АймақҚарағанды

Алтын сәуле отбасынан тарайды

Ұлттың жас буынын парасатты етіп тәрбиелеу үшін мемлекет әуелі отбасына назар аударса керек. Істің абзалы – осы. Мұны «Отан – отбасынан басталады» деп қазақ бір-ақ ауыз сөзбен қайырған. Қарағанды облысының басшылығы осы бір үлкен миссияны абыроймен атқарып келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде «Мерейлі отбасы» деп аталатын Ұлттық байқау жоғары деңгейде өтіп келеді. Бұл байқау қыркүйектің екінші жексенбісіне белгіленген Отбасы күніне орайластырылған. Биыл да аймақтық деңгейде ұйымдастырылды. «Достық үйіндегі» облыстық кезеңде үміткер отбасылар үздіктер қатарынан табылмаққа бақ сынасты.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Облыстың қалалары мен аудандарында іріктеу кезеңі 15 мамыр мен 30 маусым аралығында өтті. Бұл кезеңге 400-ге жуық отбасы қатысыпты. Міне, содан іріктелгендер «Достық үйіндегі» шешуші кезеңге келді. Әр өңірден 2 отбасы облыс орталығындағы ақтық сынға қатысуға лайық деп танылды. Қатысушыларды іріктеуді отбасы және балалар мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің арасынан құралған құзыретті қазылар алқасы жүргізді.

Облыстық кезеңге қатысушыларды құттықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей келді.

– Бұл Ұлттық байқаудың 10 жылдан астам тарихы бар. Атауының өзі көңілге жылу ұялатады. Қатысушылардың әрқайсына мемлекет тарапынан алғыс айтамын. Шаңырақ көтеріп, бала тәрбиелеп, төңіректеріңізге үлгі, өнеге көрсетіп жүрсіздер. Қариясын құрметтеген дана халықпыз. Сол батагөй қарияның алдынан өткен ұрпақ – еліміздің болашағы. Ұлттық тәрбиемен сусындап өскен бала жаман болмайтыны сөзсіз. Солар барда тұғырымыз биік. Осында келген қарттарымызға зор денсаулық тілеймін. Айрандай ұйып отырған жанұялар­ыңыз аман болсын. Бала-шағаның қызығын көріңіздер. Ел тізінін ұстар ер, ұлт бесігін тербетер қаракөздерді тәрбиелеп жатқандарыңыз­ға сеніміміз зор! – деді Әлібек Әлденей.

Байқауда үшінші орынды Бұқар жырау ауданынан келген Асқаровтар отбасы қанағат тұтса, екінші орынды Абай ауданынан келген Родиндер отбасы иеленді. Бірінші орынға Осакаров ауданынан келген Олжабеков­тер отбасы лайық деп танылды. Бас жүлдені Балқаш қаласынан келген Халабаевтар отбасы олжалады. Олар енді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде облысымыздың атынан қатысып, өңіріміздің намысын қорғамақ.

Халабаевтар жанұясының анасы Арайлым Халабаева бұл байқауға қатысуды бұрыннан мақсат тұтып жүріпті. Өнерлерін шыңдап, жүйелі түрде дайындалған.

– Осы байқауға алғаш рет қатысып отырмыз. Біз үшін зор мәртебе. Бас жүлде алғанымыз сөзбен айтып жеткізе алмас қуанышқа бөледі. Бізді жеңіске лайықты деп есептеген қазылар алқасына да алғыс. Енді облысымыздың намысын республикалық деңгейде абыроймен қорғап шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл жеңіс тек басы деп есептейміз. Үлкен жауапкершілікпен тыңғылықты дайындаламыз. Әр отбасына тек жақсылық пен мол ырзық, несібе келе берсін! – деді.

Байқаудың барлық қатысушыларына фотоальбом түріндегі естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді. Жеңімпаз отбасылар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button