Ғалым. Новатор. Ұйымдастырушы
2018 жылдың 3 тамызында Қазақстанның академиялық қоғамдастығы өмірін ғылым мен ағарту ісіне арнаған көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан жоғары мектебінің ұйымдастырушысы, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметовтің 85 жасын тойлайды. Ол Орталық Қазақстан өңірінің негізгі жоғары оқу орны – Қарағанды мемлекеттік университетінің дамуына баға жетпес үлес қосты.
Зейнолла Молдахметұлының кәсіби қызметі Қарағандымен тығыз байланысты. Ғалым шахтерлар астанасына келгенде ғылыми және педагогикалық жұмысының бірқатар тәжірибесі болды. Сол кездің өзінде ол Мәскеудің М.Ломоносов атындағы Химия-технология институтының аспирантурасында оқып жүргенде табысты еңбек етті (1959-1962ж.ж). Талантты химик-экспериментші Кеңестік ғылыми химия мектебінің үздік педагогтарының басшылығымен талай тәжірибе алмасып, іргелі ғылымды меңгерді. «Мен оларға орны үлкен зерттеушілік қызметім үшін қажетті білім көлемі, дағды және ғылыми ізденісім үшін борыштымын», – деп баға береді Зейнолла Молдахметов сол жылдарды еске алғанда. Физика-математика ғылымдарының ғылыми дәрежесін алу үшін «Молекулалардың тербелмелі спектрлерінің екінші қатарының күйін зерттеу» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы жаңашылдығымен және ғылыми идеясының тереңдігімен әріптестерінің назарын аудартты. Ғалымның бұдан кейінгі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі, Целиноград педагогикалық институтындағы оқытушылық, ғылыми және әкімшілік іс-әрекетіне лайықты баға беріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚазССР-нің Ғылым Академиясының «Ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін» грамотасымен марапатталды. Қарағандыдағы ҚазССР ҒА Химия-металлургия институтының қабырғасында З.Молдахметов Қ.Сәтбаев, В.Грузинов, В.Михайлов, Е.Бөкетов, Ә.Сағынов сияқты танымал академиктердің ықпалымен көрнекті химик-ғалым ретінде қалыптасты.
Диссертациясын табысты қорғап, ғылым докторы атағын алғаннан кейін З.Молдахметов еңбек жолын Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректорлықтан бастады. Алғашқы күннен бастап ол ҚарМУ ректоры, академик Ебіней Бөкетовпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, барлық бастамаларына қызу қолдау көрсетті. Ебіней Арыстанұлы әріптесін талантты ұйымдастырушы әрі ғалым ретінде бағалағанын білеміз. Өзінің «Грани творчества» (Шығармашылық қырлары) атты кітабында ол профессор Молдахметов туралы «микроәлем табиғатын ашатын жаңа ғылымның, квантты химияның майталман маманы» деп жазды. 1975 жылы З.Молдахметов тиімді ғылыми-педагогикалық жұмыс тәжірибесіне орай Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры болып тағайындалды.
1980 жылдан Зейнолла Молдахметұлы Республикада және шетелде Қазақстанның екінші жоғары оқу орны ретінде танылған ҚарМУ-ды басқарды. Айта кету керек, оқу орнының бірінші ректоры әрі негізін салушыдан кейін басшылықты қолға алудың құрметімен қатар, қиындығы да бар еді. Айналасына үзеңгілес мықты ұжымды жинай білген көрнекті ұйымдастырушы әрі ғалым Е.Бөкетов ұстап тұру және әрі қарай дамыту қажет болған университетті дамытудың негізгі ұстанымдарын қалады, жоғары ғылыми және білім стандарттарын орнатты. Профессор Молдахметов осы бір үлкен міндетке асқан жауапкершілікпен қарап, уақыт көрсеткендей, университет құрылысын жалғастырған ҚарМУдың алғашқы ректорының лайықты ізбасары болды. Оның жеке бастамасы бойынша кейін Қарағанды мемлекеттік университетіне ҚазССР ҒА академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің аты берілді.
Қарағанды мемлекеттік университетінің басшысы кезінде Зейнолла Молдахметұлының бірегей ұйымдастырушылық таланты толық қырынан ашылды. Оның әкімшілік және ғылыми іс-әрекетінің негізгі ұстанымдары біртұтас ұстаным, сындарлы стратегиялық шешім, негізділік және мақсатты логикалық тұжырым болды. Республикадағы екінші университет ректоры статусының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, З.Молдахметов университетті дамытудың өзекті проблемаларын батылдықпен әрі табандылықпен шешуге бел шеше кірісті.
Бірінші кезекте инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі туындаған университеттің материалдық-техникалық базасын әрі қарай дамыту міндеті қойылды. Ірі ғалым әрі білгір басшы ретінде З.Молдахметов оқу процесінің өту деңгейі мен сапасы ЖОО-ның оқу және ғылыми-зертханалық базасына тікелей байланысты екенін түсінді. Зейнолла Молдахметұлының басшылығымен ҚарМУ құрылысының күрделі мәселелерін шешу мен инфрақұрылымның жаңа маңызды нысандарын тапсыру, оқу процесін ұйымдастыру мен ғылымды дамытуды ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды жасау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
Нәтижесінде, Қарағандыда заманауи университеттік кампустың архитектуралық ансамблі қалыптасты. Кең, төрт қабатты ҚарМУ-дың бас корпусы салынды. Биология және физика факультеттері оқытудың қажетті техникалық құралдарымен, лингафон кабинеттерімен, оқу залдарымен жабдықталған жаңа оқу-зертханалық корпустарына ие болды.
1982 жылы студенттік шығармашылық әлеуетті дамытуға мүмкіндік берген Студенттердің мәдениет сарайының ашылуы университет өміріндегі айтулы оқиғаның бірі болды. Зейнолла Молдахметұлының қажырлылығының және студент жастар үшін жағымды жағдай жасаудағы бұлжымас қамқорлығы арқасында студенттік жатақханалар мен санаторий-профилакторий пайдалануға берілді. Қаржыны оңтайлы пайдалана отырып, университет басшылығы студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетті.
1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін ұйымдастыру кезінде Министрліктің өзі қарастырған археология және этнография мұражайы ашылды.
Ректордың үлкен еңбегі ҚарМУ ғалымдарының зерттеулерінің деңгейі мен сапасын арттыру үшін қажетті заманауи ғылыми-тәжірибелік база қалыптастыруда болды. З.Молдахметовтің талабымен бірегей жабдықпен толыққан аспаптар паркін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, жабдықтардың көп бөлігі шаруашылық шарты есебінен табылған қаржы арқылы алынды. Университетте ең жаңа технологиямен жабдықталған есептеу орталығы жұмыс істеді, патенттік-ақпараттық және метрологиялық қызмет ұйымдастырылды.
Зейнолла Молдахметұлы ректор болған жылдары университет ғылыми-әдістемелік және техникалық қамсыздандырудың жоғары деңгейінде болды, оған оқу процесінің ойластырылған логикасы, оның барлық жақтарының бірлігі тән.
Ректордың барлық әрекеті ғылым мен білімнің ұштастығын терең түсіне білуге негізделді. Әкімшілік пен басшылықтың қайталанбас стилін меңгерген З.Молдахметов отандық ғылымға пайда әкелуге деген ұмтылыспен біріккен жоғары білікті профессорлық-оқытушылар ұжымын қалыптастыруды жалғастырды. Ректордың кадрлық жұмысының басым бағыты ЖОО-ның ғылыми әлеуетін арттыру болды. Оқытушыларды ғылыми өсіру қажеттілігі бәрін, тіпті, ЖОО-ның барлық ұжымының нәтижелі іс-әрекетіне жол ашқан танымал емес, кадрлық және әкімшілік шешімдерге дейін анықтады. Үлкен оқу жүктемесіне қарамастан, жас ғалымдар үшін зерттеулер жүргізіп, диссертация қорғау үшін барлық жағдай жасалды. 1983 жылы ЖОО-дан кейінгі білімді ұйымдастыру, докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғауды бақылайтын аспирантура бөлімі құрылды. Оқытушылар Алматы, Мәскеу, Ленинград, Одессаға және КСРОдағы жетекші ғылыми орталықтарға күндізгі аспирантураға оқуға жіберілді. Зейнолла Молдахметұлы туралы әріптестері «ол оқытушылардың ғылыми зерттеулерінің ілгерілеуіне жетекшілік етті, пайда болған міндеттер мен проблемаларды шешуге көмектесті, ғылымның өзекті, басым проблемаларын әзірлеуде ғалымдарды ізденіске бағдарлады» деп еске алады. Сондай-ақ, профессорлық-оқытушылық және көмекші құрамды оның жаңа мүшелері – докторлармен және ғылым кандидаттарымен толықтыру тәжірибеге кеңінен енді.
Зейнолла Молдахметов ректорлық қызмет атқарған жылдардағы жоспарлы жұмыстың нәтижесінде университеттің ғылыми-педагогикалық кадрының айтарлықтай артуына қол жеткізді. Ғылым докторлары 7 адамнан 15-ке, ал, ғылым кандидаттары 169-дан 251 адамға жетті. Осылайша, оқу орнында әжептеуір ғылыми әлеует қалыптасты, соның арқасында жалпы ғылыми бағыттар белсенді түрде дами бастады.
Профессордың химия және физика факультеттерінің ғылыми мектептерін құрудағы ерен еңбегінің арқасында олар еліміздегі жетекші орталықтарға айналды, ғылыми бағыттары бойынша көшбасшылардың қатарына енді.
Ірі ғалым Зейнолла Молдахметұлы химия мен физика ғылымдарының қабысқан тұсында қиын әрі болашағы зор салада өнімді еңбек етті. Қазақстандағы жетекші кванттық химия мектебінің негізін қалады. Зейнолла Молдахметовтің көрегендігінің арқасында Қазақстанда алғаш рет ҚарМУ базасында кванттық химия кафедрасы ашылды, ал, 1988 жылы химия-физикалық зерттеу әдістерінің зертханасы құрылды. 1980 жылдан бастап ол Қазақ елі үшін ғылымдағы жаңа бағыт – кванттық химия және спектроскопия бойынша зерттеулер жүргізді. «Органикалық молекулалардың фотофизика және фотохимиясы», «Жылдам жүретін үрдістердің теориялық қолданбалы спектроскопиясы», «Қатты дененің кванттық химиясы», «Еркін радикалдардың радиоспектроскопиясы» тақырыптары бойынша Б.Минаев, М.Жұрынов, Г.Кецле, С.Безносюк және А.Масалимов сынды белгілі ғалымдармен бірлесе жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасады.
Бұл зерттеулердің нәтижесі біздің еліміз үшін ғана маңызды емес еді. Ғылыми ортадағы қарағандылық ғалымдардың атақ-абыройының арқасында 1982 жылы химия факультетінің базасында теориялық химия бойынша жалпыодақтық мектеп ашты, ал, келесі жылында кванттық химия мен спектроскопияның жалпыодақтық мектебі ашылды. ҚарМУ фотохимия бойынша республикалық ғылымипрактикалық конференцияның өтуіне ұйытқы болды.
Профессор Зейнолла Молдахметұлының ғылыми қызметінің нәтижесі ретінде «Триплеттік күйдің оптикалық және магниттік қасиеттері», «Алкалоидтардың кванттық электрохимиясы», «Электрондық құрылым теориясы» фундаменталды монографиялық жұмыстары жазылды. Оның жетекшілігімен жүргізілген зерттеулер өздерінің бірегейлігімен, жаңашылдығымен ерекшеленіп, авторлық куәліктер мен өнертапқыштық патенттеріне ие болатын. Университеттегі сегіз жылдық жұмысында академик 98 ғылыми жұмыс жазды. Тиімді басшылық жасайтын, шаруақор Зейнолла Молдахметұлы өзінің зерттеулерін индустриалды Орталық Қазақстан аймағының нақты экономикалық қажеттіліктеріне бағыттады. Бұл зерттеулердің өндіріске шығу мүмкіндігі аса жоғары еді, ғылыми зерттеулер көбінесе шаруашылық келісімі есебінен жүргізілетін. Олардың негізінде оқу-ғылыми-өндірістік бірлестіктер, кафедра филиалдары ұйымдастырылды. Ректордың тынымсыз еңбегі нәтижесіз қалған жоқ. Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми әлеуеті артып, түрлі қолданбалы зерттеулер, тәжірибелікқұрылымдық және технологиялық жұмыстарды жүргізуге тең мүмкіндік ашылды, білім беру, ғылым, мәдениет пен өндіріс саласында шаруашылықкоммерциялық қызметтер де кең көлемде атқарыла бастады. 1981-1985 жылдары университет 48 тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми жаңалықтарды енгізу нәтижесінде рубль оқу орнының қазынасына 1 млн. 968 мың толтырды. Тапсырыс берушілердің қатарында еліміздің ірі деген кәсіпорындары болатын. Олардың қатарында Қарағанды металлургия комбинаты, Қарағанды резино технологиялық зауыты, «Қарағандыкөмір», «Карбид», «Қарағандыцемент» өндірістік бірлестіктері, Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылымизерттеу және жобалық институттары, Солтүстік Қазақстан геология, Петропавлдағы аз литрлі қозғалтқыштардың зауыты, Жәйрем кен байыту комбинаты, «Екібастұз», Жезқазған және Балқаш тау-кен металлургиялық комбинаты бар. Қарағандылық ғалымдардың өнімдері ел ішінде ғана емес, оның сыртында да үлкен сұранысқа ие болды. Газ разрядты лампалардың Полтавалық зауыты, «Азот» ғылыми-өндірістік бірлестігі, Жарық көздерінің арнайы конструкторлық технологиялық бюросы (Донецк қ.), «Химавтоматика» ғылыми-өндірістік бірлестігі (Мәскеу қ.), Кеңес Ғылыми академиясының жартылай өткізгіштер физикасының институты, Скочинский атындағы Ленинград биофизика институты ҚарМУ ғалымдарының өнімдерін пайдаланды. Мұның барлығы университеттегі ғылым деңгейін көрсетіп, сауатты әрі стратегиялық дұрыс басқарудың нәтижесі екені сөзсіз.
Зейнолла Молдахметұлы аймақтағы ірі оқу орнының ректоры болған кезде ғалым, новатор ғана емес, сонымен қатар, талантты басшы, білікті ұйымдастырушы ретінде көпке танылды. Университеттің дамуы үшін нақты қадамдар жасауда оның туа біткен қайсар мінезі, адаммен қарым-қатынас жасай білу шеберлігі көп көмектесті. Ол қадамдар мен шешімдердің аясында университеттің барлық қызметкерлерінің тағдыры, олардың жағдайы тұратын. Оның талантты басшы, дарынды ғалым ретіндегі ерен еңбегі, білім мен ғылымның дамуына, сол арқылы еліміздің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі лайықты бағаланды. Ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісінің» (1981 ж.) және «Еңбек Қызыл Ту» (1986 ж.) орденінің иегері атанды. Зейнолла Молдахметов 1983 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болса, біраз жылдан кейін нақты мүшесі, яғни, академигі атанды.
Бүгінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында ең беделді брендтердің бірі. ҚарМУ-дың классикалық университет ретінде қалыптасуы Зейнолла Молдахметұлының педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметінің арқасында, оның өз ісіне берілгендігі мен жауапкершілігінің нәтижесінде жүзеге асты деп нық сеніммен айта аламыз. Алдыңғы толқын ағалардың салып кеткен сара жолын сақтап, жаңа белестерді бағындырды, заманның ағымына ілесіп, оның талаптарына биік үдеден жауап бере алды. Зейнолла Молдахметұлының басшылығымен қалыптасқан және енгізілген академиялық дәстүрлер мен білім берудегі қағидалар ҚарМУ-дың еліміздегі білім мен ғылым деңгейінің дамуында өз орнын ойып тұрып алуына мүмкіндік берді.
Е.КӨБЕЕВ,
академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор.