Алтын ұямызға зор алғыс
Біз бейбіт елдің ұрпақтарымыз. Және Тәуелсіздіктің төл құрдасы болғанымызды мақтаныш тұтамыз. Былтыр егемендігіміздің 30 жылдығы тойланды. Біз де ордалы отыз жасқа қадам бастық. Бізді қанаттандырған алтын ұя мектебіміз арнайы қонаққа шақырып, кездесу өткізді.

Мектебіміз қашан да ыстық. Тәлім берген ұстаздарымызды да ешқашан ұмытпаймыз. Бізді құрметтеп шақырған мектеп ұстаздарына айтар алғысымыз ерекше. Мектебімізді де сағынып жүрген едік. Мұғалімдермен балалық шағымызды, мектептегі қызық-шыжығымызды есімізге алып, арқа-жарқа боп қалдық. Мектеп оқушыларының түрлі сұрақтарына жауап бердік. Алға қойған мақсат-мұратымызды айттық. Мектептің нағыз бақыт ошағы екенін, ұстаздарды әрдайым құрметтеп, сыйлау керектігі жайлы ақыл-кеңесімізбен бөлістік. Құдайға шүкір, біздің сыныптастарымыз сан-салада еңбек сіңіріп жүр. Елдің дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Көбісі ауылда. Туған жерде қалып, ауыл шаруашылық саласын дамытып, сондай-ақ, кәсіпкерлікпен де айналысып жүр. Мектеп ұжымы үлкен ілтипатпен күтіп алып, тағылымды кеш ұйымдастырды. Тәуелсіздігіміз жайлы әндер шырқалды, өлеңдер оқылды. Көрініске де көзайым болдық. Осы орайда «Тәуелсіздік – баға жетпес байлығым» атты тағылымды шараны ұйымдастырған мектеп директоры Досбол Әліге, мектеп мұғалімі Гүлшат Жарылғаповаға ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Елдігіміз ғұмырлы, егемендігіміз тұғырлы болсын!
О.Әлібаев атындағы орта мектептің 2009 жылғы түлектер.