Алаяқтар тактикасын өзгертуде: Жәбірленушілер өздері байланысқа шығады
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді.

Соңғы уақытта шетелдік дереккөздердің мәліметінше, кибералаяқтар шабуыл тактикасын түбегейлі өзгертіп, жаңа алаяқтық толқынын іске қосты. Бұл жолы қаскүнемдер азаматтарға тікелей қоңырау шалмайды, керісінше адамдарды өздері хабарласуға мәжбүрлейді.
Алаяқтар жеткізу қызметтері, басқарушы компаниялар және банк ұйымдары атынан хаттар мен SMS-хабарламалар жолдайды. Онда «авторизациядағы қате», «домофонды ауыстыру», «есептегіштерді тексеру қажет» деген сылтаулар айтылады. Хабарлама мазмұны тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып, көрсетілген нөмірге қайта қоңырау шалуға итермелейді.
Нәтижесінде, еш күмәнданбаған азаматтар алаяқтармен өз еркімен байланысқа шығып, киберқылмыскерлерге әлеуметтік инженерия әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл арқылы қаскүнемдер банк карталарының деректерін, бір реттік SMS-кодтарды немесе өзге де құпия ақпаратты алуға тырысады.
Осыған байланысты мамандар азаматтарға келесі қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:
• беймәлім кіріс хат-хабарлар мен қоңырауларға сыни көзқараспен қарау;
• ұйымдардың ресми сайттарында көрсетілген телефон нөмірлеріне ғана қайта қоңырау шалу;
• екі факторлы аутентификацияны пайдалану;
• банк карталарының деректерін, SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды және басқа да құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу.
Мамандардың айтуынша, кибералаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы — қырағылық пен цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау. Кез келген күмәнді жағдай туындаса, ресми органдарға немесе банкке тікелей жүгінген жөн.
Қырағы болыңыздар, өз деректеріңізді қорғаңыздар және киберқауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар.
Облыстық ішкі саясат басқармасынан

