Жаңалықтар

Аман Жанғожин: Тағдырым газетпен тығыз байланысты

Жаңа жылмен жарыса, биыл қарашаңырақ, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің де жақсылықтың жаршысы болғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихында басылым аймақ өмірінің айнасына айналып, талай буын қаламгерді тәрбиеледі, өңір шежіресін хаттап келді. Осы жолда газетпен тағдырын тоғыстырған, оның өткені мен бүгініне көпір болып жалғаған ардагер журналистер бар. Солардың бірі – жарты ғасырға жуық ғұмырын баспасөзге арнаған, былтыр ғана сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген қаламгер, ардагер журналист Аман Жанғожин. Біз мерейтой қарсаңында аға буын өкілімен қаламгерлік ғұмыр, газет мектебі және уақыт тынысы жайлы аз-кем әңгіме өрбітіп едік.

Суреттер «Ortalyq Qazaqstan» газетінің қорынан

– Газетте өміріңіздегі алғаш­қы жарық көрген материалы­ңыз есіңізде ме? Ол Сізге не үйретті?

– Неге есте болмасын? Күні бүгінгідей есімде. 1960 жылы Қарағандыдағы №2 қазақ мектеп-интернатында 8-сыныпта оқып жүргенімде менің екі мақалам жарыққа шықты. Екі басылымда, екі тілде, екі жанрда дейінші. Бірақ оларды бөліп, жармаймын. Жалындаған жастық шағымыз. Гуманитарлық пәндермен қатар жаратылыстану пәндері де қызықтырады. Спортпен шұғылданамыз, боксқа қатыстық, класымызбен түгел дерлік шахмат үйірмесіне барамыз. Мен сол шахматтан ақыры спорт шеберіне кандидат болдым. Қазақ-кеңес әдебиетінің классиктері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер ақталып, қазақтың мәдениеті мен өнері шарықтау биікке көтерілген шақ. Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәпіш Шәріпова апай (ол кісі бұдан екі жыл бұрын 97 жасында қайтыс болды) оқулықтарға әлі ене қоймаған деректер келтіріп, рухымызды көтеріп қояды. Патриоттық сезім кеудеде лаулайды. Сол жылы дәл 1 мамыр күні американдық реактивті ұшақ еліміздің шекарасын бұзып, оққа ұшқан еді, ал, біраздан кейін совет ғалымдары ауыр корабль – спутникті ғарышқа ұшырды. Осы екі оқиғаны ұштастырып, сурет салып, мынадай өлең шығарып, редакцияға жолдадым:
Сен ұштың ұқсап жынды
көбелекке,
Кезіктің мендей отты кереметке.
Дейді біздің космостық
корабліміз
Күл болған американдық
самолетке.
Сурет пен бір шумақ өлең сол кездегі облыстық «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің 18 мамыр күнгі санында жарқ етіп, жария болды. Қуанышымда шек жоқ. Алғашқы табыспен жігерленген мен енді шахмат тақырыбына да мақалалар жаза бастап, алғашқысы сол жылы одақтық «Пионерская правда» газетіне шықты. Сөйтіп, ауызданған мен мектепте жүріп-ақ, журналистика жанрларына әуестік таныттым, ақыры осы әуестік мені 1974 жылы «Орталықтың» құтты шаңырағына алып келді …

– Сіз журналистикаға келген кезең мен бүгінгі уақыттың айыр­машылығы неде деп ойлайсыз?

– Мен мұндай сұраққа бұрын да бір жауап бергенім бар. Соны сәл ғана өзгертіп қайталайын. Көзімізді тырнап ашқалы бері білім нәрін тек газет пен кітап беттерінен сіңіретін едік қой. Ол шақтарда бүгінгідей көл-көсір ақпарат ағыны жоқ-тұғын. Газет пен кітап бізге бәрін берді десек болады. Тұтас қауымды тәрбиелейтін құрал газет пен кітап болатын. Ол кезде журналист шындықты бұқара халыққа жеткізіп, ел өміріне айтарлықтай әсер ете алатын қастерлі мамандық болатын.
Қазіргі журналистика айтарлықтай өзгерді. Бір жағынан, технология жаңа мүмкіндіктер берді. Интернет, әлеуметтік желілер, ақпаратқа жедел қолжетімділікті айталық. Екінші жағынан, журналистиканың алдында кесе-көлденең тұрған жаңа қиындықтар да жоқ емес. Жалған жаңалық, сан түрлі мүдделер қақтығысы мен қысымы. Бүгінгі журналист гаджетте болсын, газетте болсын, ең бастысы – оқырман алдындағы адалдық пен жауапкершілікті есте сақтауы бәрінен маңызды деп есептеймін. Жалпы, бүгінгі журналистика бұрын-соңды болмағандай «тірі» және серпінді болуы қажет. Цифрлық дәуірде, әр сәт жаңа дерек пен оқиғаны алдыңызға тосатын кезде, журналист өзгеріс пен трендтен хабардар болуға міндетті. Бүгінде интернет жаңалығының тұтас аудиториясы 4 миллиардтан асты. Бұл өз кезегінде сандық мазмұнның ерекше маңыздылығын көрсетеді. Бірақ, бұрнағы бейтараптылықпен қатар, журналистикаға арагідік субъективтілік қажет. Журналистің дауысы анық және сенімді болуы маңызды. Жеке пікір, сараптамалық түсініктемелер және болжамдар материалды бірегей және есте қаларлық етеді. Газет пен гаджет қатар жүруі керек. Баспа басылымдары оқиғаларды мұқият және терең талдау арқылы өзектілігін сақтайды. Бүгінгі журналистика – бұл ескі және жаңа, баспасөзі мен сандық мазмұнның, объективтілік пен субъективтіліктің симбиозы. Тәжірибе жасаудан қорықпау, ақпаратты жеткізудің жаңа формалары мен тәсілдерін іздеу маңызды. Бұл тез өзгеретін әлемде сұранысқа ие және өзекті болып қалудың жолы. Бірақ, сөз бен сенсация арасындағы шек маңызды.
Мен жас журналистерге табанды және адал болуды тілеймін. Қиындықтан қорықпаңыз­дар, шындықты іздеңіздер және әрқашан қоғам алдындағы жауапкершілікті есте сақтаңыздар. Өз принциптеріңізге адал болыңыз­дар, сонда ғана табысқа жетесіздер.

1974 жыл. Журналистер Шәмші Қалдаяқовпен бірге «Орталық Қазақстан» газеті редакциясының бұрынғы Чкалов көшесі, 3-үй мекенжайы маңындағы саябақта. Алдыңғы қатарда сол жақтан журналистер Қайыркен Сұлтанов, Аман Жанғожин, Шайхан Жандаев, Шәмші Қалдаяқов, Тілектес Арыстанбекова және редактордың орынбасары Масғұт Халиоллин

– Биыл біздің газеттің 95 жыл­дық торқалы мерейтойы. Осы басылымның сіздің тағдыры­ңыздағы орны қандай?

– Жоғарыда айтқанымдай, мен газеттегі тәй-тәй қадамымды 1974 жылы бастадым. Содан бері төл басылымнан қол үзбей келемін деуге болады. Арасында партиялық, мемлекеттік қызметке ауысқанда да баспасөз, тілдерді дамыту саласында қызмет атқарып, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болдым. Оқырманы болдым, аппаратының қызметкері болдым, әлі де жанашырымын. Тіпті, төселе келе, тәжірибе толысқан тұста газеттің өткен-кеткен тарихын жазатын дәрежеге де жеттім. Оның дәлелі газеттерде жарияланған көптеген зерттеу мақалалар мен жекелеген қаламгерлер туралы суреттеме, очерктер, «Аймақ өмірінің айнасы» (1997) ж.), «Ақпарат айдынында (2001ж.), «Сексен жыл халықпен бірге» (2011 ж.), «Тоқсан жыл топта толғаған» (2021 ж.) жинақтары мен «Орталық Қазақстан»: бұрын, кеше және бүгін (2011 ж.) ақпараттық анықтамалығы. Сондықтан, бұл газетпен менің тағдырым тығыз байланысты.
1981 жылы сол кездегі бас редакторымыз, тарих ғылымдарының кандидаты, талай редакторлардың редакторы болған Рамазан Сағымбеков ағамыз кейін осы газеттің тізгінін ұстаған Мағауия Сембаев екеумізді газеттің 50 жылдығына арналған мерекелік арнаулы нөмірін шығаруға баулыған еді. Макетін жасадық, тұңғыш рет офсеттік әдіспен түрлі-түсті газет шығардық. Мәскеу мен Ленинградқа іссапарға жіберіп, газеттің алғашқы сандарының фотокөшірмесін, басқа да материалдар әкелгенім бар. Содан бері әрбір бес жылда газеттің туған күні – 4 қазан қарсаңында арнаулы нөмір шығару дәстүрімізге берік енді. Енді міне алдымыз­да – Тоқсан бес жылдық торқалы той!
Газеттің қатпар-қатпар тарихы бар. Еліміз қандай оқиғаларды бастан кешірсе, соның барлығын газет шежіре қылып жазып, ғасырдың дәуірнамасын жасады. Басылым – индустриаландыру, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс, тың игеру, алып құрылыстар салу, қайта құру, Қазақстанның тәуелсіздігі сынды көптеген тағдыршешті тарихи оқиғалардың куәгері. Оның сарғайған беттерін ақтара отырып, қаншама оқиғалар мен адамдарға кездесіп, сол кезеңдерді ой елегінен өткізесіз. Осы газетті шығарған журналист-қаламгерлердің тағдыры да оңай болмаған. Соғыста қаза болып, жазықсыздан-жазықсыз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандар бар. Оларды кезінде газет бетіне жариялап, жинақтарға енгіздік те. Бірақ, газеттің тарихын, оны шығарған қаламгерлердің тағдырын әлі күнге дейін толық анықтап біткен жоқпыз.
Бір-екі мысал келтірейін. Талмай жүргізген журналистік зерттеу­леріміздің барысында 30-жылдары газетіміздің редакторы болған Сейілбек Үсенов деген азаматтың Пет­ропавл қаласына облыстық газет редакторы болып ауысқаннан кейін жазықсыз жапа шегіп, атылғанын анықтадық. Аты шулы «Қарағанды ісі» бойынша газет редакторының орынбасарлары Мұхамеджан Құлмағамбетов пен Есіркеп Қалымбетов те ату жазасына кесіледі. Хамит Садықов Жұмабай Орманбаев, Темірғали Нұртазин, Жұмағали Сәрсеков, Пісбек Жұманов, Жұмағали Кетіков сынды редакторларымыз да түрлі жазаға ұшырады («Ойранды жылдардың оғландары», кітапта: «Тоқсан жыл топта толғаған»). Кейінгі жазбалардан га­зеттің негізін қалаушылардың бірі Аманжол Бұқарбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдары көзсіз ерлік көрсетіп, қаза болғанын, оның 1932 жылы газетте жарияланған материалдары табылғанын жазған едік («Жау­жүрек жауынгердің қаламгерлік қырлары», ОҚ, 28.06. 2025 ж.). Немересі журналист Гүл­нар Бұқарбаева сол материалдар­ды жариялап, кітап етіп шығару қа­мында. Артында іздеушісі ба­ры қан­дай жақсы. Ал іздеушісі, не ту­ған-туыс­тары жоқ 30-жылдары Баянауыл газетінің редакторы болған Жамақ Уәлиевтің есімі мүлде ұмыт қалған («Халық жауы» атанған редактор» ОҚ, 20.12.2025 ж.).
1991 жылғы тамыз бүлігінде билікке қасқайып қарсы шыққан, өз арамызда «қаһарман» атанып кеткен Нұрмахан Оразбеков, ширек ғасыр басшы болып, «ХХ ғасырдың жиырмасыншы редакторы» атанып кеткен Мағауия Сембай сынды асыл азаматтардың есімін қалай еске алмассың?! Сондықтан, мұндай жұмысты жалғас­тыру аға буын – біз бен құрметті жас журналистер, сіздердің қасиетті парыздарыңыз. Газеттің әрбір мерекесіне тың материал табу да игі дәстүріміздің бірі.
Өз басым бір-екі адамның тағдырына қатысты материалдардың ізіне түстім. Архив қызметкерлері, кейбір шенуніктер кедергі жасамаса оқырман назарына ұсынармын. Архив деп отырғаным, бұрын зерттеуші журналистерге ешқандай кедергі болмаушы еді. Мемлекет басшысы саяси қуған-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында мемлекеттік комиссия құрғанда бүкіл құжаттар Президент архивіне тапсырылыпты. Ал, ондағылар Тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1993 жылы шыққан заңға сүйеніп, құжаттарды ең жақын туыстарына ғана береміз деп отыр. Біздің заңдар бір-біріне осылай қарама-қайшы келетіні бар. Жарайды, оның да бір жөнін табармыз.

– Сізше «газет мектебі» деген ұғым бар ма? Ол қалай қалыптасады?

– Иә, ондай ұғым бар. Меніңше, «газет мектебін» бас редактор­лар қалыптастырады, мен ол жағынан тамаша басшыларға тап болғанымды жасырмаймын. Жоғарыда аталған Рамазан Сағымбеков, партия қызметінде болған Тілеу­хан Жүсіпов, қаһарман Нұрмахан Оразбековтер менің ұстазым болды. Замандасым Мағауия Сембай бір сұхбатында былай деген екен: «Рамазан ағай қаламыма бас білдірді. Дұрыс соқпаққа салды. Нұрағаң мен Шерағаң батыл жазуға, тайсалмауға баулыды». Шерағаның қол астында істемесем де, бұл айтылғандарға мен де қосыламын, алып-қосарым жоқ.

– Сөз соңында оқырманға айтар тілегіңіз?

– Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын. Ел тыныш, жұрт аман болсын. Ал, газет оқырманынан ажырамай, қоғамға адал қызмет ете берсін.

Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button