Бас тақырып

Алпауыт компанияда апат жиіледі

17 тамызда сағат 10:05-те «Қазақстан» шахтасында Д6 (горизонт – 170 м) көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасының өртенуі орын алды. Сол уақытта жер астында барлығы 227 адам болған. Ал, өрттен бір күн бұрын конвейер таспасы ауыстырылған екен. Кеніштегі 222 жұмысшы жер бетіне шығарылды. Құтқарушылар үш адамның денесін тапты. Қалған екі адам іздестірілуде. Өртті оқшау­лау жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде шұғыл тапсырма берді. Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Ал, аталған шахтада апаттық-құтқару амалдары кешегі күнге дей­ін жалғасты.

Депутаттар талабы: компания басшылығы жауапқа тартылсын

Өрт фактісіне байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр.

Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі AMANAT фракциясының қос депутаты – Құдайберген Бексұлтанов пен Ерлан Саиров Бас прокурорға трансұлттық компания басшылығын жауапқа тарту туралы талап хат жолдады.

Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин құтқару жұмыстарының қиындығын кеніштің ерекшелігімен байланыстырады.

– Барлығыңыз метрода болып көрген шығарсыздар. Өндірісті ошақтарда лаулаған өртті қолма-қол сөндіре салу қолдан келмейді. Бұған алдымен қою түтін мен жоғары температура апаттық-құтқару жұмыстарын едәуір қиындатады, – деді Вадим Басин.

«Қазақстан» шахтасында кеншілердің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін позициялау жүйесі жұмыс істемегені жайлы мәліметтер келіп түсті. Болжам бойынша, өрттің эпицентрі аймағында болған опто- талшықтың зақымдалуына байланысты жүйе істен шыққан. Орналастыру жүйесі өшірілгеніне қарамастан, ол өрт басталғанға дейін жер бетіне шықпаған бес кенші болған деректерді ұсынып үлгерген. Бірінші болып табылған екі кеншінің денесін құтқарушылар дәл осы мәліметтер бойынша тапты.

 

Өрескел қателіктер өртке итермелеген

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің облыс бойынша басшысы Кеңгірбай Есенеев арнайы брифингте өткен жылы «Қазақстан» шахтасында жүздеген тәртіп бұзушылықтардың анықталғанын жасырмады.

– Онда 168-ден астам заң бұ­зушылық анықталып, айыппұл түрінде заңды тұлға жауапқа тартылды. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар үшін талап-арыз материалдары үш нысанды тоқтата тұру мақсатында экономикалық сотқа жолданды, – деді Кеңгірбай Алиақпарұлы.

Алайда, аталған шахта өрт салдарын жойғаннан кейін жұмысын жалғастырады.

– Құтқару жұмыстары толығымен аяқталысымен кейін комиссия шешімі шығарылады. Хаттамаға сәйкес тиісті іс-шаралар жүргізіліп, өндірістік жабдықтарды қалпына келтіру іске асырылады. Осыдан кейін шахта штаттық режимде іске қосылады, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.

 

Қолдау құны

Компания өкілдері қайтыс болған кеншілердің отбасы мен ет жақындарына көңіл білдіре отырып, қаза тапқан кеншілердің отбасылары жан-жақты қолдау көретінін хабарлады.

– Аталған қолдау жерлеу шараларының шығынын өтеу; қайтыс болған қызметкерлердің он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем; 18 жасқа толғанға дейін әр балаға ай сайынғы сақтандыру төлемі (егер бала студент болса, 23 жасқа дейін); мұқтаж отбасына тұрғын үй сатып алу немесе баспанаға тең біржолғы өтемақы; тұрғын үйді жөндеуге төлемақы; ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін жабу; компания кәсіпорындарында әйелдер мен балаларды жұмысқа орналастыруға мейлінше жәрдемдесу; әйелдер мен балаларға арналған шипажайлар мен балалар лагерьлеріне жыл сайынғы жолдамалар,– деп хабарлады кәсіпорын баспасөз қызметінің өкілдері.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасында ауруханаға жатқызылған кеншілердің жағдайы баяндалды.

– 17 тамызда профессор Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға тоғыз кенші жеткізілді. Олардың екеуі реанимацияда болды, қазір токсикология бөліміне ауыстырылды. Олардың жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты. Науқастардың сана-сезімі бірқалыпты. Ауырлығы жедел интоксикация синдромы мен энцефалопатияға, гемодинамиканың тұрақсыздығына, уланудың токсикогендік кезеңіне байланысты. Гемодинамикалық көрсеткіштер тұрақты, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

 

Соңғы 17 жылда – 20 апат

«АрселорМиттал Теміртау» тау­кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огайдан журналистер кеншілер жалақысының мөлшерін атауды сұрады.

– Тау-кен учаскесіндегі кеншілер шамамен 860-880 мың теңге алады. Бұл бағам жоспар толық орындалса, қауіпсіздік шарттары мен өндірістік көрсеткіштер игерілсе, төленеді. Көмекші учаскедегі үшінші разрядтағылардың жалақысы шамамен 500-515 мың теңге, – деді Сергей Огай.

Ашық дереккөздер мәліметінше, 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапқан. Кезекті төтенше оқиға резонанс тудыр­ды қоғамда.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button