Бас тақырып

Қалтаны қаққан қаржы пирамидасы

Еңбек етпей ақша тауып қарық боламын деу, ертегі екенін түсінетін жағдайға жетсек те, қаржы пирамидаларына өз еркімен ақша салатындар саны көбейіп тұрғаны еш құпия емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге қатысты 2021 жылы құқық қорғау органдарының басшылық құрамымен өткен кеңесте қаржы пирамидаларына қарсы күресті күшейтуді, оларды құру фактілерінің жолын түбегейлі кесуді қадап тапсырған болатын. Дәл осы жылы Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін, экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігі құрылған болатын. Осы кезден бастап, аталған агенттіктің өңірлік бөлімшесі – Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қылмыстық істер қозғау арқылы 23 қаржы пирамидасын бейтараптандырып, жойды. Жалпы, ел бойынша пайда болатын қаржы пирамидаларының атауы жеті қат жер астына жасырынған құпия емес. Дәл осы агенттіктің сайтында сайрап тұр әрі дүркін-дүркін жаңарып отырады. Оңай жолмен ақша табамын деп, ашкөздікке салынбас бұрын, әуелі бірер минут уақыт қиып, көз жүгіртіп өтер болсақ, дәл осындай өкінішке орын алғызбас па едік, кім білген?!

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Алаяқтар ауылдан да шығады

Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ернар Махаев қаржы пирамидалары қоғамның өзекті мәселелерінің біріне айналғанын айтады.

– Қаржы пирамидасын құру және оның қызметіне басшылық ету – бұл халықтың мүддесі мен құқықтарына, сондай-ақ, мемлекеттік биліктің беделіне әсер ететін ең күрделі қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірі. Қаржы пирамидасы – тиімді инвестицияларды имитациялайтын алаяқтық жоба. Қаражат ақша салып қана қоймай, өзімен бірге басқа адамдарды да тартатындардың есебінен түсіп тұрады. Бұл ретте пирамиданың жоғарғы жағындағылар шынымен табыс таба алады. Ал, соңынан келгендер аңғалдықпен ақшаларын салып, алданып қала береді, – дейді Ернар Ғабдулұлы.

Жоғарыда облыстың экономикалық тергеу департаменті 23 қаржы пирамидасын бейтараптандырды деп айтқан болатынбыз. Олардың қатарында «QI Trade Kazakhstan», «Лидер Капитал 168» МҚҰ ЖШС, «Finiko», Sincere Systems Group, «Business Game» интернет жобалары, «Не работа», «Котел» жобалары, «Тендер», Bay Life, «Millioner777», Life is Good, «Луч света», The Great Tower, «Рассвет и Миллионеры», «Люкс», «Өзіміз ғой, Арай», «Faberlic», «Доверие», «Amanat Home», «Елім-ай 2019», «GAP», «Табыс» сияқты ұйымдар бар. Ернар Махаевтың айтуынша, дәл осы алаяқ ұйымдарға алданған салымшылар саны үш мыңнан асса, оның бір мыңнан астамы – облыс тұрғындары.

– Биыл қаржы пирамидаларын құрған алаяқтарға қатысты төрт үкім шықты. Атап айтқанда, «Лидер Капитал» пирамидасын құрған адам 9 жылға, «Тендер» пирамидасы бойынша – бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, WhatsApp желісі және Telegram арналары арқылы халықтың ақшасын жинаған екі адамға 3,5 жыл мерзімге бас бос­тандығын шектеуге үкім шығарылды, – дейді Ернар Махаев.

Қаржы пирамидасын құрушылар үлкен қалаларда немесе облыс орталығында ғана деген де жаңсақ түсінік. Ол үшін смартфон мен интернет болса болды. Мәселен, 3,5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шыққан алаяқтардың біреуі – Бұқар жырау ауданының, ал, екіншісі – Шет ауданының тұрғыны.

Ескертуді ескергеннің ұпайы түгел

Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті жүргізіліп жатқан жедел іс-шаралармен қатар, профилактикалық жұмыстармен де айналысады. Атап айтқанда, интернет-кеңістікке мониторинг жүргізеді. Мәселен, биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 1312 сілтеме анықталған. Оның 1097-сі – бұғатталса, 137 сілтемемен жұмыс жүргізілуде. «Осылайша, біз азаматтарды қаржы пирамидаларының белгілері бар 1097 интернет-жобаға алдануларына жол бермедік», – дейді Ернар Махаев.

Одан бөлек, департамент бұқаралық ақпарат құралдарында да тұрғындарды қаржы пирамидаларына тарту фактілерінің алдын алу бойынша жұмыстар ұйымдас­тырған.

– Биылдың өзінде республикалық және облыстық телеарналардың жаңалықтар бағдарламасында қаржы пирамидаларын құрудың 21 фактісі жарияланды. Одан бөлек, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу түбіртектерінде де жарнама жасадық. Осылайша, 320 мың тұтынушы қамтылды. Өткен жылы «Magic Park» ЖШС, «Сарыжайлау» кинотеатры, «City Mall» сауда орталығының директорларымен келісім бойынша кинофильмдер шығарылғанға дейін қаржы пирамидаларының заңсыз қызметі туралы профилактикалық роликтер көрсетіле бастады, – дейді Ернар Махаев.

Бұдан бөлек, департамент қызметкерлері қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша дәріс сабақтарын өткізетінін айту керек. Мәселен, 3637 оқушы қамтылған 66 мектепте және жоғары оқу орындарында болған.

– «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында облыстың 2 мыңнан астам тұрғынына қаржы пирамидасы деген не, оның негізгі белгілері және қылмыскерлердің құрбаны болмау жолдары түсіндірілді. Барлығы 9 мыңнан астам қатысты. Оның ішінде, сабақтарға облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ, қарттар үйлері, балалар үйлері сияқты ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ облыс­тың діни бірлестіктері қатысты. Айтылғандардан басқа, агенттік «Байқа, пирамида!» жеделхат-ботын әзірлеген болатын. Ол жерге кез келген адам ұйымның атауы мен бизнес сәйкестендіру номерін жіберу арқылы оны қаржы пирамидасының белгілеріне тексере алады, – дейді Ернар Ғабдулұлы.

Пирамидада лицензия болмайды

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Наталья Кирсанова заманауи қаржы пирамидалары өздерін табысты ұйым ретінде көрсететінін айтады. Мәселен, алаяқтар өздерін микроқаржы ұйымы, букмекерлік кеңселер, инвестициялық қор, тұтынушы кооперативтеріміз деп жарнамалауы мүмкін.

– Бүгінде қаржы пирамидалары жұмыстарын әлеуметтік желіде белсенді жүргізуде. Танымал мессенджерлерде чаттар құрып, түрлі ұтыс ойындарымен қызықтырады. Жылдам ақша табумен қызықтыратын алаяқтар қажетті соманы жинап алғаннан соң өз қызметтерін тоқтатып, тұтынушылармен кері байланысты мүлдем үзеді, – дейді Наталья Кирсанова.

Бас маман қаржы пирамидасын анықтаудың жолдарын да айтады. Оның ең алғашқысы әрі маңыздысы – ұйымда қызметті жүзеге асыруға қаржы нарығын реттеуші орган лицензиясының болмауы. Яғни, қаржы пирамидалары қаржы ұйымы емес. Сондай-ақ, ұйым шетелде тіркелді екен деп, көзсіз сенуге де болмайтынын айтады Наталья Кирсанова.

– Қаржы пирамидасының екінші белгісі – аз уақытта көп қаржы табуға уәде беретіндігінде. Ал, үшіншісі – компанияның немесе жобаның басшылары туралы ақпараттың құпия болуы. Олар өздерінің қызметін мұнай, алтын өндіретін компаниялармен болмаса, ірі құрылыс компанияларымен байланыстырып, тез арада үлкен табыс табуға үндейді. Одан бөлек, есеп беруден жалтаруы да тұрғындардың күдігін тудыруы тиіс. Қаржы пирамидасының тағы бір белгісі – әлеуметтік желідегі жарнамасының жер жаруы, – дейді Наталья Кирсанова.

Сондай-ақ, қаржы пирамидалары атауын, белгісін, жарнамаларын танымал компанияларға, брендтерге ұқсатып қояды. Кеңсесінің болмауы немесе заңды тұлғаның тіркелген жері болмауы да күдік тудыруы тиіс.

Агенттік құқық қорғау органдарын қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдар туралы үнемі хабардар етіп отыратынын айту керек. Ал, қаржы ұйымының лицензиясы бар-жоғын агенттіктің www.GOV.kz. ресми сайтында тексеруге болады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button