Алдағы қысқа әзірлік

 Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды қаласының Олимпийская көшесі бойында қаз-қатар тізілген коммуналдық техникалардың жай-күйімен танысып қайтты.

2004 жылы Қарағанды облысы әкімдігі қаулысы негізінде құрылған «Благоустройство» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны – облыс орталығы тазалығына бірден-бір жауапты мекеме. Аталған кәсіпорын қызмет көрсететін Қарағанды жолдарының жалпы аумағы 5 256 614 шаршы метрді құраса, ұзақтығы 486,6 шақырымға жеткен. Бұл аумақ – өткен жылмен салыстырғанда 223 743 шаршы метрге, жол ұзақтығы 50 шақырымға артқан.

Мәселен, Қазыбек би ауданы бойынша 3 081 821 шаршы метр жолдың ұзақтығы 487,6 шақырым. Октябрь ауданында бұл көрсеткіш 2 174 793 шаршы метр мен 196,9 шақырымды құрады. Автомобиль жолдарына келетін болсақ, Қарағанды қаласында барлығы 299 көше мен 210 жүріп өту жолына, 10 өтпежолға қызмет көрсетіледі. Бүгінгі таңда аталған аумаққа қызмет жасайтын «Благоустройство» кәсіпорнының 135 бірлік техника бар. Олардың 75-і – 2016-2017 жылдары сатып алынған жаңа техника салынады. Яғни, өткен жылы 60 техника сатып алынса, биыл бұл көрсеткіш 15 техникаға артып отыр.

Дегенмен, мұнша техника бола тұра биылғы қазан айының бас кезіндегі алғашқы көктайғақта тың техникалардың табандылық танытып, мұз үстіне тас қиыршықтарын да себе алмауына аймақ басшысы наразылығын білдірді.

Былтыр жаңадан алпыс техника, биыл тағы он бес техника сатып алынды. Ал, көктайғақ кезінде Қарағандыда қаншама көлік соқтығысып, ұзақ-сонар кептелістер орын алды. Алғашқы сынақтың өзінде сүрініп үлгердіңіздер. Ал, маған есеп берген кезде қажетті техниканың барлығын сатып аламыз, қыс айларында ешқандай келеңсіздік орын алмайды деп сендірдіңіздер. Енді қыс бойы осылай бола ма? – деді Ерлан Қошанов.

Әрине, ауа райы болжамы қызметі бар дәуірдің өзінде алғашқы көктайғақ қарағандылықтар үшін тосын жайт болғаны белгілі. Дегенмен, бұл – облыс әкімі үшін салмақты сылтау бола қоймады. Тұрғындар көлігіне қысқы тоңғалақ тағып үлгермеді дегеннің өзінде, коммуналдық кәсіпорын тарапынан бір көмек болуы тиіс еді. Өткен өтіп, бояуы сіңгенімен, алда әлі кем дегенде алты айға созылар қыс мезгілі барын қаперімізден шығармауымыз қажет. Аймақ басшысын алаңдататын да – осы. Алдағы қысқа алаңсыз бола аламыз ба деген сауал. Сөйтіп, бұл сұраққа Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жауап беруге тырысты.

Қарағанды қаласында тіркелген жол көлік оқиғасының үшеуі де Майқұдықта орын алды. Соған байланысты, сараптау жүргізе келе, жаңадан жөнделген жолдардың барын ескере отырып, «Благоустройство» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қосымша 101 техниканы тартты. Қосымша тендр рәсімі де жүргізілді. Бұдан бөлек, қосымша жүк өздігінен жүк түсіргіш көліктерін тағы алдық. Бұл көліктер қысқы мерзімде аса қажет. Барлық ірі орталық даңғылдар мен көшелерде 20 тонналық өздігінен жүк түсіргіш көліктер қызмет жасайтын болады. Бұл көліктер де әртүрлі. Кеңес өкіметі кезінде салынған үй арасындағы көшелердің басым бөлігі – тар. Мұндайда шағын жүк тиегіш пен аса ірі емес өздігінен жүк түсіргіш көліктерді қолданамыз, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ, Қазыбек би және Октябрь аудандары сегіз секторға бөлініпті. Яғни, Қазыбек би ауданында – Қала, Оңтүстік-Шығыс, Михайловка және Федоровка секторлары болса, Октябрь ауданында – Майқұдық, Сұрыптау, Пришахтинск және Узенка секторлары бар. Мұның қандай қажеті бар дерсіз? Айтайық, барлық коммуналдық техникаларды бір орынға жиып қоюдың да шығыны белшеден екен. Ең алдымен – жанар-жағармай үшін. Мәселен, қаланың қақ ортасында тұрған трактор, не болмаса өздігінен жүк түсіргіш көлік Майқұдықта қызмет жасауы тиіс болды делік. Ауыр техника болған соң, оның жылдамдығы жоғары емес. Екіншіден, осы қаралыққа жағатын жанармай да аз кетпейді. Сондықтан, әр сектордың өз техникасы болса, жұмыс та жылдам, әрі көп шығынсыз жүргізіледі.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.