Бас тақырып

Ғалымға құрмет – ұрпаққа міндет

«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дейді қазақ. Саналы, өрелі ұлт ғалымын қадірлейді. Төбесіне тұтады. Өйткені, адамзат өркениетінің локомативі – ғалым ойы мен парасаты. Кешегі Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев сынды ұлы ғалымдардың жолын жалғаған тау тұлға, ұлы ғалым – Евней Бөкетов еді. 23 наурызда ғалымның туғанына 100 жыл толады. Осыған байланысты биылға 100-ге жуық игі іс-шара жоспары әзірленген. Қарағанды зерттеу университетінің Басқарма төраға-ректоры Нұрлан Дулатбеков бастаған қоғам қайраткерлері, университет оқытушылары ғалымның мазарына арнайы барып, құран оқып, гүл шоқтарын қойды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те арнайы қатысты.

Суреттерді түсірген Гүлнар МАХАН

Әуелі ғалымдар мен оқытушылар, студенттер университеттің бас ғимаратындағы ғалымның ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Алдағы уақытта мерейтой аясында ғалымның таңдамалы шығармалары қайта жарыққа шықпақ. Сонымен қатар, ауылдық мектепте оқитын оқушылар арасында халықаралаық деңгейдегі олимпиада өткізу де жоспарланған.

– Евней Арыстанұлы – қазақтың біртуар ғалымдарының бірі. Қазақстандағы екінші университеттің ашылуына мұрындық болған. Қазір университеттің осы дәрежеге жетуі ғалымның стратегиясының нәтижесі деп білеміз. Бүгінде ғалымның артында қалған мұрасын зерделеп, келесі ұрпаққа жеткізу жолында жұмыс жүріп жатыр. Мерейтой қарсаңында 100-ге жуық іс-шара жоспарланды, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Тарих ғылымдарының кандидаты Салават Кентбек іс-шараның мазмұнына тоқталып, ғалым жайлы естеліктерімен бөлісті.

– 1977 жылы мектеп бітіріп, университетке түстік. Әлі күнге дейін есімде. Сол жылдың 19 қыркүйегінде Гоголь көшесі бойында орналасқан ғимараттың үлкен залында жиын өтті. Онда Евней Арыстанұлы барлық студентке студенттік билет пен сынақ кітапшасын табыстады. Университетте оқып жүргенімде жоғарғы оқу орындары арасында «Студенттер көктемі» байқауы өтті. Біз сол байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алдық. Мен сонда Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Жезкиік» әнін орындадым. Арада біршама уақыт өткен соң бізді ректор шақыртты. Кабинетіне кіріп барсақ, төрт-бес адам стол басында отыр екен. Менің аты-жөнімді, қайдан келгенімнің бәрін анықтаған соң,  «Өткенде шырқаған әніңнің авторын білесің бе?» деп сұрады. Кідірмей айтып бердім. Бір кезде «Кәкімбек ағаңды көріп пе еді?» деді. Мен басымды шайқадым. Сонда стол басында отырған қонақтарды нұсқап, «Міні, ағаң осында отыр!» деп мені таныстырды. Содан соң баянның сүйемелдеуімен автордың алдында ән шырқап едім, – деді.

Философия ғылымдарының докторы Владимир Батурин де академиктің тау тұлғасын, бойындағы қасиеті жайында сөз қозғады.

– 1976 жылы Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы орыс драмма театрында студенттер слеті өтті. Евней Арыстанұлы осы слеттің өтуіне тікелей мұрындық болған. Театрда өтетін мерекелерді кейінге шегертіп, слетті өткізуге залды алып берді. Өзі әр кафедраға кіріп, «Сіздер білімдеріңізді жетілдіріп, ғылым докторы дәрежесін алуларыңыз керек. Әрқайсыңыздың қабілеттеріңіз бар. Себебі, университет білікті ұзтаздардан құрылады» деуші еді. Тек студенттер емес, бізге де білімімізді шыңдауға мүмкіндік жасады. Шетелге де жіберді. Одан бөлек, шетелден оқуын тәмамдаған жастарды оқу орынына жұмысқа шақырды. Ғалымның осы бір бастамасының нәтижесінде күні бүгінге дейін  университеттің дәрежесі түскен емес, – деді Владимир Батурин.

Айта кетейік, ғалымның 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button