Биылдан бастап «Алтын жас» жобасы қолға алынып, өңірдегі зейнеткерлерді жұмыспен қамтуға баса назар аударылып отыр. Жалпы, бұл жоба халыққа не береді? Жоба жұмыс іздеп жүрген зейнеткерлерге арналған. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бір айта кететіні, мұндай жоба бізден бөлек тек Алматыда ғана бар.
Бұдан былай зейнетке шыққандар осы «Алтын жас» жобасы арқылы жұмысқа тұра алады. Бірақ, мектепке емес, жекеменшік білім беру орталықтарына. Аймақ басшысының қолдауымен өңірдегі 146 білім беру орталығы облыс әкімдігімен осы жоба аясында келісімшартқа отырған. Қазіргі таңда сол орталықтарда 96 зейнеткер келісімшарт аясында жұмыс істеуде. Жоба аясында жұмыс істеп жатқан зейнеткерлер Қаржы министрлігі «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң аясында бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерін алады. Яғни, 85 мың теңге. Зейнеткер жалақысының 50%-ы жоба аясында субсидияланса, қалған жартысын жеке кәсіпкер қалтасынан төлейді.
– Жұмыс берушілер өздері Мансап орталықтарына өтініш береді. Келісімшарт аясында аталған білім беру орталықтарына 641 зейнеткер тарту көзделген. Жоба аясында ерлер – 63 жастан, әйелдер – 61 жастан өтініш бере алады. «Менің денсаулығым жұмысқа жарайды. Жұмыс істеуге қауқарым, ниетім бар» деген зейнеткерлер болса, мархабат! Біздің тарапымыздан қолдау бар. Бір айта кететін дүние, сіз басқа салада қызмет істеп, зейнетке шықтыңыз делік. Бірақ, бізге хабарлассаңыз, осы жоба аясында сізді күзет қызметіне ала аламыз. Біз хабарласқан әр зейнеткерге жұмыс ұсынамыз. Олар өз қалауы бойынша ұсынылған мамандықпен жұмыс істейді. Жыл соңына дейін осы жоба аясында 500-ге жуық зейнеткерді жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Аталған жоба аясында жұмысқа тұрған зейнеткердің бірі – Дария Нурекина. Қазіргі уақытта ол Қарағандыдағы Б.Әшімов көшесінде орналасқан «Aisha» ЖШС тиесілі Happy kids орталығында мектепке даярлық курсын жүргізеді. Зейнеткер Шет ауданы, Ақжал кентіндегі мектепте 44 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған. 2016 жылы зейнет жасына шыққан соң қалаға қоныс аударады. Биыл осы жоба аясында жұмысқа тұрып, уақытын балаларға арнап жүр. Қазір Дария Жаманқұлқызының 10 шәкірті бар. Таңертеңгі 9-дан 12-ге дейін мектепте даярлық курсын өткізсе, түстен кейін 7-13 жас аралығындағыларға қосымша сабақ береді.
– Зейнетке шыққаннан кейін біраз демалдым. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүргеннен болар, үйде көп отыра алмадым. Ақжалдан келген соң қаладағы мектептің біріне жұмысқа тұрдым. Бірақ, көп ұзамай жасыма байланысты ол жұмыстан кетуге тура келді. Балаларым таңнан кешке дейін жұмыста. Немерелерім сабақта. Үйде өзім ғана қаламын. Сөйтіп жұмыс іздеп едім, әлеуметтік желіден «Алтын жас» жобасы туралы білдім. Толық ақпарат алып, өтініш қалдырдым. Қазір, міне, сүйікті ісіммен қайта айналысып жатырмын. Жұмыс орным үйіме жақын. Таңертең жаяу келемін. Осындай жобаны қолға алып, қолдап отырған өңір басшылығына алғысымды айтамын, – деді Дария Нурекина.
Happy kids орталығында үш үлкен бөлме бар. Бірінші бөлме бастауыш сынып оқушыларының білім алуына арналған. Екінші бөлмеде мектепке даярлық, яғни, бестен жеті жасқа дейінгі балалар дәріс алады. Бұл курс тек түстен кейінгі уақытта өтеді екен. Әрі мұнда баланың қол моторикасын, ойлау қабілетін дамытуға арналған түрлі ойыншықтар қойылған. Сабақ арасында бір мезгіл осы бөлмеге кіріп, ой сергітіп алады екен. Ал, үшінші бөлме – орыс тілді сыныптарының оқушыларына арналған.
– Бүгінде балалар бес жаста балабақшаны бітіреді. Ал, ата-ана баласын мектепке ерте бергісі келмейді. Жеті жасқа дейін бала үйде отырып қалады. Осындай мәселе бойынша көп ата-ана шағым білдірген соң осы курсты іске қосқан едік. Сонымен қатар, бастауыш сыныптарының оқушылары үшін «Ұзартылған күн тобы» бағдарламасы бар. Ол дегеніміз, оқушыға мектеп ұстаздары үй тапсырмасын береді. Ал, үй тапсырмасын орындауға көмектесетін ата-ананың қолы тимейді. Сол себепті ата-аналардың өтінішімен осы бағдарламаға баланы тасымалдау қызметін қостық. Яғни, мектептен баланы өзіміз алып келіп, үй тапсырмасын бірге орындаймыз. Тамағын да осы жерде ішеді, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсия Рышкен.
«Алтын жас» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан тағы бір зейнеткер – Ләззат Асылбекова. Кейіпкеріміз Қарқаралы ауданы, Томар ауылының мектебінде 42 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған. Зейнеткерлікке шыққан соң қалаға қоныс аударыпты. Қазір аталған жоба аясында «Казсарапсервис» ЖШС тиесілі Мұқанов 19/2 мекенжайында орналасқан орталықта жұмысқа қабылданып, мектепке дейінгі даярлық бөлімінде дәріс береді. Түске дейін алты балаға мектепке даярлық бойынша сабақ берсе, түстен кейін 2-4 сынып аралығындағы 8 балаға қосымша дәріс өткізеді.
– Зейнетақымды алып отырмын. Бірақ, қолым бос. Сондықтан, қосымша жұмыс істеймін деп шештім. Біріншіден, ақша ешқашан артық етпейді. Ал, екіншіден, денсаулығым жарап, мүмкіндік беріліп тұрса, соны дұрыс пайдалану керек. Зейнеткерлерді қолдап, жоба ашып жатқан аймақ басшысына алғысымды білдіремін. Айналысатын іс те табылды. Әрі ел болашағы – өскелең ұрпақ. Осы балаларға бар білгенімді үйретіп, саналы ұрпақ өсіруге атсалысқым келеді, – деді ол.
Әзірге бұл орталықта жоба аясында жұмыс істеп жатқан Ләззат Кәрібайқызы ғана. Бірақ, орталық басшысы ағылшын тілінің екі және екі бастауыш сынып мұғалімін жоба аясында жұмысқа алуға өтініш беріп қойған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.кz