Аллергияны аллергенмен емдейміз
Аллергиктердің ең қорқатыны – жусан. Шілденің ортасынан бастап тамыз бойы жусанның тозаңдануы көптеген адамдарда маусымдық аллергия тудырады. Айта кетерлігі, оған шалдыққан адамдардың қатары көбейіп келеді. Маусымдық аллергияның пайда болуы, сақтану және емделу жолдары туралы облыстық аллергологиялық орталықтың аллерголог дәрігері Дина Сарбасовамен сұхбаттастық.
– Маусымдық аллергияның пайда болуы себептерінен бастайық…
– Маусымдық аллергияның себебі – көп жағдайда өсімдіктер. Аллергия көктем келісімен ағаштар бүр жарғанда басталуы мүмкін. Одан кейін шілденің ортасында жусан гүлдегенде өрши түседі. Жусан Қазақстанда, әсіресе, біздің өңірде аллергия тудыратын себептердің негізгісі. Орталыққа күніне 15-20 адам келетін болса, соның жартысынан астамы маусымдық аллергиядан зардап шегеді.
– Бұл дертке әдетте кімдер шалдығады? Балалар ма, егде жастағы адамдар көп пе?
– Негізі осы жаста пайда болады деп нақты айтатын емес. Ол 3 жаста да, 35 жаста да кенеттен пайда болуы мүмкін. Бірақ, негізі ауырғандардың дені 17-40 жас аралығында. Аллергия барлық жаста да пайда болуы мүмкін.
– Маусымдық аллергияның белгілері суық тию жағдайларына ұқсайды. Олардың ерекшелейтін айырмашылық бар ма?
– Аллергия кезінде мұрын мен көз қышып, су ағады, қызарады, түшкіреді, жөтел болады. Иә, бір қарағанда бұл белгілер суық тиген адамда да болуы мүмкін. Бұл ретте аллергиямен ауырған адамда дене қызуы көтерілмейді, ол суық тиген адам сияқты әлсіремейді.
– Түтінге аллергия болуы мүмкін бе?
– Түтін аллерген емес. Ол аллергия туғызбайды. Бірақ, ағзада гипер сезімталдық пайда болуына әсер ететін қауіпті фактор болуы мүмкін. Ол мұрынды қабындырады. Мәселен, терек – аллерген, бірақ, оның тозаңы – аллерген емес. Ол – тек тасымалдаушы. Түтін де солай.
– Аллергендерді анықтау үшін қысты күту керек пе?
– Аллергенді кез келген уақытта анықтауға болады. Біз қайсы түрі әсер етуі мүмкін екенін жазып береміз, науқас қысты күтпей анықтай алады. Ал, күн суытқанда емге кірісеміз. Егер адам уақытында емделмесе, асқынады. Аллергиялық риноконъюнктивит соңы бронхиалды астмаға әкелуі мүмкін. Бұдан басқа қосымша аллергия пайда болады. Мәселен, тамаққа, жеміс-жидекке.
– Аллергияны сол аллергенмен емдеу қаншалықты тиімді?
– Егер аллергия себебі өсімдік тозаңдары болса, бұл әдіс қолданылады. Ол аллергоспецификалық иммунотерапия деп аталады. Мысалы, адамда жусанға аллергия анықталса, сол жусанды минималды дозамен береміз. Ол екпе түрінде немесе тіл астына қоятын таблетка болуы мүмкін. Оның мөлшерін тек аллерголог дәрігер ғана анықтайды. Осылайша ағзада кері реакция туындап, бірте-бірте жусанға қарсы иммунитет пайда болады. Бірақ, бұл әдіс тағамдық аллергия түрлеріне қолданылмайды. Ол кезде элиминационды диета сақталуы тиіс. Аллергияға қарсы бұл емдер ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ал, жазда, маусымдық аллергия өршіп тұрған кезде тек симптоматикалық ем жасалады.
– Маусымдық аллергияның алдын алу мүмкін бе?
– Аллергиясы бар науқас бірінші кезекте аллергияның қандай өсімдікке екенін анықтауы керек. Сосын сол өсімдіктен аулақ болуы қажет. Алайда, бұл мүмкін емес. Бәріміз далаға шығамыз, серуендейміз. Сондықтан медикаментозды ем жасау керек. Дәрігер жазып берген дәрілерді ішу, үйдің, көліктің терезесін жауып жүру, көзілдірік тағу, даладан келгенде мұрын шаю, киім ауыстыру сияқты кеңестерді айтамыз. Ауру үнемі бақылауда болуы керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz