Алпыстың асқарлы асуында
Азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Демек, кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалды өзімізге-өзіміз қоюымыз заңдылық. Белгілі бір саланы ғана меңгеріп, сол арқылы-ақ ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтар тірлігімізде аз емес. Ал, енді бір емес, бірнеше салада қатар еңбек етіп, барлығында да жарқырай көрініп, көзге түсіп жүргендер баршылық.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, әдебиеттанушы ғалым, сыншы Жандос Смағұловпен таныстығымыз 1974 жылдың тамыз айынан бастау алады. Аталған жылғы мектеп түлектерімен Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылдау емтиханын тапсырып жатқан кезіміз.Үш пәнді ойдағыдай тапсырып, төртінші ағылшын тілінен сол кездегі тәртіп бойынша ауылдық мектеп бітірушілерге қойылатын қанағаттанарлық бағаны қойдырып, университет қақпасынан шыға бергенімде сұңғақ денелі, қағілез қимылды, аққұба өңді жас жігіт «Қайда тапсырдың, қайда оқымақсың?»-деп, жанаса берді. Алғашында түсінбей қалғаныммен алақандай отты да ашық жанарынан арамдық байқалмаған соң «Филфакқа, қазақ тілі мен әдебиетіне» деп, қысқа қайырдым. Ол тап бір жоғалып табылған туысын көргендей қолымнан ұстай алып, «Тамаша, түссек бірге оқимыз» деп, қатарласа берді. Міне, содан бері 42 жыл уақыт өтіпті, тәубә, әлі қатарласып келеміз.
Бес жыл бірге оқыдық. Студенттік қызық та қиын жастық шақты бірге өткіздік. «Бүтін құртты бөліп жеп, жарты құртты жарып жеп», студенттік кездегі маргарин жаққан қара нан мен қара шайды бірге іштік. Менің өмір сапарында қиналған шақтарымда иығын төсеп тірек бола білген де осы досым. «Дұшпан күлдіріп, дос жылатып айтар» дегендей, ащы шындықты бетке айта алатын жалғыз адам да – осы досым. «Дос боламын десең, кешірімшіл бол» дегенді де, өз бойындағы қасиет-қабілетімен ғұмыр бойы дәлелдеп келе жатқан да – осы азаматым. 42 жыл бойы өмір сынынан қатарласа өткен екеуміздің арамыздағы осы бір достықтың жыры қанша жазсаң да, айтсаң да таусылмас бір тарихтай. Осы жылдар бойы тағдырдың алға тартқан қиын сындары мен қуанышты сәттерін бірге бөлісіп келе жатқанымызға да тәңір куә.
Сол алғаш таныс болған күннен бергі Жандос досымның жұмыста, қоғамда, өз ортасында жеткен биіктері көз алдымда өтуде. Қазіргі өзіміз көтерілген 60-тың биігінен өткен күндерге көз салсақ бір кездегі талабы таудай, арманы асқақ балаң жігіттің жас ақын атанып, «Балауса» үйірмесін басқарып жүргені, әуесқой актер ретінде университет сахнасында Төлеген рөлін сомдағаны, одан бергі мектеп мүдірі (директоры), университет оқытушысы, ғылым жолындағы жетістіктері т. б. тізбектеле сомдалып, талай биіктерді бағындырған, арман асқарына шыққан Жандос Қожахметұлының жарқын бейнесін көрсетеді. Бұл ойымызды ғалымның өмірбаяны нақтылай түспек.
Жандос Қожахметұлы 1956 жылы, 16 қыркүйекте еліміздің ең көрікті де шұрайлы өңірі Ақтоғай ауданы, «Қаратал» кентінде (қазіргі Шабанбай ауылы ) еңбекші отбасында туылған. 1973 жылы осы ауылдағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды политехникалық институтының тау-кен істері экономисі мамандығына туыстар талабы бойынша оқуға түседі. Алайда, бұл мамандықты жаны қаламаған жас ұлан 1974 жылы бірінші курстан соң аталған институттан құжаттарын алып, Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне тапсырып, конкурс арқылы оқуға түседі. Міне, дәл осы күннен бастап жас ұланның бүгінге дейінгі өмір жолы тек қазақ әдебиетімен байланысты өрбиді. Университетті бітірген 1979 жылы Ақтоғай ауданындағы Қ.Нұржанов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, 1980-1982 жылдары «Жамшы» сегізжылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін атқарған. 1983 жылы ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып орналасқаннан бері осы оқу орнында табан аудармай еңбек етуде. 1993-1995 жылдары ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 2000-2003 жылдары журналистика кафедрасының меңгерушісі, 1995-1997 жылдары факультет деканының орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір қазақ әдебиеті кафедрасында профессорлық қызметте. 2005 жылы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен доцент атағын, 2011 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) толық мүшесі болып сайланып, академик атағын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылдың “Жоғары оқу орындары үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алған.
Профессор Ж.Смағұловтың зерттеу нысанасының басты бағыты – ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихы мен әдіснамасының мәселелері. 1993 жылы 10.01.02 – «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша «Қазақтың әдеби мұрасын игеру проблемалары» деген тақырып бойынша кандидаттық, 2009 жылы «Қазақ әдебиеттану ғылымының туу және қалыптасу жолдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ж. Смағұлов – 4 монография, 7 оқулық пен оқу құралы және 9 оқу-әдістемелік құралдардың, 250-ден астам ғылыми және сын мақалалардың авторы.
Ғалым өз зерттеулерінде қазақ халқының сыншылдық-эстетикалық, әдеби-теориялық, әдеби-тарихи көзқарастардан құралатын ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірінің туу-қалыптасу жолдарын ғылыми таразылады. Ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің әлемдік әдебиеттану әдіснамасындағы ғылыми мектептер мен зерттеу әдіс-тәсілдерін меңгеру бағытындағы бастан өткерген тарихи жолы сараланған. Қазақ халқының сыншылдық-эстетикалық, әдеби-теориялық, әдеби-тарихи көзқарастардан құралатын ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірінің туып-қалыптасу жолдарын ғылыми таразылады. Ұлттық әдебиет ғылымының жеке сала ретінде туу, қалыптасу жолындағы әдіснамалық ізденістері мен іркілістері, жетістіктері мен кемшіліктеріне қазіргі кезеңдегі өскелең талап деңгейінде баға бере білген.
Профессор Ж.Смағұловтың ғылыми еңбектерімен шетелдіктер де жақсы таныс. Мақалалары Ресей, АҚШ, Болгария, Қытай, Түркия, Грузия, Қырғызстан т.б. елдердің ғылыми журналдарында жарияланған. 2005 жылы Халықаралық «Кәтеп» қорының шақыруымен Түркияда болып, Анкарада Гази атындағы университетте, 2014 және 2015 жылдары Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық университетінде, Күйтін қаласындағы Шыңжаң қолданбалы кәсіптік техника институтында дәріс оқып қайтқан. 2015 жылы Қытай Халық Республикасының астанасы – Пекин қаласындағы Орталық Ұлттар университетінде (Минзу университеті) бір ай дәріс оқыды. Еңбегін жоғары бағалаған қытайлықтар 2015 жылы Іле педагогикалық университетінің құрметті профессоры атағын береді.
Әдебиеттану ғылымы саласында ізбасар шәкірттер дайындау жолында да айтарлықтай жетістіктерге жетті. 2 филология ғылымдарының кандидаты мен 8 ғылым магистрантына ғылыми жетекшілік жасап, олардың ұлт әдебиеті тарихын зерттеудегі ізденістеріне жол ашты. Адал еңбегі лайықты бағаланып, екі рет Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Құрмет грамотасымен», «Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ге 40 жыл» және «ҚарМТУ-дың 60 жылдығы» мерейтойлық төсбелгілерімен, республикалық «Өрлеу» ғылым-білім орталығының «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Жандос Қожахметұлы жұбайы – Гауһар екеуі үлгілі отбасы иесі. Тұңғыштары – Тоғжан мен күйеубаласы – Талғат екеуі де облыстық кеден комитетінде жауапты қызметтер атқарады. Медина мен Ибраһим, Исмайыл атты немерелері бар. Ұлы – Елдос Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Ғази атындағы университетін бітіріп, Астанадағы «Sembol Construction» атты ірі түрік құрылыс компаниясында қаржыландыру маманы болып жұмыс жасайды. Келіні Мәдина – «TІ Engineering & Services Kazakhstan» компаниясы бас директорының ассистенті. Жангелді атты немере сүйіп отыр. Егіз қызының үлкені – Аяулым «Еуразия» банкінде бизнесті басқару білімінің жетекші маманы болса, Арайлым – «Астана бас жоспар» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, күйеу баласы Ердос – КР Мемлекеттік күзет қызметі «Айбын» Президенттік полкінің офицері.
Тәжірибелі ұстаз- оқытушы Ж.Смағұлов – университет, факультет, кафедра ұжымы және студенттер арасында беделі аса жоғары, сыйлы маман. Бұл – оның адам және маман ретіндегі азаматтық тұлғасы мен қабілетінің жоғарылығын көрсететініне толық дәлел. Өз әріптестерімен өзара түсіністікте жұмыс жасауға, рухани ортақтастықта, кез келген проблеманы тиімді көзқарастар ортақтастығында шешу жолына бар күшін сала біледі. Жандос Смағұлов – ардақты әке, ұлағатты ұстаз, үлкен ғалым болумен қатар, кесек мінезді, адамгершілігі жоғары жан ретінде елге – сыйлы, халыққа – қадірлі. Өмірде, қай қызметте болмасын адалдығынан айнымаған, қандай жетістікке де өзінің адал еңбегі, білім, қажыр-қайратымен жеткен Жандос Қожахметұлының өнер, ғылым-білімнің соңына түскен, ізін жалғастырар шәкірттеріне, жалпы өскелең ұрпаққа айтар ақылы, берер тағылымы өлшеусіз, оның алдағы күндерде жалғаса береріне сенімдіміз.
Асқарлы 60 жас құтты болсын, аяулы дос! Өзіңді өмірдің өрінен, бақыттың төрінен көре беруді бұйыртқай!
Асылбек Жартыбаев,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
“Бегопарк” отбасылық демалыс және бизнес орталығының
Бас директоры.