Алаштықтар әз-Наурыз жайлы
Ұлыстың ұлы күніне орай Алаш жұртының байырғы басылымы «Қазақ» газетінде осыдан бір ғасыр бұрын «Барша Алаш азаматтарын Жаңа жыл – Наурыз һәм бостандықпен құттықтаймыз. Алла Тағала киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызып, ырыс-дәулет, бақ-береке нәсіп етсін!» деген құттықтау сөз берілген екен. Осыдан-ақ, Наурыз мейрамына қазақ зиялылары жете назар аударғанын аңдаймыз. Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлының Наурызға байланысты жазған мақаласы бұл сөзімізді қуаттай түседі. 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» пен «Сарыарқа» газеттерінде Наурыз жайлы бірнеше танымдық мақала жарық көрген екен.
Елімізде Ұлыстың ұлы күні шын мәнінде жаңару мен жаңғырудың құтты бастауына айналған. Есігімізден енген Қоян жылының артар ауыртпалығы барын ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» атты бүркеншік атымен «Жаңа жыл» деген мақаласында талдап жазады.
«Мынау «қоян» дүниеде болмаған зор қырғын соғыстың үстіне келіп тұр. Адамға түскен ауырмалдық үстіне мал ауырмалдығын қоспай өтсе, қазақтың бағы. Бұрынғы жұт қояндардай болып, малға да салмағын салса, қазақ жүгі көбейіп, көтеруге әлі келмес. Түндік ақша екі есе көбейіп тұр; соғыс салығы түсейін деп тұр; нәрсе қара қымбаттап тұр; малдың еті мен сүтінен басқаның бәрін сатып алатын қазаққа бұ да жеңіл тимес. Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрынғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жәйлі болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші жәрбелі. Жаз өте жайсыз болмаса, «қоянның» қаупі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз. Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз», – деп жазған екен Алаш арысы 1915 жылы 9 наурыздағы «Қазақ» газетінің №110 санында.
Сонымен қатар, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Мұсылман болмас бұрын араб жылы 12 ай, бір ай 29-30 тәулік еді, күн жылына жанамын деп һәрбір үш жылда бір ай қосып алатын болды. Халифа Рашиддин заманында мұсылмандар бұл есепті өшіріп, хиджараттың басталуынан есеп қылуды ұнатты. Бұл ай жылы күн жылына жанаспайды. Иапония 1872-інші жылдан, Корея 1892-інші жылдан бері жаңа стилге кірді. Түбінде екі осы ескі һәм жаңа стил барша мәдени халыққа кіретін жол болар. Енді бір-екі ауыз сөз жаңа жыл туралы. Мұсадан бері еурей жаңа жылы марттан басталады, Римде жаңа жыл март еді. Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стилде бұл күн 9-ыншы март болады» – деп Қыр баласы деген атаумен 1914 жылы мақаласын жария етіпті.
Бұл тұжырымды 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде Міржақып Дулатұлы «Жаңа жыл құтты болсын» атты мақаласында жақтап жазады.
«Бұрынғы ата-бабаларымыз наурыз туғанда бастарын қосып, құшақтасып көрісіп, қуанысып, бірін-бірі наурыз көжеге шақырып жүріседі екен. Жастар біркелкі ойын ойнап, ат шаптырып, сауық-сайран қылады екен. Заман ауырлап өзгерген сайын халықтың көңілі де жабыңқы тартып, бұрынғыдай ойын-сауық азайуға айналды. Сондықтан, наурызды жұрт тегіс майрам қылудан қалыңқырап бара жатыр еді. Соңғы жылдарда біздің қазақ-қырғыз һәм өзге түрік қауымдары да наурызды тірілтіп, бұрынғыдай мейрам қыла бастады. Наурыздың мейрамдығы адам, хайуан, жанды-жансызға бірдей секілді. 9-ыншы мартта күн мен түн теңеледі. Қабағы қатыңқы ызғарлы қыстың жүйесі босап, жан-жануар жайланып, арқасына шуақ, бауырына қара жер тиіп, дүниенің тұмары алынғандай болады. Қар еріп, жер жұмсарып, егін-шөп, орман-тоғай тірілуге қамданғандай болады. «Наурызда Самарқанның көк тасына шейін ериді» деген сөз осыған … болса керек», – дейді Міржақып Дулатұлы.
Бүгінгі ғалымдардың айтуынша, жыл санауы бойынша ескіше 9 наурыз жаңаша тура 22 наурызға сәйкес келеді екен.
Сонымен қатар, «Қазақ» газетінде 1917 жылы жарияланған «Жаңа тілек» атты өлеңінде былайша толғайды.
«Ұшқан құстай, суда жүзген балықтай,
Табиғатты қолданушы халықтай
Сен енді сергісейші жалықпай,
Жүргеніңше мәңгі жаяу Алашым!
Бүгін хақтың қуанышты кең күні,
Күн менен түн – таразының тең күні,
«Құт-береке болмаса екен кем күні»
Деп тілек, қолың жай, ау, Алашым!» – деп ақын «Мадияр» атты бүркеншік атымен жүректен шыққан өлеңін құндаққа орап, елдікке шақырып жеткізеді.
Қытымыр қыстың құрсауынан шыққан Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн, Самарқанның көк тасы еріген күн, Ұлыстың мейрамын тойлау ас ішіп, аяқ босату емес, жүректерге махаббат пен қуаныш ұялататын жылдың басы екендігін жеткізеді.
Ендеше, береке мен бірліктің, игілік пен теңдіктің туын көтерген Наурыз біздің төрге озған төл мерекеміз, баба сөзімен айтқанда «ақ түйенің қарны жарылған күн» емей немене?
Алаштың арысы Әлихан атамыз айтқандай, «Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды!» демекпіз. Ұлық мейрамымызды тойлау, салт-дәстүрімізді сақтап қалу – ұлт аманаты болып қала бермек.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz