«Алимент төлеуді ұмытпашы, әке!»
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабы бойынша неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Ал, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Бірақ, бүгінгі мақала отбасындағы баянды тіршілік пен бақытты балалық шақ һақында емес. Ол – басқа тақырып. Айтпағымыз – алимент. Себебі, қанша айналып соқса да, жыры да, проблемасы да таусылмайтын бұл мәселе бүгінде жалғыз отбасының ғана емес, бүтін мемлекеттің бас ауруына айналған. Олай деуіміздің себебі – қазір Қазақстанда алимент бойынша 291 мыңға жуық борышкер бар екенін көрсетеді статистикалық деректер. Осының 281 мыңы – ерлер болса, 11 мыңнан астамы – әйелдер. Ал, биылғы жылдың басында алимент бойынша 16 мыңнан астам проблемалық өндірістер бойынша жалпы қарыз 20 миллиард теңгеден асқан. Аз сома емес. Бүтін бір ауданның бюджеті деуге тұрарлық осы 20 миллиард қаржының 1 683 728 140 теңгесі – қарағандылық әкелердің бауыр еті балаларын зар қақсатып, төлемей отырған сомасы.
Алимент төлеу – міндет
Алимент – отбасы мүшелерін қаржылық қолдаудың бір түрі. Оны төлеуден жалтарғандарды сот мәжбүрлеп төлетеді. Ал, кімнің қанша төлейтіні заңмен анықталады.
Бала үшін ата-ананың екеуі де жауапты. Егер отбасы бұзылса, бала кәмелеттік жасқа, яғни, 18 жасқа толғанға дейін, ал, білім алуды жалғастырса, 21 жасқа дейін асырауға міндетті. Бұл Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 138-бабында нақты жазылған. Яғни, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.
Қазақстанда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Яғни, осы мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, алимент өндірумен айналысатын жеке сот орындаушыларының өздері бос жұмыс орындары мен бос лауазымдарға жәрмеңкелерді аралап, борышкерлерді жұмысқа орналастыратынын айту керек. Одан бөлек, жыл он екі тұрақты негізде жұмыс жүргізетін олар қарыз әкелердің жасырын кіріс көздерін анықтап, борышкердің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларын тіркеуге ерекше назар аударады.
– Қарағанды облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Қайрат Жұмабайдың бұйрығымен алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау бойынша 12 мамандандырылған кеңсенің құрамы бекітілген болатын. Қазір осы кеңселердегі сот орындаушылары үлкен жұмыстар атқаруда. Мәселен, биылғы жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша облыста алимент бойынша берешек – 1 683 728 140 теңге. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында проблемалық алименттер бойынша 432 атқарушылық өндіріс бйынша 450 миллион теңгеден астам берешек өндірілді, – дейді Қарағанды облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының маманы Гүлмира Советқалиева.
Үш айдан астам алимент бойынша берешек болған кезде сот орындаушысы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Осыған байланысты банк шоттарына, нотариаттық іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады. Одан бөлек, ең бастысы – көлік те жүргізе алмайды.
– Берешегі барларға ел шегінен тыс жерлерге шығуға уақытша тыйым салынады. Алайда, бұл – қарыз өтелгенше қабылданатын шаралардың толық тізімі емес. Борышкерлер «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 125-бабына сәйкес, әкімшілік не қылмыстық жауаптылықта болады, – дейді Гүлмира Советқалиева.
Жасырыну жазадан құтқармайды
Жеке сот орындаушылары облыстың полиция департаментімен, прокуратурамен тығыз байланыста. Одан бөлек, баласы үшін туған әкесінен алимент алмай, басын тауға да, тасқа да соққан аналардың ауыртпалығын сәл де болса жеңілдету үшін Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығымен, Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Мақсат – алимент төлемеу үшін ресми жұмыстан қашқандарды жұмысқа орналастырып, борыш көлемін азайту. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1040 борышкерге жұмысқа орналасу қажеттілігі туралы хабарламалар табысталып, 49-ы жұмысқа орналасқан.
– 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жеке сот орындаушылары Әділет департаментіне 154 борышкерге қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар жіберді. Ал, 130 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 90 адамға айыппұл салынса, 40-ы – қамауға алынды. Ал, облыстың полиция департаментіне 64 борышкерді қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы материалдар жіберілді, – дейді Гүлмира Советқалиева.
Осыдан-ақ алимент төлеуден жалтарамын, болмаса, із-түссіз жоғалып кетіп құтыламын деуге еш негіз жоқ екенін бағамдай берсеңіз болады. Мәселен, жыл басынан іздеуде 84 борышкер болғанын айтады полиция қызметкерлері. Бүгінде 46 әкенің мекенжайы анықталып, тиісті шаралар қолданылуда.
– Отбасылық қатынастар мәдениетінің, ерлі-зайыптылардың әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігінің болмауы – алименттік құқықтық қатынастардың өзекті мәселелерінің себептерінің бірі. Алимент өндіріп алу туралы істер ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені бұл біздің балаларымыздың әл-ауқатына әсер етеді. Ал, әр баланың бөтендігі жоқ! – дейді Гүлмира Советқалиева.
Қылмыскер атану оп-оңай
Облыстық прокуратураның үйлестіруімен өткен жылдан қасақана алимент төлемейтіндер қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Бұл өз кезегінде, борышкерге құқықтық тұрғыдан әсер етуде нәтиже беретінін айтады облыс прокурорының аға көмекшісі Елдос Таласбаев.
– Әдетте, қылмыстық істі тергеп-тексеру сатысында борышкер алимент бойынша берешекті толық өтейді, болмаса, іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады. Айтар болсақ, 2023 жылдан бастап 74 қылмыстық істің 12-і тараптардың татуласуына және берешектің өтелуіне байланысты тоқтатылды. Алимент төлеуден қасақана жалтарған 39 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылды, – дейді Елдос Таласбаев.
Прокуратураның мәліметінше, баласына берешек бір ғана әкенің қарызы бірнеше миллионнан асып жығылады. Мәселен, «Н» есімді кәмелетке толмаған баланың әкесі қызын асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны салдарынан 3 млн. теңгеден астам сомаға берешегі болған. Осакаров ауданы прокуратурасының актісі негізінде полиция Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Яғни, аталған баптың санкциясы бойынша ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы, не сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
– Аталған азамат сот үкімімен борышкерге пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, бас бостандығын шектеуге сотталды. Қарызды өтеу үшін ол берешекті өтеумен қатар, 100 сағат жұмыс істеуіне тура келеді, – дейді Елдос Таласбаев.
Бұдан бөлек, прокуратура 119 борышкерді әкімшілік жауапқа тартқанын да айту керек. 5 млн. теңгеден астам қарызы бар әкені Шахтинск қаласы прокурорының қаулысы негізінде әкімшілік қамауға алған. Кәмелетке толмаған баланың әкесі тұрақты табысы бола тұра, ұзақ уақыт алимент төлеуден жалтарған. Сот орындаушысы борышкерді хабардар ету, шоттар мен мүлікке тыйым салу, сондай-ақ, міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілікті түсіндіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Сот актісі орындалды, борышкер қазір белгіленген қамауға алу мерзімін өтеп жатыр, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі.
Жалпы, бүгінгі күні прокурорлық ден қою шаралары нәтижесінде алимент бойынша берешек 80 миллион теңгеден астам сомаға өтелгенін айту керек.
Әйелден есеп сұрау – сорақылық
Жуырда «Заң бойынша алимент балалардың қажетіне, олардың оқуына, түрлі үйірмелерге жұмсалуы тиіс. Бірақ, бұл қаражатты балаға емес, алушы тарап өздеріне жұмсайтын жағдай жиі кездеседі. Мысалы, бала ақылы балабақшаға немесе үйірмеге бармайды. Керісінше, анасы жеке қажеттіліктерін алып, тіпті, шетелге демалатындар бар. Бұл нені білдіреді? Әрине, алимент балаға емес, оның анасына жұмсалып жатыр деген сөз. Мәселен, 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін алимент төлейтіндер бар. Олардың дені – ақшаның қайда кетіп жатқанын білгісі келеді» деп бастама көтерген болатын «Маскулизм» ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық өкілі. Олар алимент алып отырған әйелдер қаражатты қайда жұмсағаны жөнінде есеп беруді заңдастыру қажет деп отыр.
Бұл пікірге қатысты қоғам белсендісі Ләззат Қожахметова өз ойын білдірді. Айтуынша, тиісті алиментін дұрыс төлей алмай отырған әкелердің әйелдерінен есеп сұрауы – сорақылық.
– Әйел алған алименті үшін ешкімнің алдында есеп беруге міндетті емес. Балаға жауапты болумен қатар, жұмысын да қоса атқарып, бала-шағасы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әйелдерден есеп сұрауға ешқандай негіз жоқ. Алимент өзгенің емес, өзінің баласы үшін төленетін қаржы. Ол үшін есеп сұрау, ақылға қонымсыз, – дейді Ләззат Таймырқызы.
Қарағанды облысының тұрғыны да алиментке қатысты өз пікірін білдірді. Ол баласын күтіп-бағуға берілетін алименттен өз еркімен бас тартқанын айтады. Себебі, ақша бергісі келмеген безбүйрек әкенің соңына түсіп, уақытын алмауды жөн санаған.
– Сот үкімімен төленуі тиіс азын-аулақ соманың өзін алу қиын болып кетті. Сондықтан, алименттен өз еркіммен бас тарттым. Бұл шешімім дұрыс па, бұрыс па, білмедім. Бірақ, қиындықпен алған ақшаның да берекесі болмай қалады екен. Қазір әйелдер де ерлермен қатар жұмыс істеп, отбасын асырауға қабілетті. Ал, алимент үшін есеп беремін деп, барған жерден түбіртек жинап жүру, қисынға келмейді, – дейді Гүлраушан Еркенова.
Сөз соңы
«…Әркімнің өз шындығы бар. Бауыр еті баласынан безіп, алимент төлеуден жалтарған әке «екінші отбасын, ондағы дүниеге келген балаларын қалай асыраймын?» деп зар қағады. Дұрыстап тыңдасаң, еркектің жан-күйін түсінгендей боласың. Әйелін аяйсың. Қиналған пендеге пәтуа айту қиын…
Өмір бойы күйеуінің асырауында болып, не бір мамандықты меңгермеген әйел ол да бір пақыр. Таңның атысы, күннің батысы үй шаруасы, баласы деп, сүрінген-қабынған әйел дәл осындай жағдайға ұшырайтынын болжап білді дейсіз бе?! Әлбетте, жоқ. Әрі қарайғы өмірі қалай болатынынан да бейхабар. Әйелді де түсінгендейсің.
Мың сан тағдыр көз алдыңда көлбеңдеп өте береді. Осылайша, күйеуі тастап кеткенде балаларын өлтіріп, жоғары қабаттан секіргенді де түсінуге тырысасың.
Әркімнің өз шындығы, өз қайғысы бар. Әркімнің өз мұңы, ешкім білмейтін бір сыры бар. Ал, ақиқат ше? Ақиқат – біреу!
Ажырасқан еркек қандай жағдайда да балаларын асырауы тиіс. Ажырасқан әйел қандай жағдайда да баласын емізуі, ақысын өтеуі керек. Ақиқат – сол!
Әркімнің шындығына әр призмадан қарай берсек, бәрін ақтап алуға болады. Бәрін кешіруге болады. Бәріне кешіріммен қарауға болады. Бәрін түсінуге болады. Бәріне түсіндіруге болады. Алайда, ақиқат бар жерде ештеңені ақтап ала алмаймыз…» (TikTok парақшасынан)
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz