Қанатқақты жоба – санаққа дайындық
2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері пилоттық ауыл шаруашылығы санағын 54 елдімекенде – ауылдық және қалалық жерлерде жүргізетін болады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады. Ал, пилоттық ауыл шаруашылығы санағының мақсаты – санақ парақтарын, әдіснамаларды, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сынақтан өткізу, далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, сондай-ақ интернет пен әкімшілік деректердің сапасын бағалау.
Бюро таратқан деректерге сүйенсек, ауыл шаруашылығы санағына шаруа немесе фермер қожалықтары, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын үй шаруашылықтарын қоса алғанда, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері, дара кәсіпкерлер қатыса алады.
Санақ жер және егіс алқаптары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының саны, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына қатысты басқа да аспектілер туралы деректерді өзектендіруге мүмкіндік береді.
«Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы – 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағына дайындықтың маңызды кезеңі. Ол таңдалған әдістеменің дұрыстығын және ақпараттық жүйелердің дайындығын тексеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова.
Атап өткен жөн, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының ұсынымына сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығы секторының құрылымы мен жай-күйі туралы өзекті деректерді жинауда маңызды рөл атқаратын ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы санағы – бұл ауыл шаруашылығының құрылымы мен жағдайы туралы мәліметтерді жинау, өңдеу, ресми статистикалық ақпаратты талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық бақылау.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауылшаруашылық санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Оның негізгі міндеті – аграрлық шаруашылықтардың негізгі ұйымдық құрылымы туралы мәліметтер алу. Бұл сектордағы тенденциялар мен құрылымдық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Өз тілшімізден.