Алматыда Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты сот басталды

Алматыда Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты сот басталды, деп хабарлайды Оrtalyq.kz  Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Оған бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды және адам ұрлады деген айып тағылған. Қайрат Сатыбалдының өзі де өткен жылы аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін 6 жыл жаза арқалаған.

Айыпталушы орындығында Гүлмира Сатыбалдының жүргізушісі мен көмекшісі де бар. Тергеу мәліметінше, олар екі кәсіпкерді бопсалап, бизнестегі үлестерін өз атына жаздырған. Жәбірленушінің бірі – Баян Алагөзованың күйеуі Тұрсын Алагөзов. Ал екіншісі – Айгүл Мекешова. Оған күш көрсетіп, миллиард теңге тұратын компаниясын 375 мың теңгеге сатып алған дейді тергеушілер.

Келтірілген шығын көлемі 6 млрд теңгеден асып жығылады. Бірақ айыпталушы тараптың адвокаттары Алагөзов өз компаниясындағы үлесін экс-жұбайының атына өтіп кетпеу үшін қасақана өзге адамға рәсімдегенін алға тартуда. Сондықтан істі бас прокуратураның тергеуіне қайтарылғанын қалайды. Сондай-ақ заң талаптарының өрескел бұзылғанын айтқан адвокаттар судьядан бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді және істі Астана қаласына жіберуді де сұрады. Судья айыпталушыны қамаудан босатқан жоқ. Бірақ қылмыстық іс бұдан былай елордада қаралатын болды.

– Сатыбалды Гүлмира 2020 жылдың маусымынан қыркүйек айына дейін Алагөзовке моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, «Galanz Bottlers» АҚ үлесінің 45,25 пайызын өз атына жаздыртқан. Сатыбалды Гүлмира, Батыршаев пен Өтебеков ұйымдасып, Мекешованы Алматы облысы Жандосов ауылына күшпен алып кеткен. Сосын оған қоқан-лоқы мен психологиялық қысым көрсетіп, алдын ала дайындалған құжаттарға қол қойдыртқан, – дейді прокурор Акромат Мұхтаров.