Аманат арқалаған Ана
Қалам – қасиет һәм қасірет. Қалам ұстағанның бойына қасиет дарып, жүрегіне қасірет ұялайды. Екеуі де – Ардың жүгі. Ал, Ардың жүгі – нардың жүгінен ауыр. Қасірет арқалап, қайғы шегіп кетпесек те, сөздің дерті жүйке-жүйемізді жүгендеп, буын-буынымызға бекініп алған. «Қауашағымыз» тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Ғайыптан шын кесел келіп, науқастана қалсақ, қуанатын да – біз. Өйткені, ауруханада ғана демаламыз. Қоғамдағы қым-қиғаш қайшылықтар мен босағадан сығалап, төрге телмірген тілдің күйін, ұнжырғасы еңкіш тартқан ұлттық рухыңды ауруханада ғана ойлауға мұршаң келмейді. Өз кеселіңмен ғана күресесің…
Біз бақытты екенбіз. Азаттықтың арайлы таңын көрдік. Тәу етер Тәуелсіздіктің бақытын сезіндік. Ал, ұлт көсемсөзінің көш басында тұрған ардақты ағаларымыздың көрген күн, кешкен тірлігін ой елегінен өткізіп көріңіз… Әсіресе, Қарағанды зиялылары… Айтарын айта алмаған, жазарын жаза алмаған соларды айт нағыз қасірет шеккендер деп. Бар шығармашылық қуатын қызыл империя көсемдерінің ішкен қанын қастерлеп, жеген нанын насихаттауға жұмсады-ау сол буын. Біздікі – бозда ойнаған тірлік оның қасында.
Менің марқұм Марал ағам да (белгілі публицист, аудармашы Марал Хасенов) – сол буынның өкілі. Атына сырттай ғана қанық болдым. Жерлес едік. Есімін мақтанышпен атап жүрдім. Жазған-сызғандарын қара танығалы жастанып жатып оқитынбыз. Енді дидарласып, дөңгеленген дүниенің дүбіріне қатар үн қосамыз дегенде, Ағам ғайыпқа аттанды. Кеш танысып едік, кең отырып, кемел сұхбат құруға Маркен ағамның келте ғұмыры қарайлатпады.
Мен қаңтарылып, жетім қалған қаламның шырақшысына айналған екі жесірді қатты құрметтеймін. Бірі – Арқа журналистикасының абызы, «Редакторлардың редакторы» атанған Рамазан Сағымбеков ағамыздың үйіндегі Роза апай, екіншісі – осы Марал ағамның асыл жары Рымбала Смаилова. Екеуі де – шырақшы. Қаламгерлер шаңырағының ғана емес, ұлттық рухтың шырақшылары. Екеуі де – жоқшы. Ұлттың жоғын іздеп жүр. Асыл ағаларымыздың аманатын арқалап келеді.
Жалпы, сөз басында айтып өткен қаламның қасиеті мен қасіреті қаламгердің өзіне емес, жарларына батады-ау деп қаламын кейде. Көтере алса, әрине. Ең әуелі қаламның қасиетін ұғынған әйел ғана оның қасіретін шегуде төзім таныта алады. Мен осы екі апамды да Ардың жүгін қайыспай арқалап, нардың қуатын танытқан қайратты жандар қатарына қосар едім.
Бүгінгі әңгіме – Рымбала апам жайында. Кәсіби мереке қарсаңында үнемі қаламгер ағалар туралы естелік жазып немесе көзі тірілерінің портретін сомдап жатамыз. Ұлт руханиятына орасан олжа салған қалам иелерінің кең көсіліп жазуына жағдай жасаған жарлары тасада қалып кете береді. Сондықтан да, осы жолғы мерекеде Марал Хасеновтің аяулы жары Рымбала апамды таңдадым.
Маркеңнің таланты – бөлек әңгіме. Орта мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Бауман атындағы Мәскеу техникалық университетіне барамын деген арманы ата-ана қарсылығына ұшырап, жолы кесіледі. Әке-шешесі «мойнына бұршақ салып», Алладан жалбарына тілеп алған жалғыздарын алысқа ұзатқылары келмеген. Содан ерегісіп, төңіректегі оқулардың ешқайсысына бармай, Жаңаарқа аудандық сауда бірлестігінде жүк тасушы болып еңбек жолын бастапты. Мінезді адамды мінеп шыға келеміз ғой. Бірақ, өзіндік принципі бар адамда ғана мінез болатынын кеш түсінеміз. Маркеңнің осы «қыңырлығы» оны журналистикаға алып келді. Аудандық газетте корректор болды. Тілшілік тізгінін ұстады. Жауапты хатшы болды. Жезқазған облысы құрылғанда облыстық газетке жауапты хатшының орынбасары болып барды. Ақадыр ауданы құрылғанда екі тілде жарық көретін аудандық газетке бас редактор болып тағайындалды. Қарапайым, талантты, білімді адам қай кезде де құрметке ие емес пе?! Осы қызметтің барлығында ол өзінің әділдігімен, турашылдығымен, еңбекқорлығымен елге жақты. Жасыратын несі бар, кейбір тік мінезі билік басындағылардың басын қатырып қоятыны бар-ды. Өзіміздің «Орталықта» да басшылық құрамда болып, басылымның мазмұнын байытуға сүбелі үлес қосты. Обкомның баспасөз секциясына жетекшілік етті. Не керек, үйдегіден түздегісі көп Маркеңнің бабын Рымбала апам тапты. Іссапардан аңсап келсе де, партияның жөнсіз тегеурінінен шаршап келсе де, қабағын бағып, қаламын баптап отырды.
…Апай екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ағамды сағынған екен, Маркең туралы естеліктен әріге бармады. Ағаның оқшау мінезін айтты. Шығармашылық шеберханасындағы қарбалас шақты баяндады. Кітапханасының бай екендігіне, әлі де жарық көрмеген қолжазбасының мол екендігіне аялдады. Өзінің ағамнан қалған аманатқа адалдық танытып, артында қалған мол мұрасын жаңғыртсам деп, «жарғақ құлағы жастыққа тимей» есік жағалап жүргенін есіне де алмады. Бірақ, біз білеміз ғой.
Білгенімізді, көргенімізді айтайық. Марал ағамыздан бақиға озғаннан кейін төрт кітабы жалғанның жарығына шықты. Рымбала апам шығарды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханадан арнайы бұрыш ашылды. Тағы да табалдырық тоздырып жүрген – Рымбала апам. Облыстық архивтен Марал Хасеновтің жеке қоры ашылды. Жаңаарқа ауданындағы Маркең оқыған мектептен қаламгер атындағы арнайы әдебиет кабинеті ашылды. Оны жасақтауға Рымбала апамның зейнетақысы жұмсалды. Тіпті, Марал ағаның аяқталмай қалған дүниелерінің біршамасын апам өзі тиянақтай салған. Олқы түскен жері жоқ. Елу жыл алақанға салып, қабағын баққан жарының жазу стилін де әбден меңгеріп алған екен. Көзге ұрып тұрған айырмасын таппай, бас шайқадық. Білесіздер, Марал Хасенов – Нобель сыйлығы лауреаттарының жауһар дүниелерін қазақ тілінде сөйлетіп, екі томдық кітап қалдырған аудармашы. Оның да ширегін Рымбала апам тәржімалай салған.
Марал ағаның алғашқы публицистикалық жинағы «Жүрек қанын сия қылған» деп аталды. Кітаптың осы атауында қаламгердің тағдыры тұр. Не жазса да, жүрекпен жазатын қаламгердің қаны сия болмағанда қайтсін… Артында қалған мұрасын жинақтау – өз алдына, тірлігінде бабы болмаған қаламгерді бақытты пенделер қатарына қоса алмас едік. Осы тұрғыдан алғанда, Марал аға – бақытты жан. Жан жары қаламын баптап, қадамын бақты. Бабын тапты, бағын жақты.
Өтелген парыздың ең өрелісі – Марал ағаның анасы Әлкен Оспанова туралы кітаптың жарық көруі. Бұл да соңғы нүктесі қойылмай қалған дүние еді. Анасы ҚазССР Жоғары Кеңесінің алғашқы шақырылымының депутаты болған, Жаңаарқа төңірегінде бірнеше шаруашылықтың шаңырағын көтеріп, уығын қадауға қатысқан қайраткер тұлға болатын. Маркеңнің соңғы демімен бірге үзілген үміті осы еді деп жүргенбіз. Дәл осы қастерлі парызды адал өткеріп, аудан орталығында тұңғыш депутатқа арналған конференция ұйымдастырған да – Рымбала апам. Әрине, сол кездегі аудан әкімі Ғабдрахман Омаров қолдау көрсетті. Апай Жаңаарқаның бұрынғы әкімі Ғабекеңнің де, қазіргі әкімі Юржан Бекқожиннің де есімін құрметпен атайды. Бірі ана есімін жаңғыртуға қолдау көрсетсе, екіншісі Марал Хасенов кабинетінің ашылуына септігі тиді.
Жалпы, Рымбала апай Марал ағамыздың мұрасын жаңғыртып, атының құрметтелуіне еңбек жасап жүрген Рымбала Омарбекова, Бақытқали Мұсабеков, Базарбай Әлеуханұлы, Сағат Батырханова, Жаңагүл Тұрсынова, Үмітхан Мұңалбаева, Бекзат Алтынбеков, Гүлнар Искакова, Қызғалдақ Айтжанова, Дархан Мұхан сынды ел азаматтарына дән риза. «Мені мақтап қайтесің, мақалаңда осы азаматтардың есімін аташы» деген-ді. Өтелген парыз туралы айтып, жазып отырып, өзім қарыз болып қалмайын Марал Хасенов – лайықты бағасын алмаған, мардымды марапат иеленбеген, қарапайымдылықтан айнымаған қаламгер. Жүрегін сауыт, қаламын найза қылып, жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Сонда да бақытты қаламгер. Артында шашылғанын жинап, асыл мұрасына шырақшы, жоқшы болып қалған Рымбаладай асыл жары бар.
…Апай редакцияға жиі соғады. Кабинетіме келіп «Уһ!» деп отыра кеткенде арқалап жүрген аманатының жүгі ауыр екенін сеземін. Марал ағамның жанбаған шырақтарын жағу үшін аман жүріңіз, Апа!
Ерсін МҰСАБЕК.