Басты тақырыпСпорт

Алатау баурайында – спорт мерекесі

    Жаһан жұртының назары – Алаш жерінде. Жексенбі күні кешқұрым асқақ Алатау бөктеріндегі Алматыда ХХVІІІ Қысқы Универсиаданың алауы тұтанды. Салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ арнайы қатысты.

«Алматы – Арена» кешенінде өткен салтанатта Елбасымен бірге Халықаралық студенттер федерациясының президенті Олег Матыцин, бірнеше мәртебелі меймандар құрметті қонақтар қатарынан орын алды.

Әлемнің 57 мемлекетінен келген жастар құрамалары жиналған көрермендер алдында жүріп өтті. Шеруді Қазақстан командасы қорытындылады. Көк байрақты шаң­ғышы Дәулет Рахымбаев алып жүр­ді.

Универсиада ойындарын Нұрсұлтан Әбішұлы ашық деп жариялады.

«Бүгін – Ұлы дала елінде салтанатты спорттың ұлы мерекесі. Жастар сайысына 57 елден 2 мың­нан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер жиналды. Спорт бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен ті­лек­тестіктің символы. Қонақжай Қа­зақстан жеріне қош келдіңіздер!», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Универсиада қарсаңында Алматыда бірнеше спорт нысаны салынғанын айтып, отандық спорттың инфрақұрылымына қомақты инвестиция құйылғанын ерекше атап өтті. Дүниежүзілік додаға қатысушыларға ақ жол ті­леп, ойындар шымылдығы түрілді.

Салтанатта сөз алған Халық­аралық студенттер федерациясының президенті Олег Матыцин қазақ еліне деген алғыс сезімін жеткізді.

«Алматылықтарға шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Осында жиналған мыңдаған студенттерге қонақжайлылық танытып, керемет те ғажайып шараға ұйытқы болудасыздар. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­қа және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке қажырлы еңбектері үшін зор алғысымды айтамын», – деді Олег Матыцин.

Салтанат барысында мыңдаған көрермендер назарына әсерлі бағ­дарламалар ұсынылды.

Театрландырылған шоу 4 негізгі бөліктен құралды. Олар – «Кіріспе», «Жастар – Өмір – Еркіндік», «Энергия: Жер – Су – Жел – От» және «Болашақ» қойылымдары. Басты тақырып ретінде Қазақстанның Ұлы дала дәуірінен қазіргі кезеңге дейінгі шежіресі таңдап алынып, келешек жоспарлар көрініс тапты.

Универсиада ойындары 8 ақ­панға дейін жалғасады. Әлемнің 57 елінен келген 2 мыңға жуық спортшы сайысқа түседі. 12 спорт түрінен мықтыны анықтайды. Ойындар бағдарламасына биатлон, шаңғы спорты, кёрлинг, коньки спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғымен жарыс, шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фрис­­тайл, шайбалы хоккей, шорт-трек сынды спорттар енгізілген.

Бұдан бөлек, ойындарды тамашалауға 30 мыңнан астам шетелдіктер келеді деп күтілуде. Жарыстар тікелей эфирде таратылып, 80 мемлекетте 1 млрд. шамасында көрермен көреді.

Универсиаданы ұйымдастыру жұмыстарына 3 мың шетелдік және қазақстандық еріктілер жұмылдырылды.

Сайыстар «Шымбұлақ» тау­-шаңғы шипажайы, «Медеу» спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені, Б.Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон ке­шені, Мұз сарайы, Мұз аренасы және Алматының орталығындағы уақытша спорт кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешенінде өтеді. Бұлардың бірқатары жаңадан тұрғызылды. Мәселен, Универсиадалар шежіресінде алғаш рет сайыскерлерге арналып «Атлеттер қалашығы» бой көтерді.

Сондай-ақ, Универсиада тари­хында қатысушы жоғары оқу орындары саны жағынан рекордтық меже бағындырылып отыр. Қазақ­стан жастары аталған додаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында ел құрамасы сапында 700 спортшы жарысқа түсіп, 125 медальді олжалады. 2015 жылғы Универсиадада биік жетістікке қол жеткізіп, командалық есепте ІІІ орынды еншіледі. 5 алтын, 6 күміс медальді иеленді.

Биылғы жарыста да Қазақстан құрамасы абырой төрінен көрінеріне сенім мол. Кеше алғашқы медаль қоржынға түсті. Әйелдер арасындағы 5 шақырымды шаңғымен классикалық стильде жүріп өтуден жарысқан Анна Шевченко қола медальға ие болды. Бұл сында алтын мен күмісті ресейліктер Лилия Васильева мен Анна Нечаевская өзара бөлісті.

Сөйтіп, қола жүлде – қоржында. Медальдар топтамасы көбейе бергей. Қарағандылық жерлестерімізден күтер үмітіміз зор.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button