Бас тақырыпБәрекелді!

Алыптар сыйлығы – Арқада

Ару шаһар Алматыдан ақжолтай хабар жетті. Қос бірдей жерлесіміз «Жалын» журналының әдеби сыйлығына ие болды. Атап айтсақ, іргелі басылымның дәстүрлі Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлығын жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құлтөлеу МҰҚАШ алса, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫНА бұйырды. «Ortalyq Qazaqstan» газетінде жемісті еңбек еткен қаламы жүйрік қос қаламгердің жеңісі мерейімізді асырды.

Суреттер Қ.Мұқаш пен Ж.Жаңқашұлының жеке мұрағатынан алынды

Мұхтар Шаханов сынды аңыз ақын басшылық ететін көпжылдық тарихы бар журналдың бұл сыйлығын алу шығармашылық ізденісте жүрген қалам иелері үшін – үлкен мәртебе. Өйткені, «Жалын» журналының сыйлығын алмақ түгілі оған жазған дүниелеріңнің шыққаны да бөлек әңгіме.

– Бұл сыйлықтар жыл сайын төрт қаламгерге беріледі. Үшеуі проза мен публицистикаға, біреуі жасы 35-ке дейінгі ақынға тағайындалады. Биыл жасына да, санына да қарамай Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықты үш ақынға беріп отырмыз. Бұл сыйлыққа ие болғысы келген қаламгерлер өз шығармаларын суреті һәм қысқаша өмірбаянымен қоса, «Жалын» журналына жолдауы тиіс. Жыл аяқталған соң жеңімпаздар анықталады, – дейді аталған әдеби басылымның Бас редакторының орынбасары Құдияр Біләл.

Қаламы қарымды көсемсөзші, дарынды жазушы Құлтөлеу Мұқаш ағамызға бұл сыйлық журнал бетінде 2021 жылдың No12 санында жарияланған «Ақжолтай» хикаяты үшін берілген. Ал, Жанат Жаңқашұлының аталған сыйлыққа ие болған «Бұлтты жарған күн құсап күлуіңе болады…» өлеңдер топтамасын да журналдың осы санынан оқи аласыздар.

Әріптестерімізді қол жеткізген жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button