Қалың нешік, «Шахтер»?
Әрине, «Шахтер» футбол клубына тіл бітсе, «жағдай – өте нашар», – деп жауап қатар еді. Шындығы солай. Жасыратын несі бар, соңғы жылдары Қазақстан премьер-лигасында жерлес футболшыларымыз жарқын ойын көрсете алмай жүргені рас. Иә, «Шахтер» клубының шатқаяқтағанына бірнеше жыл болды. Жерлестеріміз «жоғары лигадан әне шығады, міне шығады» деген үрей билегелі қашан. Өткен жылы ғана соңғы турға дейін қауіпті аймақта болған кенші футболшылар әупірімдеп Премьер-лигадан түспей қалды. Соңғы ойында «Тобыл» командасы қосалқы құрамын Қарағандыға жіберіп, ұтылып барып, біздің жерлестерімізге үш ұпай «сыйлаған» еді. Соның арқасында «Шахтер» жоғары лигада қалды.
Ал биылғы жағдай мүлде нашар. Жиырма ойында екі-ақ рет жеңіске жетіп, үш ойынды тең ойнап, бар-жоғы 9 ұпай жинап, турнир кестесінің ең соңында тұр. Осы жексенбіде, яғни, 22 қыркүйектегі Семейдің «Елім-ай» командасымен кездесуін асыға күткен едік. Бірінші лигадан енді ғана шыққан команданы жеңіп, үш ұпай алатын шығар деп үміттендік. Алайда, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Сонымен, соңғы үміт те үзілді. Жанкүйерлер жер шұқыды. Енді қайтсін. Атақ-даңқы бүкіл республикаға белгілі Қарағандының «Шахтері» Премьер-лиганың шаңын қапты. Құрылғанына 64 жыл болған кеншілер командасы – еліміздегі ең көне ұжымның бірі. Оның үстіне, тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта ешқашан жоғары лигадан түсіп көрмеген команда. Өкініштісінің өзі осы болып тұр. Қарағанды тәрізді өндірісті өлкенің бір футбол командасы осынша құлдырап, көрінген команда «тепкілеп» ұтып кетеді десек, сенбес едік. Әрине, футболда әртүрлі жағдай болып жатады. Мысалы, кезінде жап-жақсы өнер көрсеткен Павлодардың «Ертіс» командасы тарап кетеді деп кім ойлады? Оның қасында біздің жағдайымыз түк емес. Командамыз бірінші лигаға түссе қайтер дейсің, қайта есін жиып, жергілікті жігіттерді, қаламыздың нағыз патриоттарының басын қосып, «Шахтердің» бұрынғы даңқын қалпына келтірер. Оған дейін қаржы да табылар. Шебер жаттықтырушы да болып қалар. Дегенмен, жоғары лигадан түсіп қалыпты дегенді естудің өзі қиын.
Жалпы, жеке спортшы болсын, футбол командасы болсын, тасы өрлеп, даңқы шығып, шарықтайтын кездері болады. Оны алыстан іздеп қажеті жоқ «Шахтер» командасының атақ-даңқы асқақтаған кездері қарағандылық жанкүйерлердің көз алдында өтті емес пе?! Сонау 60-70-80 жылдары футболдан КСРО біріншілігінің бірінші лигасында ойнаған Қарағандының «Шахтері» бұрынғы Одақтың талай мықты командаларымен шеберлік сынағынан өткен еді. Олардың қатарында Ташкенттің «Пахтакоры», Бакудың «Нефтчиі», Фрунзенің «Алғысы», Ереванның «Арараты», Мәскеудің «Торпедосы» мен «Локомотиві» болатын. Қарағандылық футбол жанкүйерлері осы командалардың ойынын көруге келетін. «Шахтер» болса, өз алаңында олардың көз алдында жеңіске жететін. Ол уақытта 30 мың жанкүйер сиятын «Шахтер» стадионынан шыққан адам нөмірі сол кездегі Совет даңғылы мен Бейбітшілік бульварына сыймай кететін. Бұл көшелер автокөлік үшін жабық болатын еді.
Мұны өткен тарих дейік. Ал 2012 жылы «Шахтер» футболдан Қазақстан біріншілігінің чемпионы болып, 2013 жылы еліміздегі командалардың ішінде алғашқы болып, УЕФА чемпиондар лигасына қатысқанын қайтерсің. Қазақстан футбол командалары одан бұрын Еуропаға шығып, доп теуіп көрмеген-ді. Сөйтіп, Қарағандыға сонау Еуропадан футбол жұлдыздары келіп өнер көрсетті. Осы мақаланың авторы сол ойындарды стадионда отырып көріп, репортаждар жазған еді. «Орталық Қазақстан» газеті сол репортаждарды бірінші бетке жариялап отырды. Сол газет тігінділерін қарап отырсақ, алғашқы ойында шілденің 25-і күні Белоруссияның «БАТЭ» командасымен кездескен «Шахтер» футболшылары 1:0 есебімен ұтқан екен. Осы ойында қақпашымыз А.Мокин 11 метрлік айып добын өткізбепті. Сырт алаңдағы ойында да жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіпті. Бұдан соң 1 тамызда кенші футболшылар Албанияның «Скендербеу» командасымен кездесіп, 3:0 есебімен қақырата ұтты. Сол ойында қорғаушымыз Алдин Джидич, шабуылшылар Р.Муртазаев пен С.Хижиченко гол соқты. Сонымен, екі ойынның нәтижесі бойынша «Шахтер» 5:3 есебімен келесі айналымға шықты. Бұдан соң біздің жерлестерімізді Шотландияның чемпионы «Селтик» командасы күтіп тұрған еді. Бірақ, жерлестеріміз Глазо қаласынан келген атағы дардай қонақтарды 2:0 есебімен ұтып жіберді. Ойынның 12 минутында А.Финонченко гол соқты. Ал 76-шы минутта айып алаңына Вичюстің лақтырған добын С.Хижиниченко баспен соғып, қақпашыны қапы қалдырды. Осы ойыннан жазылған репортажға «Бұл жеңісті ел күтті, сүріндірдік «Селтикті» деп тақырып қойып, газеттің бірінші бетіне берген екенбіз. Ақыры не керек, сол жылы «Шахтер» желтоқсан айына дейінгі Европа лигасының ойындарына қатысты.
Мұның бәрін айтып жатқан есебіміз мынау. Осынша атақ-даңқы елге танылған «Шахтер» командасына не болды? Мұншама құлдырап, жоғары лигадан түсіп қалатындай не болып қалды. Қаржы тапшылығы бергі жақтағы себеп. Негізгі себеп – футболға деген немқұрайлық болар. Олай деп айтуымызға бір ғана мысал келтірейік. Кезінде «Шахтерде» ойнап, еліміздің әртүрлі командаларында жүрген түлектеріміз қаншама. Мысалы, Аслан Дарабаев, Тоқтар Жанқылышбай, Михаил Габышев, Роман Муртазаев, Иван Севридов және тағы басқаларды алайық. Өсіп келе жатқан жастарымыз ше?! Осылардың басын қосып, бір мықты команда жасайтын адам жоқ. Дәлірек айтсақ, қамқорлық жоқ. Ал, футбол командасына қалай көмектесу керектігіне бір мысал. Оның жарқын көрінісін құрылғанына 2-3 жыл ғана болған Абай облысының әкімі Нұрлан Оранқаев көрсетіп отыр. Осы облыстың, яғни, Семейдің «Елімай» командасы бірінші лигадан шыға салып, биыл жоғары лигада тамаша өнер көрсетіп, қазір турнир кестесінде бесінші орында тұр. Тіпті, турдың жүлдесінен дәмесі бар. Ол аз болса, футзалдан «Семей» командасы биыл ғана жоғары лигаға шығып, он жыл ел чемпионы болған «Қайратты» шаң қаптырып, чемпион болды. Республикалық баспасөздің хабарына қарағанда, сол облыс әкімі Н.Оранқаев Абай облыстық футбол федерациясын қоғамдық негізде басқарады екен. Міне, мәселе қайда?!
Ұзын сөздің қысқасы, Қарағандының маңдайына біткен жалғыз футбол командасы «Шахтер» өзінің 64 жылдық тарихында тұңғыш рет «шыңырауға» құлап, жоғары лигамен қоштасқалы тұр. Өкінішті-ақ. Дегенмен, үмітімізді үзбейік. Мүмкін бірінші лигада «Шахтер» қайта түлеп, әлі-ақ ел чемпионы болар. Сол күнге аман-есен жетейік, құрметті футбол жанкүйері!
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.