Алаяқ алысқа бармайды
Қарағанды, Астана және Теміртау қалаларында қанатын кеңге жайған «Optovka» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Октябрь ауданының прокуроры Азамат ТЛЕШЕВ мәлімдеді.
– 5 қазанда «ФинансОптоГрупп» ЖШС директоры Елена Колесниковаға қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бізге мәлім ақпарат бойынша пирамида басшылығы мен тұтынушылар арасында шамамен 4 мың келісім-шарт жасалған. Мұның барлығын тексеру – өте ауқымды жұмыс, – деді Азамат Тлешев.
Прокурордың айтуынша, төрт есепшот тексерілді. Жымқырылған ақша соның бірінде жатуы мүмкін. Сондай-ақ, айыпкерлер қаржысын шетелдік банктерде де жасыруы ғажап емес.
Тергеу тобы «Optovka-ның» Қарағанды және Астана қалаларындағы кеңселеріндегі құжаттарды қолдарына түсіріп үлгерді. Ал, Теміртаудағы кеңседен барлық қағаздар жойылып кетіпті. Әзірге белгілісі, тек, Майқұдықтағы кеңседе құны 1 млрд. теңгені межелейтін 2 мың келісімшартқа қол қойылған.
Қаржы пирамидасының жетекшісі Елена Колесникова жұрттан жиналған қаржыны кәсіпкерлікке, ғимараттарды жөндеу жұмыстарына, такси кәсібіне, нақты жобаларды жүзеге асыруға жұмсағанын айтуда. Бірақ, оның мұндай істермен айналысқанын айғақтайтын құжат жоқ, – дейді прокурор. Бүгінде айыпкердің заңды жалғыз мүлкі – «Lexus» көлігі тәркіленді. Айыпкердің басыбайлы баспанасы да болмаған екен. Ұзақ уақыт бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Ал, қаржы пирамидасының шырмауына түскен қарапайым халық құқық қорғау органдарынан кәсіпкерді босатуды талап етуде.
– Пирамидаға ақша салған тұрғындар кәсіпкерді босатса, ақшалары қайтарылады деп ойлайды. Олай болмайтыны анық қой. Бізге 4 мың адамның 53-і ғана арыз түсірді. Халық түсінуі қажет, бұл қылмыстық іс қандай жағдай болса да, тоқтатылмайды, – деді өз сөзінде прокурор.
Бүгінгі таңда пирамида жетекшісі Октябрь аудандық сотының 18 қазандағы қаулысымен екі ай мерзімге қамауға алынды.
Нұрқанат ҚАНАФИН