ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫЛАРЫ

   Ертеде үлкендердің «Иә, жаратқан ием, пендеге – пенде қыла көрме» деп, бір Аллаға жалбарынып отырғанын талай мәрте естіген едік. Ол кезде жете мән бермеппіз. Зерделей үңілсек, осы тілектің астарында үлкен әлеуметтік ахуалдың тұрғанын көруге болады. Тозбайтын темір, озбайтын өмір жоқ. «Асарын асап, жасарын жасағанмен», қартайған шағында жалғызілікті болып, жар басында жабырқап тұрған жандар бар. Тағдырдың жолы бұралаң. Сонымен қоса, айықпас дертке ұшырап, өмірлік мүгедек болып қалғандар да жапа шегіп, жарымжан күй кешеді. Оңай емес. Мұндай жандар қамкөңіл емей немене?! Қамкөңіл жандарға қоғамның көзқарасы түзу. Ал, мемлекетіміздің осындай халдегі адамдарға жасап отырған қамқорлығын көргенде ерекше риза боласыз. Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты жалғызілікті қарт және мүгедек адамдарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Ғазиз ӘЛИНмен осы мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, әңгімелесу барысында қастерлі істің байыбына барынша қаныға түстік.

 

Бұл өзі әлеуметтік қызметтің ертеден келе жатқан саласы көрінеді. Жезқазғанда жалғызілікті күн кешіп жатқан жандарға сүйеу болып, үйлеріне барып, арнаулы әлеуметтік тұрмыстық қызмет көрсететін 4 бөлімшеде 45 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды екен. Осы бөлімшелердің біріне 13 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Ғ. Әлин ең тәжірибелі мамандардың қатарында саналады.

Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 339 қарт адам мен мүгедектер бізде есепте тұрады. Олардың ішінде 295 әйел, 44 ер адам бар. Жыл басынан бері 12 адам қосылып, 6 адам есептен шықты. Біздің қамқорлығымызға тәуелді жандардың арасында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 7 бірінші топтағы, 38 екінші топтағы, 6 үшінші топтағы және 3 бала жасынан мүгедектер, 82 тыл еңбеккері бар. Төрт бөлімшенің меңгерушілерімен қатар, әлеуметтік қызмет жөніндегі 4 кеңесші және 2 маман жұмыс істейді. Менімен қатар, бөлімшелерді Еркін Қуанышев, Аян Жыңғылбаев, Мұрат Райымбеков сияқты іскер жігіттер басқарады. Ал, негізгі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен шұғылданатын 45 әлеуметтік қызметкердің 12-сі жоғары білімді, 32 маманның арнаулы орта білімі бар. Негізінде, әлеуметтік қызметкер жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсететін маман. Әрбір әлеуметтік қызметкердің қарауына 8 адамнан бекітіліп берілген. Олар тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің стандартына сәйкес қамқорлыққа алынған жандардың үйіне аптасына екі рет баруы керек. Үй-ішін тазартып жинастырады, дүкеннен қажетті азық-түлігін жеткізіп береді. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметпен қоса, үйге дәрігер шақыру, емханаға апару, дәрі-дәрмек әкеліп беру, төсек-жабдығын айырбастау сияқты әлеуметтік-медициналық қызметтермен де айналысады. Қариялар – барға қанағатшыл, жоққа төзімді болғанымен, сәл нәрсеге балаша өкпелеп қалуы мүмкін. Сондықтан, біздің мамандар үлкен кісілерге моральдық-психологиялық жағынан да үнемі көмек көрсетіп, әңгімелесіп көңілдерін шәй ішкендей жайландыруға тырысады. Осы салада 21 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жәмила Таханова, Бәтима Рахымбекова, 15 жылдың бедері болған Гүлнар Төкенова, Шәйзада Күзекова, 10-11 жылдан аса еңбек жасайтын Маржан Бисенова, Шынар Қошқарбаева, Сұлушаш Айтқалиева, Алма Кутеева, Гаухар Рахметова, Бибігүл Бейсембаева сияқты әлеуметтік қызметкерлер өз жұмыстарына шынайы беріліп, абыроймен атқаруда. Олардың қатарын Гүлзада Байгелова, Қалампыр Әлімова тәрізді тағы басқа да көптеген мамандармен жалғастырып айта беруге болады, дейді – Ғазиз Көпбосынұлы.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің жұмысына жан-жақты қаныққан соң қамқоршылыққа алынған қариялардың жағдайын көзбен көрмек ниетпен Ғазизбен бірге Гагарин көшесіндегі үйлердің бірін бетке алдық. Екінші қабаттағы жайлы пәтерде тұратын Мария Баклеева кезінде Жезқазғандағы «Горпромторгтың» директоры болған салиқалы әжей екен. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, өмірдің тұман арасында да, думан арасында да өтетіні белгілі. Әркімнің басына әртүрлі тағдыр жазылған. Сонау Семейден қол ұстасып Жезқазғанға 1954 жылы бірге келген асыл жары Алексей Павлович өмірден ертерек өтіпті. Бүгінде 93 жасқа аяқ басқан Мария Ивановна көп жылдардан бері жалғыздықтың кермек дәмін татып келеді. Ара-тұра бір соғып кететін жиендерінен гөрі, мезгілінде тұрақты келіп отыратын әлеуметтік қызметкер Салтанат Мырзанбетоваға көбірек арқа сүйейтінін айтады. Салтанат біз барған кезде де осы пәтердегі тиісті шаруаларымен айналысу үстінде екен. Кейуана қамқоршысына аса риза екенін білдіруде. С. Мырзанбетова КарМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріпті. Әлеуметтік қызметкер болып он жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Менің қамқорлығымда 8 адам бар. Ең жасы үлкен, қарт адам осы кісі. Аптасына міндетті екі келудің орнына 3-4 рет келетін кезім аз емес. Мария Ивановна кейде демалыс күні қоңырау шалып: «айраным бітіп қалыпты» дейді. Қалай келмейсің. Үлкен адам бала сияқты, ренжітуге болмайды. Негізгі жұмыстармен қатар ай сайынғы барлық коммуналдық төлемақыларын да мен барып төлеймін, төсек-жабдықтарын кір жуатын жерге өткізіп, әкеп беріп отырамын. Ел жаңалықтарын әңгімелейтін кез де болады. Елбасы Жолдауындағы әлеуметтік қамқорлық, зейнетақыны өсіру туралы жаңалықтардан бұл кісі жақсы хабардар, – дейді әлеуметтік қызметкер.

Салтанаттың өз жұмысын ризашылықпен, шынайы көңілмен атқаратыны байқалады. Алғаш 2007 жылдың қарашасында жұмысқа тұрғанында қолға 17 мың теңге айлық алыпты. Үкіметтің әлеуметтік салаға көңіл бөлуінің арқасында өткен жылы жалақы 40 пайызға көтеріліп, қолға 58 мың теңгедей алатын жетіпті. Әсілінде, күні бойы бір тыным таппайтын әлеуметтік қызметкердің жұмысы оңай деуге келмейді. Құр хал сұрап шығатын емес, әр үйде екі сағаттай болып, жұмыс істеу керек. Әрқилы жағдайлар болады. Тәжірибелі әлеуметтік қызметкердің бірі – Шәйзада Күзекова қамқорлығындағы әр адамға күнделік арнапты. Онда қай күні барғандығы, сол күні не жұмыс атқарғандығы жазылып, қамқорлығындағы адам растап, қол қойып отыратын көрінеді. Әрбір үй оның келетін сағатын біліп, тосып отырады екен.

Негізінде, мемлекет қамқорлығының шапағатын көріп отырған жандар жалғыздығын бөлісіп, жанашырлық көмегін жасап жүрген әлеуметтік сала қызметкерлеріне ұдайы алғысын білдіруде. Олар Елбасына, еліміздегі жаңғырып, жаңару жолындағы ізгі істерге дән риза. Ризашылығын хатқа түйіп білдіргісі келетіндер де бар.

Иә, дүниедегі жалғыз қалудың азабын арқалап жүрген қарт адамдар арамызда аз емес. Біз көрген әлеуметтік қызметкерлер сондай жандардың қолғанаты, қамқоршысы. Мемлекет тарапынан жасалып отырған арнайы әлеуметтік қамқорлықтың арқасында жарым көңіл жандар жадырап, үміт отын жандырады. Өмірге сенімділік орнығады. Сан тарау қоғам өміріндегі сауапты да ізгілікті іс осындай-ақ болсын!

Амандық РАХҰЛЫ.

Суретте: бөлімше меңгерушісі Ғ.Әлин \оң жақта\ мен әлеуметтік қызметкер С. Мырзанбетова 93 жастағы Мария Баклеева әжейдің үйінде.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.