Руханият

Қанағаңның көзін көрген

Әлемге әйгілі ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл, өмірден өткеніне 60 жыл толып отыр. Бұл күнде Алаштың осынау асыл азаматының көзін көріп, сөзін тыңдаған адам ілуде біреу ғана қалды. Соның бірі – кезінде Бұқар жырау ауданының Қылыш Бабаев атындағы кеңшарында 10 жылдан аса директор болып, бүгінде 80 жастан асқан Жеңіс Жұмашұлы Шәдетов.

Қанағаңның Жұмаш досына сыйлаған суреті.

Қуалай келгенде ол Қанағаңмен еншісі бөлінбеген ағайын, аталас туысы. Екеуі де Баянауыл өңірін мекендеген қалың Қаржас-Жәдігер руының Сатай атасынан тарайды. Жекеңнің әкесі Жұмаш Баянауыл сыртқы округіне қарасты Ақкелін болысының 4-ауылында 1899 жылы Қанышпен қатар дүниеге келіп, бала жастан құлын-тайдай тебісіп, асыр салып бірге ойнап өскен досы екен. Жұмаш ақсақалдың өзі бертінде 1985 жылы қайтыс болды. Оның айтуынша, бала Қаныш қатар-құрбыларының ойынына қосылмай, ауыл жанындағы Ащысу өзенінің суымен ағып келетін түрлі тастарды теріп алып, күні бойы соларды ермек қылып отыратын көрінеді. Өсе келе елімізде геология-минерология ғылымының негізін салған ірі ғалым, академик атануына осы балалық әуестігі мен құштарлығы ықпал еткен шығар мүмкін. Оның жердің жүрек дүрсілін кардиологтай тап басып, аңғаратыны сол жас күнінен-ақ байқалған. Бірде ол Томск политехникалық институтында оқып жүргенінде елге жазғы демалысқа келеді. Сонда жайлауға көшкен ауылдастарының мал суарып, ас қамдайтын тұщы су таппай дағдарғанын көреді. Ал, студент жігіт еш саспай, бір түп шилеуіттің түбін қазғызғанда, одан мұздай тұщы су атқылай жөнеледі. Сол жерге жұрт шегендеп құдық орнатып, ол «Қаныш құдығы» аталыпты. Бұл қазіргі Ақбел ауылдық округінің аумағында болса керек. Қазір айдаладағы сол құдықтың бар-жоғы белгісіз.

Содан оқу қуған бозбала сол кеткеннен мол кетіп, ғылым жолына шындап түсіп, атағы дүрілдеген тұста 1946 жылы ғана Жұмаш досымен Қарағандыға келген іссапарында кезігеді. Өзін арнайы іздеп барған досымен құшақтасып, көрісіп, ақын Қайнекей Жармағамбетовке тұрмысқа шыққан қызы Ханисадан туған жиенін Нұрлан деп атағанын қуана айтады.Жасынан еті тірі, пысық, әрі кедей шаруаның баласы Жұмаш болса бұған дейін ел ішіндегі Кеңес өкіметінің жұмысына араласып, коммунистер қатарына өтіп, сол кездегі Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданындағы Үлгі колхозының бастығы болып істейтін. Тіпті, ол – 1928 жылы Баян­ауыл ауданындағы туған ауылы Сарықамыста Қосшы одағының төрағасы болғанында мал-мүлкі тәркіленіп, Баянауыл түрмесінде көз жұмған Қаныштың әкесі Имантайдың мәйітін ат-арбаға салып әкеліп, ата қыстаулары Айрыққа апарып, өз қолымен жерлеген кісі. Қазір біреулер Имекеңді Жыржыс қажының мешітіне барғанда дүние салған деп жаңсақ жазып жүр. Оның шындығын Жеңіс ағамыз өзінің «Бұқар баба елінде» деген кітабында егжей-тег­жейлі баяндаған.

Арада 4 жыл өткенде, 1950 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Қарағанды облысының ауылдық округтерінен республика Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынылып, сайлаушылармен кездесуге елге келеді. Аудан халқы оны құрметпен қарсы алып, Қанағаң бала күнгі досы Жұмаштың үйіне түстеніп, көршілес Алғабас колхозына ат басын тірейді. Мұнда елге сыйлы Рамазан ақсақалдың үйінде түнеп, ертеңінде аттанарында Рекең «Қарағым, текті атаның тұяғы едің. Қолына қарап отырған қызым мен күйеу балам неше жылдан бері бір шикі өкпеге зар. Соларға батаңды беріп кет» деп қиыла өтінеді. Қарияның тілегін жерге тастамаған ғалым екі қолын жайып, батасын беріп кеткен соң, бір жылдан кейін ерлі-зайыптылар ұлды болып, одан кейін тағы да бір ұлы дүниеге келеді. Осы күні ол екеуі де үйлі-күйлі болып, немере көріп, туған ауылдарында аман-есен жүріп жатыр. Қаншама әулиелер шыққан Баян­ауыл топырағының киесі қонып, дуасы дарыған демегенде, не дейміз мұны?!

Сол жолы үлгілік сайлаушылардың аманаты бойынша Қанекең Қазақстан Ғылым Академиясы Ботаникалық бағының Қарағанды бөлімшесінен сан алуан жеміс ағаштары мен терек, акацияның көшеттерін жеткіздіріп, ауылда әсем бақ орнайды. Оны Иманбай ақсақалдың үйретуімен осындағы орта мектептің оқушылары талдан тоқылған шарбақтармен қоршап, соғыс кезінде жер аударылған шешен шалы Тулуп күзетеді. Аз ғана жылда жайқалып өсіп, жемісі мәуелеген бақты Қаныш Имантайұлы 1958 жылы Қарағанды қаласында Ғылым Академиясының көшпелі мәжілісін өткізіп, Баянауылға бара жатқан жолында көріп, қатты риза болады. Жұмекең үйіне түстеніп аттанған ғұлама сол сапарында Айрықта жатқан әке-шешесінің бейітінің басына мәрмәрдан құлпытас орнатып, дұға оқытып қайтады.

– Бұл оның ел жаққа соңғы рет келуі еді. Біздің үйде болғанда кеңінен көсіліп, әңгіме де айтты, домбырамен ән де шырқады, – дейді Жеңіс ақсақал.

2.Жұмаш досының үйінде қонақта (солдан оңға қарай) Жұмаш Шәдетов, Дінмұхамед Біләлов (Шорман бидің ұрпағы), Шапық Шөкин (кейін Ғылым Академиясының президенті болған), Қарағанды облысы Совнарының төрағасы Дмитрий Онико мен академик Қаныш Сәтбаев.

Өкінішке қарай, біз ес біліп, ойын баласы атанғанымызда сол сәнді бақтан сорайған теректері ғана қалып, қоршаусыз ашық-шашық жатты. Бірақ, балалық шағымыздың бал дәурен шақтары сол бақтың ішінде өткен. Бүгінде онда бір бала асыр сап ойнамайды. Кешегі тірлігі қазандай қайнап жататын қайран жүз үйлі Үлгіміздің орнында 5-6 шаңырақ қана отыр. Қираған үйлердің үйіндісін көргенде, бұл жерден соғыс жүріп өткен бе деп қаласың. Әйтеуір, тамтығы ғана қалған бақты алдыңғы жылы жергілікті Үміткер ауылдық округі қоршатып, қаңыраған ауылға ауызсу құбырларын тартыпты. Ал, түгін тартсаң, майы шығатын, сулы-нулы бұл аймақты қайта түлету әзірге ешкімнің қаперіне кірер емес. Соны кеңшар кезінде Жеңіс ағамыз жасатып, бақ ішінде тас тұғырға қондырған Қанағаңның жансыз мүсіні қажымай күтіп тұрғандай…

Сонымен 1960 жылдың жазында Жұмаш досы Алматыға Қанышты өзі іздеп барып, оның айттырып алған алғашқы жары Шәрипаның шаңырағына түседі. Ол қызы Шәмшиябану мен оның Алматы жоғары партия мектебінің ректоры қызметіндегі күйеу баласы Оразай Батырбековтің қолында тұрады екен. Ханиса да осы некеден туған. Ал, Мәриям мен Мейізі – Қаныштың кейінгі қосағы Таисия Алексеевна Кошкинадан туған қыздары. Жан досының келгенін естіген Қанағаң сол күні кешкісін Таисия мен екі қызын ертіп келіп, онымен түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрады.

Осыдан екі жыл өтісімен 1962 жылы Үлгі орта мектебін «Күміс медальмен» бітірген Жеңісін ерткен Жұмекең салып ұрып Алматыға тағы барады. Оразай үйіндегі бұл жолғы басқосуға Қанекең де келіп, мұнан қайда түскісі келетінін сұрап, өзі сияқты геолог болғанын қалайды. Алайда «Ауылға да білікті маман керек қой» деген досының сөзін құп көріп, сәттілік тілейді. Айтқандай-ақ, Алматы зооветинститутының зоотехника факультетіне қабылдау емтиханын бір ғана химия пәнінен үздік тапсырып, студент болып шыға келеді.

Үлгіден өзімен бірге келіп, сондағы ветеринария факультетіне оқуға түскен Қаби Қошанов пен кейін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Тілеухан Жүсіпов үшеуі жатақханада бір жыл тұрғаннан кейін пәтер жалдайды. Сонда жерлес студенттер Шайхан Жандаев, Нығмет Танашев, Елкен Сәбенов, Мірәс Батталов, Әбусаттар Тұрғанбековтер жиі келіп, студенттік өмірдің қайталанбас шақтары өтіп жатқан. Қарындары ашса, Шәрипа апасының үйіне баратын бұлар кей кезде онда Қаныш ағаларын кезіктіріп, оның пайдалы ақыл-кеңестерін тыңдайтын.

Әлі есінде, бұлардың өмірін сақтап қалған тосын жайттың болғаны. Әдетте үшеуі күн ысығанда өздерінің шай-суын, аздаған ауқатын алып, Есік көліне барып, суға түсіп, демалатын. Дәл 1963 жылдың 1 маусымында сонда бармаққа жиналып жатқан. Кенет Қанағаңның көмекшісі Бөпежан Аяпбергеновтің қызметтік «Победа» машинасының жүргізушісі Сағидың жетіп келмесі бар ма. Ол әй-шәй жоқ «Қанағаң Москваға ұшқалы әуежайда тұр. Сені көргісі келіп, жұмсады» деп, үшеуін бірдей көлігімен ала жөнеледі. Бұлар келіп, үш-төрт адамның ортасында тұрған Қаныш ағаларына сәлем бергенде, ол мұның бетінен сүйіп:

– Түсіме Жұмаш кіріп, сені көріп кетейін деп едім, – дегеннен басқа ештеңе айтпай, самолетпен ұшып кетеді. Есікті естен шығарған бұлар жатақ үйлеріне оралса, қаланың басы у да шу. Аспанда он шақты тікұшақ ұшып жүр. Сөйтсе, таудың еріген мұзынан Есік көлі ернеуінен асып кетіп, жолындағының бәрін жайпап өтіп, көлге демалуға барғандардың біразын опат қылыпты.

– Мен осы оқиғадан кейін Қаныш ағамызды әулие деп санаймын. Алдында Рамазан ақсақалдың қызы мен күйеу баласына берген батасы қабыл болса, одан келіп мені ажалдан арашалаған көріпкелдігіне қалай қайран қалмасқа. Бәлкім ол қорқынышты түсін маған айтпаған шығар, – дейді Жекең.

Халқына еңбегі сіңген, ғұлама ғалымдығын әлем мойындаған асыл азамат, сондай алып тұлға, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жүрегі 1964 жылдың 30 қаңтарында мәңгіге тоқтаған. Оны ақтық сапарға шығарып салуға елден жылап-еңіреген әкесі Жұмаш пен ғалымның жиені Қайри Ниязбеков жеткен. Сосын бәрі бірге Қазақ опера және балет театрының кең залында өткен қоштасу рәсіміне қатысып, Ташкент көшесіндегі зиратқа апарып, халқымыздың тағы бір ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезовтің кесенесінің қасына жерлегенде, өз қолдарымен абзал ағаның қабіріне бір уыс топырақ салып қайтады.

Естеліктер ескірмейді деген – осы. Қаныштай аяулы ағасының көзін көріп, ұлағатын ұғып өскен Жеңіс Жұмашұлы оның есімі мен еңбегі ел жүрегінен мәңгі өшпей, тарихымызға алтын әріппен жазылады деп санайды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button