Жаңалықтар

Ғалымның көркем әлемі

Евней Бөкетов өз заманының қоғамдық сипатын публицистика тілімен айқындап, бейнелеп кеткен қаламгер. Кеңес заманында өмірге келіп барлық саналы ғұмырын сол қоғамның даму, өсу, өркендеу кезеңдеріне бағыштаған, сол дәуірдің шындығы мен ақиқатын боямасыз көрсеткен ғалым-публицистің шығармашылық мұратының қандайлық дәрежеде екендігін өмір көрсетті. Қазіргі кезде кеңестік замандағы әдебиет пен тарихтың денін мансұқ етуге, даяр топтың барын да уақыт дәлелдеп отыр. Бұл мақала ең бірінші сондай ойдағы адамдарға нақты жауап болып табылмақ.

Сурет автордан

Евней Бөкетов публицистикасының бір ерекшелігі – сол әсіре қызыл науқаншылдықтан белгілі дәрежеде адалдығы, әрі салқын қандылығы болып табылатындығында. Өмірде саясатқа да, заңға да белгілі бір жүйеге де бағынбайтын, тек бүкіл Адамзат тіршілігіне ғана ортақ ізгі қасиеттер болады. Олар Адамгершілік, Адалдық, Ізгілік атты ұғым төңірегінде үйлесім тауып, қоғам дамуының негізгі тетігі ретінде бейбіт өмірдің баяндылығының алғышарттарын жасайды. Кез келген қоғамның прогрессивті бағытты ұстанатыны белгілі. Кеңес мектептерінде тәлім алған оқушылардың бірі осы зерттеудің авторы. Біздің ұстаздардан алған тәліміміз: Отанды сүю, ата-ананы қадірлеу, өтірік айтпау, ұрлық жасамау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ең ізгі қасиеттер емес пе еді. Мәселен, жастарға арналған «Сыйлас, сырлас, көмектес…» атты мақаласында: «Сыйласу, сырласу, көмектесу – өсер жастың жан серігі, ең мықты буыны. Сол буынға ақау түсірмеңдер, жас қауым!», – деген сөзінен қандай коммунистік астар іздеуге болады?!
Мұның астарында керісінше Абай тағылымы, Абай өсиеті жатқан жоқ па?! «Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз», «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деген Абай сөзі Бөкетов публицистикасында дәуір тынысына сай орайлас­тырып айтылып тұрған жоқ па?
Евней Бөкетов публицистикасы дәуір талғамына сай, соны пайымдау жаңа ұғымда айтылуы жағынан қазақ публицистикасының көсемдері А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің дәстүрлі сабақтастығын жалғайды. Дей тұрсақ та, публицист Е.Бөкетов­тің өзіне тән даралық сипаттарын айырып қарағанда, көптеген дәлелдер келтіруге болады.
Біріншіден, Евней Бөкетов кез келген тақырыпқа қалам сүйкей бермеген публицист. Ол тек өз парасат-пайымындағы толғауы жетіп, пісіп жетілген дүниелерді ғана ой таразысында екшей отырып, сол мәселе болмысының табиғатын жан-жақты ашып көрсете білген.
Екіншіден, мәселе етіп көтерген кез келген проблемасын, ғылыми негізде тұжырымдай отырып, одан шығудың концепциялық жолдарын қоса ұсынады.
Үшіншіден, публицистикалық шығармаларының қай-қайсында болмасын дидактикалық әсер, романтикалық сезім сияқты әсіре қызыл мінез жоққа тән. Келелі пікір, ғибратты қағидалары әр ойының мазмұнын айшықтап, көркемдігін арттыра түседі.
Төртіншіден, публицист шы­ғар­машылығының мәні қоғамдық қажеттіліктен туындауымен, оқыр­манның заманға сай рухани қажеттілігін қанағаттандыруымен құнды.
Замана үрдісі мен қоғамдық болмыс өлшеміне байыпты көзқарас, байсалды пікір айта білген Евней Бөкетов алғы күндердің еншісіне лайық, өміршең публицистикаларын қалдырумен ерекшеленеді. Мысалы: «Табиғат – тіршілік көзі», «Табиғат-Ананы аялай білейік», «Щедрость земли», «Қарағанды химиясы және оның болашағы», «Өндіріс пен ғылым – егіз» сияқты көкейкесті мәселелерді қозғайтын мақалаларының проблемалық қуаты бүгінгі күні де, болашақта да өз маңыздылығын жоғалтпақ емес.
Жастарды мәдениеттілік пен эстетикалық тәлім-тәрбиеге баулитын ағартушылық көзқарастағы Евней Бөкетов шығармаларын орта мектептер мен жоғары оқу орындарында педагогика-психология пәндеріне қосымша арнайы курс ретінде пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бір адамға жетерлік мансап пен атақ-абыройы бола тұра, шығармашылық салада өзін соншалықты қарапайым сезінуі, қаламгерлік қасиетінің тағы бір қырын танытқандай. Әрқашан да, адамзат ақыл-ойының данышпандарын тіліне тиек ете сөйлейтін автор өзінен гөрі, өзгелердің келелі пікірін алғышарт ете сөйлеуі, қаламгер болмысының азаматтық, адамгершілік сипатын аңғартады.
Евней Бөкетов өз дәуіріндегі Қазақстан ғылымының белгілі бір уақыт ішіндегі болмыс-бітімін, тарихи бедерін насихаттаушы емес, сол саланы еркін меңгерген, зерттеген ғұлама ғалым ретінде қазақ публицистикасы тарихында өзіндік орны бар қаламгер екендігін танытты.
Евней Бөкетов публицистикасын жүйелеп келіп, оны негізінен үш кезеңге бөліп қарастырамыз.
1952-1962 жылдарды қамтитын бірінші кезең қаламгерлік қарымының қалыптасып, өсіп-өркендеу жолдарын көрсетеді. Бұл кезеңдегі шығармалары негізінен әдебиет пен өнер тақырыбы аясында өрбіп, публицист қаламынан аударма, сын-рецензия сияқты көптеген мақала, заметкалар жарық көрді.
Шығармашылығының екінші кезеңін 1963-1973 жылдар аралығында алып қараған дұрыс. Өйткені, бұл жылдар – қаламгерлік қуатымен қоса азамат ретіндегі толысып, кемелденген кезеңі.
Алпысыншы жылдардың аяғында жазылған «Аққан жұлдыздан құс жолына дейін» атты мақаласы мен жетпісінші жылдардағы «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін» атты мақалалар аралығы ­Евней Бөкетов қаламының қуаты мен шабытының кемелденген кезеңін көрсетеді.
Евней Бөкетов шығармашы­лығының үшінші кезеңі 1973-1983 жылдардағы, яғни, өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі жазған дүниелері жатады. «Жетпісінші жылдары академиктің жарқырай ашылып, жалындай лапылдап келе жатқан, таланты іші тар көрсоқырлардың қызғанышын өршіте бастаған еді», – деп жазды Жайық Бектұров өз естелігінде.

Қойлыбай Асан,
филология ғылымдарының докторы,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры,
бөкетовтанушы ғалым

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button