Қалымбет атаның жұрағаты
Босағаң берік болсын! Қазақта қиялыңа қанат бітіретін осындай мәйекті мақал бар. Ал, берекесі тасыған, шаңырағында шаттық шалқыған босағасы берік отбасы қайдан шығады? Титімдей табыстың берекесін келтіріп, бала–шағаға түзу тәрбие беру үшін қандай білім мен ғылымға сүйену керек? Бұрын біздің ата–әжеміз психология мен пәлсапаны зерттемей-ақ, отбасы мен отанын сүйетін, еңбекке адал, достыққа берік өрелі де өнегелі ұрпақ тәрбиелеген.
Сұрапыл соғыс басталғанда Қалымбет небары 13-14 жаста екен. Еңбекке ерте араласып, тыл жұмысына жегілген. Кейін метрикесіне “1926 жылы туған” (негізі 1928 жылғы) деп жазғызып, кеншілікке кірген. Содан зейнеткерлікке шыққанша шахта шыңырауының шаңын қағып, кен қопарды.
1952 жылы Нағимамен бас қосып, шаңырақ көтерді. Ата-ене, үлкенге деген құрметтің кіршіксізі сондай, тұңғышы Төлеубайды әкесіндей болған ағасы Өксікбайға аманаттап, Қалила кейуананың бауырына салады. Төлеубай өзінің шынайы тегін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанар алдында бір-ақ білген екен. Соған дейін сыр болып сақталған. Бар ауыл, барлық бауырдың білгені анық. Бірақ, үлкеннің көңілі мен қабағына қарағандықтан ешбір жан жақ ашпаған. Шынайы сыйластық деген осы шығар, бәлкім.
Қалымбет пен Нағиманың шаңырағында Төлеубайдан кейін он бала жарық дүниеге келген. Сол он бір баланың оны аман-есен ер жетіп, отбасын құрып, ата-анадан көрген өнегесі мен алған тәрбиесі арқасында үлгілі ұрпақ өсіріп жатқан жайы бар. Он баладан 29 немере сүйіп, 44 шөбересінің алақанынан су ұрттаған Нағима әжей үлкен үлкен қарашаңырақтың ұйтқысы, берекесі болып отыр.
2003 жылы Қалымбет атаның ұрпағы ата мен әженің Алтын тойын дүркіретіп атап өтті. Сонда ол:”Тағдырыма ризамын. Ғибратты ғұмыр кешіп, өнегелі ұрпақ өсірдік. Енді, алам десе, Аллаға ризамын» деген еді. Алла тағала айтқанын қабыл алып, 2004 жылы 76 жасында дүниеден озды. Бақыт деген осы шығар! Өкінбейтіндей өмір сүріп, жолыңды жалғастыратын, атыңа кір келтірмейтін ұрпақ тәрбиелегеніңді сезіну қандай ғанибет!
Биік шаңырақ, берік босаға деген осы болар.
Әлібек ӘБДІРАШ.