Бас тақырып

Алты сағаттық ашық әңгіме

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жаңа форматта облыс орталығындағы үлкен ХҚКО-да халықпен кездесті. Жалғыз өзі ғана емес, басқарма мен ведомство басшылары да осы арадан табылды. Бұл – бұған дейін өңірдің барлық қала мен ауданында өткен 25 кездесудің қорытындысы. Бұл жолы 6,5 сағатқа созылған кездесу рекордтық көрсеткішке ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен кездесуі туралы арнайы Жарлығында жазылғандай, халық талап етті, әкім уақытпен санаспай тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Ал, кездесуге келгендердің 89-ы облыс әкімінің өзіне жүгінді.

Жыл бойғы кездесу қандай нәтиже берді?

Жыл басынан Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің қалалары мен аудан тұрғындарымен өткізген 25 кездесуде сегіз мыңға жуық адамды қабылдаған. Дәл осы кездесулерде 800-ден астам сұрақ қойылыпты. Бірі – сол жерде шешілсе, дені ұзақ мерзімді болғандықтан, облыстық бюджетті қарастыру кезінде ескерілмек.

– Жыл бойғы халықпен кездесуді Қарағанды қаласымен аяқтап отырмыз. Бұған дейін әріптестеріммен бірге жергілікті жерлерде халықпен кездестік. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі – тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, үй мәселесі, білім саласы. Сұрақтардың сол мезетте шешілгендері де бар. Ал, уақыт және қаражатты қажет ететіндері облыстық бюджетті қарастыру кезінде ескеріледі, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Облыс әкімі кездесудің тек аудан орталықтарында ғана емес, шағын елді мекендерде де өткенін айтты.

– Жыл бойы біз ірі және шағын елді мекендердің тұрғындарымен кездестік. Атап айтқанда, Ақадыр, Ақшатау, Шашубай, Қарағайлы және тағы басқалары. Бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Облысымыздың өркендеуіне бей-жай қарамайтындарды осындай кездесулерге қатысуға және жергілікті қоғамдастық үшін маңызды мәселелерді көтеруге шақырамыз, – деді аймақ басшысы.

Ол келіп түскен барлық мәселе жүйеленіп, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, жауапты ведомстволардың бақылауында бо­латынын атап өтті. Тұрғындардың мәселелері бақылауға алынады және үнемі тексерісте болады. Соның бірі – Пришахтинск қаласы тұр­ғындарымен кездесуде көтерілген сұрақтар.

– Жыл басында Пришахтинск тұрғындарымен кездестім. Олар үшін ең маңыздысы – көлік қатынасы екен. Жаңа автопарк жұмысын енді бастаған қиын кезең болатын. Қазір жұмыс жолға қойылды. Автопарк бірден елуге жуық жаңа автобус сатып алды. Одан бөлек, балалар орталығының құрылысын бастадық. Дәл осындай нысанды Майқұдықта да саламыз. Осы қарқынмен жұмыс жалғасса, келер жылы көктемде құрылысы аяқталып та қалады. Сондай-ақ, балабақшада орын тапшылығы да шешімін табады. Жер телімі анықталып, құ­рылысты жоспарлап қойдық, – деді облыс басшысы.

Ермағанбет Қабдулаұлы айтқан тағы бір өзекті мәселе – Шахтерский кентінің орталық жылыту жүйесіне қосылуы. 30 жылдан астам бір ретке келмеген бұл жайт та жуырда шешімін табады.

– Кварталішілік желілерді рет­тедік, қосуға дайынбыз. Енді тұр­ғындармен бірге үйішілік желілерді жөндеу және қалпына келтіру мәселесі қалды. Қазір Қарағанды әкімдігі тиісті жұмыстарды жүргізуде. Шахан кентіндегі тәрізді тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы орталығы арқылы пайызсыз несие беріп, 50-ден астам үйді орталық жылу желісіне қосуға тырысамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұқарамен бетпе-бет

Жоғарыда биыл облыс әкімінің халықпен кездесуі жаңа форматта өткенін жаздық. Arlan орталығының бірінші қабатында үстелдер қойылып, Ермағанбет Бөлекпаевпен бір мезгілде басқармалардың, департаменттер мен коммуналдық қызметтердің басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қабылдау бір терезе қағидаты бойынша және электронды кезек тәртібімен өтті.

Кездесуге келген халыққа қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, осы 6,5 сағат барысында жедел жәрдем қызметкерлері де тырп еткен жоқ. Одан бөлек, баламен келгендердің жағдайы да қарастырылған. Ол үшін арнайы ойын алаңы жабдықталып, ата-анасы қабылдауда болғанда балалары емін-еркін ойнап, уақыттарын өткізді.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты және мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев те кездесуде болды. Бірақ, қабылдауға емес. Бұл жолы ол билікке базыналарын айта келген ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға кеңес беруге келіпті. Ол мұндай кездесулер халықтың шенеуніктермен бетпе-бет кездесіп, түрлі сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретінін айтады.

– Өңір басшысы мүгедек адам­дар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың мәселесін жеке бақылауында ұстайды. Қарағандыда Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Сұрақтардың бір бөлігін орталық арқылы шеше алсақ, онда қызметкерлер жедел көмек көрсетеді. Ал, егер басқармалардың құзыретінде болса, біз олардың өкілдерімен кездестіреміз. Десе де, республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелер да бар. Ондайда жо­ғары органдарға жүгінеміз, – дейді Нияз Сүндетәлиев.

Айту керек, қабылдау кезінде бірқатар басқарма басшыларына жүгінгендер болмаса, енді біріне әжептәуір кезек пайда болды. Соның бірі – облыстың полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловқа келушілер. Әр адамды мұқият тың­дап, мәселесін шешуге тырысты полиция полковнигі. Тырысып қана қойған жоқ, бірден әрекет етіп, тиісті бөлініс басшыларына тұрғындардың көзінше бейнебайланыс арқылы шығып, қатулы қабақпен тиісті нұсқаулар да берді.

Мәселен, Павлодар тасжолының бойындағы «Мечта» саяжай қоғамының мүшелерінен бірнеше жыл қатарынан полиция арыз қабылдамаған. Айтуларынша, 180-ге тарта саяжайдың 140-ы – тоналған. Бұл тонау ғана емес, көпе-көрнеу морадерлік деп күйінеді.

– Құлыпты сындырып, ішке кір­генімен қоймай, терезе шыныларын сындырып кеткен. Полиция бөлімінің табалдырығын тоздырғанымызбен, арызымызды қабылдамады. Тіпті, уақытымыз жоқ деп, бірнеше сағат отырғызып қойған кездер де болды. Ал, күнде бара беруге уақыт та болмай қалады. Табылса, бір шешімі осы жерден табылар, жанайқайымыз жетер, көмек көрсетер деген оймен келдік кездесуге, – дейді «Мечта» саяжай қоғамының мүшелері.

Ал, аты-жөнін жасыруды сұ­раған осы қоғамның мүшесі өзінің саяжайы үш рет тоналғанын айтады. Күндердің-күнінде «Саяжайдағы үйінің орнында үйінді ғана қалады-ау!» деп уайымдаған тұрғын арызын полиция бөлімінің қызметкерлері қараусыз қалдырып, «жеке тәртіпте сотқа жүгін» деп жауап берген.

– Бірқатар сұрақтарды дер кезінде шешу мүмкін болса, енді біріне уақыт керек. Ал, қандай да бір іс-шаралар атқару, немесе, бөлініс мамандары керек болса, мен қол астымдағы қызметкерлермен бейнебайланысқа шығып, кездесетін уақытты белгілеп, атқарылуы тиіс іс-шараларды нақтылаймыз, – дейді Құрманғали Ысмағұлов.

«Халық үшін қызмет еткен әкімге рахмет!»

Тоғыз жыл қатарынан әкім кездесуінен қалмай келе жатқан Мос­товая көшесі, 44 үй тұрғыны Алмагүл Жанкина облыс әкіміне алғысын айтуға келген.

– Ермағанбет Қабдулаұлы қала әкімі болып тұрғанда көп көмегі тиді. Кезінде қаланың үлкен Михайлов бөлігінде жол да, жарық та жоқ еді. Соның бәрі қазір ретке келтірілді. Халық үшін қызмет еткен әкімге рахметімді айтып, алғыс білдіруге келдім, – дейді ол.

Алды келушілерден босамағанның бірі – Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдері. Тұрғындар ауланы абаттандыру, балалардың ойын алаңдары, үйлердің шатыры, су, жарық мәселелерімен келіпті.

Облыс орталығындағы ең үлкен аудандардың бірі – Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімі Досбол Күлекеевтің кездесу барысында алды адамнан, қолы жазудан босаған жоқ. Келушілердің сұрақтарын мұқият тыңдап, әрқайсысына байыппен жауап берген әкім шаршаса да, сыр бермеді. Кездесуден кейін де шаруасы шаш етектен тәрізді. Ол алдындағы қағазынан-ақ белгілі. Ешқайсысын қалт жібермей, түртіп жазып алып отырды.

– Келушілердің барлық мәселелерін жазып алып, қайсыбірін дереу реттеп жатырмыз. Мәселен, есік алдында қураған ағаштар көп деп келгендер бар. Жазда мердігерлердің болмауына байланысты, жұмыстарды жасай алмасақ та, қазір атқарып жатырмыз. Мердігермен осы жерде байланысқа шығып, келушілердің сұрақтарына олардың өздері жауап берді, – дейді Досбол Батырбекұлы.

Сұрыптау, Пришахтинск сияқ­ты елдімекендер кіретін ең үлкен ауданда, әлбетте, түрлі проблемалардың болатыны анық. Анығында, дәл осы жерлердің біраз көшелері әлі абаттандырыла қоймаған. Дегенмен, жайлап болса да, жұмыс жүруде. Аудан әкімдігі біраз көшелер жарықтандырылып, асфальт болмаса да, лайланбау үшін тас төсеп, біршама тегістеп қойған.

«Бір жылда бәріне үлгеру мүмкін емес» деген әкім кездесуге шағыммен емес, алғыспен келгендердің бар екенін де айтады.

– Биыл Пришахтинск қаласында Әуезов көшесінің жолын дұрыс­тап, жарықтандыру мәселесін шешіп берген едік. Сол үшін халық дән риза. Кездесуге арнайы келіп, рахметтерін айтып кетіп жатыр. Бұл – бір ғана мысал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халықтың жергілікті мәселесі толығымен шешілуі тиіс. Мәселен, жол, жаяу жүргіншілер жолы, көлік қатынасы сияқты мәселелерді оң шешуге болады. Жұмысымызды әрі қарай жалғастыра береміз, – деді Досбол Батырбекұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button