Басты тақырыпРуханият

«Анаға апарар жол»

Ақан Сатаев есімі аталған жерде бір сүйінші хабардың жететініне бойымыз үйренді. Қарағандыда Ақанның жаңа туындысы «Анаға апарар жолының» тұсаукесері өтеді деген хабар желдей ескен. Ел құлағы алдамады. 7 қазан күні түстен кейін қаламыздың «Сарыжайлау» кинотеатрының алдындағы қара-құрым қоюлана түскен.

Өйткені, мұнда Ақанның бүгінгі күнге дейінгі басты картинасының көрсетілімі өтетін еді. Көше жолынан театрдың есігіне дейінгі жолға кілем төселіп, гүл шоқтары төгілді.

Фильмнің басты рөлін ойнаған белгілі актерлер – Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов бастаған өнер шеберлерін қарағандылықтар шашу шашып, қарсы алды.

Фильмге деген қара­ғандылықтардың құлшынысын әбден түсінуге болады. Осының алдында ғана Қырымнан сүйінші хабар жеткен. Онда бірінші халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінде Ақан Сатаевтың осы туындысы гран-при жүлдесін алған еді.

Бұл фильмнің түсіріліміне Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбек, Берік Айижанов, Еркебұлан Дайыров сынды өнер шеберлері тартылған. Осы фильм арқылы есімдері аталған актерлердің барлығы да өздерінің шынайы өнер майталмандары екендіктерін тағы да бір рет дәлелдеп берді.

Фильмнің Қарағандыдағы тұсау­кесеріне облыс әкімі Н.Әбдібековтің өзі қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Фильмнің қазақ кино өнерінің бүгінгі күнгі жетістігі екенін атап өтті.

Сонымен фильм не туралы?

Бір сөзбен айтар болсақ, киноэпопея деуге болар еді. Анығы бір серияға сыйған эпопея. Өйткені, фильмде басты кейіпкер Ілиястың тағдыры арқылы қазақ баласының ХХІ ғасырдағы басынан кешкен нәубеттері баяндалады. Бөстеки атыс-шабыстар, төсек оқиғалары, мылжың монологтар жоқ. Бары – сол заманның қаны сорғалаған картинасы. Он алтыншы жыл, жаптым жала, жақтым күйе заманы, туған қағынан жеру, барған жерінен сая таппай Түрік еліне көктей өту, одан ашаршылық жайлаған Украина еліне жетуі, одан кейін кеңестік лагерьлердің жүйесі басталады – балалар үйі, әскери міндетін өтеу, соғысқа қатысу, Сібірге айдалу… Фильм кейіпкері осылардың бәрінен аман қалады. Анасына деген махаббаты арқылы. Бұл жерде Ана символикалық образ екенін де естен шығармауымыз керек. Өйткені, Ақанның анасы жай ана емес – Қазақ Ана. Оның баласы қайткен күнде, қандай жағдайда болсын Анасына оралатын болады. Сондықтан, ол баласын соңғы деміне дейін күтеді. Ананың да көрмегені жоқ. Кеңестік машинаның жаншығанынан, илегенінен аман өтсе басқа себебі жоқ.

Бүгінде шетелге оқуға жіберілген балаларымыз туған жұртына оралуға асыға қоймауда. Бұл фильм-гротеск, бұл фильм-протест.

Әрі-беріден кейін сол оқу өзімізде де бар ғой дейсің. Алайда, басқадай да себептермен шетел асып жатқан қандастарымыз баршылық қой…

Соны қайтаратын күш – Ана!

Патриотизм дәнегі Ана сүтімен дариды. Оны осы фильмнен көрдік.

Жаһандану еміздікпен дариды.

Әр жағын айтып керегі жоқ.

Қазақтың ауыр қарғысы бар. «Жары­мағыр» деген. Соның астарына да ой жүгірте жүрейік.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button