Медицина

«Алтын дәрігердің» асыл мұрасы

Медицинаның қай саласы болсын, оңайы жоқ. Десе де, нейрохирургия күрделі, жоғары технология­лық оталарымен белгілі. Мықты нейрохирург емделмейді деп үмітін үзген науқасты да аяққа тұрғыза алады.

Сурет: Нұртас Исатайұлының жеке мұрағатынан

Оның есімі өзі туып-өскен Арқа жұртына ғана емес, республика жұртшылығына белгілі. Қазақстанның нейрохирургиясын дамытуға елеулі үлес қосқан, елімізде танымал, жоғарғы санатты нейрохирург дәрігер, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер» иегері, медицина ғылымының докторы, профессор Нұртас Исатайұлы Тұрсынов – дара тұлға. Бүгінде бақиға аттанғанына қырық күнге жуықтап қалды. Мыңдаған адамды ажал аузынан арашалаған майталманды ажал әкетті деуге ауыз бармайды екен.

1976 жылы Қарағанды медицина инс­титутын бітірген Нұртас Исатайұлының жас маманнан нейрохирургияның бас маманына дейін жүріп өткен өмір жолы сан салалы. Жас маман 1976 жылы жаңа құрылып жатқан Жезқазған облысына жіберіледі. Ондағы №1 қалалық ауруханада хирург ретінде еңбек жолын бастады. Жалпы хирургиядан нейрохирургия саласына келуіне облыстың сол кездегі бас хирургы Өмірбек Мұқанов ықпал етті. Ол кездерде нейрохирург мамандығы жаңадан ашылған облыс тұрмақ, респуб­лика бойынша некен-саяқ болатын. Алматыда отандық нейрохирургияның негізін салушы Евгения Азаровадан бес ай, одан кейін Қарағанды медицинасының тарихында есімі ерекше аталатын Меңдігерей Молдаевтан екі жыл дәріс алып, біліктілігін көтерді. Содан бергі өмірін нейрохирургияға арнады. 45 жыл бойы ота жасап, өлімнен арашалап, науқастарға пана бола білді. Соңғы 20 жылында практиканы ғылыммен ұштастырды, әрі дәрігер, әрі ғалым, әрі ұстаз еді. Мол тәжірибесі өміріне өзек, тіршілігіне азық болды. Жезқазғанда еңбек еткен жылдары облыстық көп салалы ауруханада нейрохирургия бөлімшесінің ашылуына көп күш салып, өңірде нейрохирургия саласының негізін қалады. Өзі ашқан бөлімшесінде 13 жыл бойы басшылық етті. 2001 жылдан Қарағанды облыстық медициналық орталығындағы нейрохирургия бөлімшесіне басшылық етті. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясында нейрохирургия және неврология орталығының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы аралықта Нұртас Исатайұлы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтта кандидаттық жұмысын қорғап, Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының неврология, нейрохирургия және шығыс медицинасы кафедрасы мен травматология, ортопедия және нейрохирургия курсының доценті атанды. Астанадағы республикалық нейрохирургия ғылыми орталығын ашуға қосқан үлесі Нұртас Тұрсыновтың нейрохирургия саласындағы жетістігінің шыңы десек болар. Кандидаттық, докторлық жұмыстарының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, академик Серік Ақшолақовпен бірлесіп еңбек етті. Нұртас Исатайұлы орталық ашылған жылдары директордың ғылыми клиникалық жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары қызметіне шақырылды, кейіннен орталықтың бас дәрігері болып еңбек етті. Алайда, отбасына қарайлаған ол Қарағандыда, отбасының жанында болуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2009-2012 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы облыстық медициналық орталықта директордың нейрохирургия жөніндегі орынбасары болып еңбек жолын жалғас­тырды. Одан бөлек, осы уақыттан бастап 2017 жылға дейін Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде неврология және нейрохирургия кафедрасының меңгерушісі қызметін қатар алып жүрді. 2013 жылы диссертациялық жұмысын қорғап, медицина ғылымдарының докторы атанды. Университеттің неврология, психиатрия және реабилитология кафедрасының қауымдастырылған профессоры ретінде облыс орталығындағы барлық медициналық мекемелерінде, сондай-ақ, Теміртау мен Балқаш қалаларының орталық ауруханаларында бас консультант болды. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аккредитацияланған сарапшысы, республикалық нейрохирургтар қауымдастығының Қарағанды облысындағы филиалы төрағасы, Жезқазған, Қарағанды облыстарында бас нейрохирург болды. Майталмен маман профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада өмірінің ақырына дейін еңбек етті. Ол үшін науқастардың ауру азабын тартпай, дертінен құлан-таза айығып шығуы бірінші кезекте тұратын. Алдына келген әр адамның жағдайына ерекше назар аударды. Қажетті процедуралардан өтіп, ем алуына, отадан кейін тезірек қалпына келуі үшін барын салатын. Әр науқасқа солай қарады. Осы уақыт ішінде алдынан бірнеше мың адам өткен болар. Соның бәріне кәсіби көмек, адами қарым-қатынас көрсете білді. Бұл қандай қажыр-қайратты, білімділікті, адамгершілікті талап етеді десеңізші?! «Дәрігердің кеудесінде дәрігердің білімі ғана емес, дәрігерлік жүрек болу керек» дегенді шәкірттеріне жиі айтатын. Нұртас Исатайұлы тау қопарар күшті өз мамандығына берілгендіктен, мамандығына деген сүйіспеншіліктен, өзіне деген сенімділіктен тапты. Данышпан Әбу-Насыр әл-Фарабидің: «Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді, жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген сөзін өмірлік ұстанымы етті. Әр кітапшасында, әр жазбаларында осы даналық сөз жазулы тұрады екен.

Нұртас Исатайұлының жеткен асқақ абыройы, құрметі, марапаттары – адал еңбегінің өтеуі. Ертеректе бір әріптесім мақаласында Нұртас Исатайұлын нейрохирургияның наркескені деп дөп тауып атаған екен. Өте қажырлы, табанды болмысы әркез жаңа ой мен идеяның бұлағындай дерсіз. Жаңашылдыққа жаны құмар болатын. Жезқазған облысында алғаш рет нейрохирургия қызметін қалыптастырса, 2014 жылы Нұртас Исатайұлының тікелей бастамасымен Карағанды мемлекеттік медицина университетінде алғаш рет нейрохирургтар даярлайтын резидентура ашылды. Мұнда 7 жыл медицина институтында оқып, әрі қарай нейрохирург боламын деген жастар тағы да төрт жыл дәріс алды, әрине практикасы басым. Нұрекең даярлаған шәкірттері жарады. Олар Қазақстанның түпкір-түпкірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Алды халыққа танылған. Нұрекең тіршілігінде оларға риза болып, олармен мақтанып отырыпты. Шәкірттері де Нұртас Исатайұлын «ұстаздардың ұстазы» деп атаған.

«Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» демей ме? Нұртас Исатайұлы ерен еңбегінің нәтижесінде марапаттан кенде қалған кезі болған емес. Ғалымның білім саласына қосқан үлесі еленіп, оның есімі Қазақстан Республикасының білім және мәдениет саласындағы үздік қызметкерлері «Алтын кітап» энциклопедиясына еніп, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Кеудесінде «Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Қазақстан нейрохирургиясына қосқан үлесі үшін», «Қарағанды мемлекеттік медицина университетін дамытуға қосқан үлесі үшін» П.Поспелов атындағы төсбелгілері жарқырады. Екі рет Қазақстан Республикасы Үкіметінің Құрмет грамотасымен, екі рет Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Нұртас Тұрсынов білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы, өз ісіне жан-тәнімен берілген маман ретінде мәңгі есте қалады. Оның 200-ден астам ғылыми жұмысы, 10 оқу-әдістемелік құралы, екі монографиясы, 17 өнертабысы, салаға енгізген екі жаңа технологиясы – нейрохирургияға қосқан сүбелі үлесі, мәңгі қалдырған мұрасы. Жұмыстарының көпшілігі отандық және шетелдік басылымдарда шықты. Ал, енгізген жаңа әдістемелері практикада қолданылып жүр.

Былтырғы жылы өзінің 70 жылдық мерейтойында Нұртас Исатайұлы Тұрсыновқа Ұлттық нейрохирургия орталығының ғылыми дамуына, оның отандық және халықаралық деңгейде беделін арттыруға, әріптестік қатынастарды нығайтуға қосқан үлкен үлесі үшін Ұлттық нейрохирургия орталығының Құрметті профессоры атағы берілді. Бұл – үлкен жеңіс, биік дәреже. Ресей, Израиль, Жапония, Германияның белгілі нейрохирургтарымен, ғалымдарымен қатар, Нұртас Исатайұлының есімі орталық тарихында мәңгі жазылды.

Практикалық, педагогикалық һәм ғылыми жолында Нұртас Исатайұлы кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамгершілік бейнесі асқақ тұлға ретінде қалыптасты. Білетіндер Нұртас Исатайұлының ақты – ақ, қараны – қара дейтін әділеттілігін айтады. Нұртас Исатайұлы халықтың аузында жүрген ерекше адам болды. Үлкен отбасының әкесі, атасы, асыл жар, туған-туыстың қадірлісі, қамқоршысы, адал дос, ақкөңіл, көпшіл адам еді. Гиппократ антынан айнымаған, жаны жайсаң, нейрохирургия наркескенінің есімі шипаңыз тиген мыңдаған жанның аузында ардақталады, ал, жарқын бейнеңіз жақындарыңыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Қош, арда азамат!
№303

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button