-шөп егетін егістік алқабы да тұр.
Жаңа жоба. Жаңа бастама
Биыл егінге автоматтандырылған суару жүйесін құру үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Яғни, бұдан былай дақылдарды қолмен емес, арнайы автоматтандырылған құрылғы арқылы суарады. Суару саласының мамандарымен бірлесе, шаруашылықта қыруар жұмыс атқарылды. Сорғы станциясы орнатылып, магистральдық құбырлар тартылды. Су беру жүйелері де жасалды. Әрі жоғары сападағы автоматтандырылған жабдық қойылды. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін суару жұмыстарын жүргізіп те көріпті. Әрі өнімін де алып үлгерген.
– Жоба аяқталғаннан кейін оны пайдаланып көрдік. Сапасы да, жұмыс істеу процесі де ойымыздан шықты. Осы автоматтандырылған суару жүйесінің арқасында өнім көлемі артып, сапа едәуір жоғарылады. Әрі, озық ауыл шаруашылық техникасын сатып алып, өндірісті модернизациялауға қадам жасадық. Бұл дегеніңіз, «өндіріс қуаттылығы артты» дегенді білдіреді. Заманауи техниканың жоғары өнімділігі мен дәлдігінің арқасында ауыл шаруашылық жұмыстары жеңілдеді. GPS және автоматты басқару жүйелерімен жабдықталған техникаларымыз егу, суару және жинау процестерін мүдірмей атқарады. Бұрынғыдай емес, жаңа техникаларымыздың арқасында шығынымыз азайып, егін сапасы арта түсті, – деді Серік Базылханұлы.
Бұл – биыл атқарылған үлкен жобалардың біреуі ғана. Алдағы уақытта кәсіпорын өзінің көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта қойманың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Келешекте қоймаға тонналаған картоп пен түрлі көкөніс қорын сақтамақ. Әрі осы жерден нарыққа саудалап, кәсіпорын шығынын азайтуды жоспарлап отыр.
Одан бөлек, бидай, сұлы және арпа секілді дәнді дақылдарды сақтау үшін жаңа астық қоймасы салынуда. Заманауи климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған қойма өнім сапасын жоғалтпай, ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Және жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпорын ауқымын кеңейту де кезек күтіп тұрған іс.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz