ЖезқазғанТұлға

АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ, ҚАЛАМНЫҢ ҚАЗАНАТЫ

1989 жылдың жаз ортасы. «Орталық Қазақстаннан» «Жезқазған туына» ауысып келгеніме 4-5 айдың жүзі болған. Аяғы аяғына жұқпайтын тілшілердің бірімін. Редакциямызға Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Камал Смайлов пен «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы әрі бұрыңғы бастығым Нұрмахан Оразбеков келді. Қаламгерлер ұжыммен кездесті. Халықаралық мәселелер, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, болашағы, қазақтың тілі, ділі әңгімеге арқау болды. Көкейдегі біраз сауалдарға жауап тапқандаймыз. Ойға шомып тарай бастадық. “Бастық шақырып жатыр”, – деген хабар жетті. Редакторымыз Сабыр Сауытбаевтың кабинетінде Нұрмахан аға отыр екен.

– Сабыр, мына балаға қарап жүр, мінезі бар, – деді әріптесіне. Орнынан тұрып, арқамнан қақты. Менің ойымша өте қатал, қабағының астынан қарайтын сұсты қазақтың алақанынан шоқ шашырағандай. Өне-бойым дір ете қалды…

Нұрмахан аға Жезқазған-Ұлытау аймағын жетік білетін. Осы жақта жиендері, жекжаттары бар еді. Еңбек жолын Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде бастаған.

Нұрекең жақсы «шопыр» еді. Сонау Алматыдан сары «Москвичімен» салып-ұрып жылда келетін. Рөлде жалықпайтын, алыс жолдарға әбден төселген Нұрмахан аға Кеңес Одағының біраз жерін аралапты. Қарсы алып, шығарып салушы едім. Сөйтіп жүріп, «қатал қазаққа» қатты еркелейтін жағдайға жеттік. Алматыға барсақ, топырлап ағамыздың үйіне түсетін едік. Қарағандылық жігіттерді өзі орнына қойып кеткен «Орталық Қазақстан» газетінің бас реадкторы Мағауия Сембаев бастап жүретін. Асабалық менің мойнымда… Ол кезде Нұрмахан аға «Қазақстан» баспа үйінің басшысы.

Бір дамылдағанымызда ел мұраты, ерлер міндеті, ұлттың рухы туралы әңгіме ағытады дейсің. Еркелік сап тыйылып, саф алтындай ақыл мен өсиетті сіміре бересің. Ғажап! Сонау 1991 жылдың 20 тамызында ол «Иә, бұл – төңкеріс!» деген тақырыппен өзі басқарып отырған газеттің («Орталық Қазақстан») бірінші бетіне мақаласын жариялап, елде төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын ашық айыптаған еді. Кеңестік азулы басылымдар жақ ашпаған кезде Нұрмахан Оразбековтің жасындай жарқ етіп, көзсіз батырлық жасағаны қаламгерлер мен саясаткерлердің ғана емес, қалың оқырманның жадында шығар деп ойлаймын. Мүмкін, бұл бабадан балаға жеткен қазаққа ғана тән ұлттық мінез бе екен. Солай болса керек. Алаш арыстары ғана бастарын бәйгеге тігіп, тәуелсіздік үшін күресе білген…

…2009 жылдың маусым айының басы. Түнгі бірге қарай телефон безектеп қоя берді. Мағауия дос.

– Тарихта қалғың келе ме? – дейді гүжілдеп.

– Кімнің қалғысы келмейді, тарихта? – қитығып қарсы сұрақ қойдым.

– Ендеше, Қарағандыға жетіге дейін жет. Асай-мүсейіңді ала шық. Бұл жақтан ешқандай телеарна барғысы жоқ. Ертең Семейге қарай тартамыз. Ұлы жазушы Мұхтар Мағауинге сәлем береміз, – дейді. Сонымен, сенімді әріптес інім – бейнеоператор Нұрлан Ысмайловты ертіп, екі өкпемізді қолымызға алып «ұштық-ау».

Ортамызда Серік Ақсұңқарұлы бар, Мұхаңның ауылы – Баршатасқа жүріп кеттік. Мағауияның айтысына қарағанда, Бақанас өзенінің бойында жазушының жайлауы бар. Бірер күн сонда болып, Мұхтар ағамызды отбасымен Қарқаралыға алып қайтамыз. Қарқаралыда Нұрмахан Оразбеков бастаған, Сарыарқаның сары қызы, журналист Сағат Батырханова қостаған, аудан әкімі Ниқан Омарханов қолдаған беделді топ күтіп алмақшы…

Алдаспан жазушы Мұхтар Мағауин құшақ жайып қарсы алды. Баяу аққан байсалды Бақанас. Биші қайыңдар. Ақбоз үйлердің маңы қызу тірлік. Ақбайталдың жылы-жұмсағы былқылдап асылып жатыр. Абай ауылына кіріп кеткендейміз.

Мұхтар ағамыз Нұрмахан досымен қауышатынын білгенде жадырап сала берді.

“Нұрмахан менен 2 жас үлкен. Өндірістен келіп түсті оқуға. Орысшаға ағып тұратын. Өткір. Әрі боксер. Мен дейтін жігіттер Нұрекеңнен ығып жүретін. Оқуға түскен бетіміз, – дейді Мұхаң жымиып, – Орысшамыз шамалы. Костюм алуым керек. Нұрмахан өзі бастап жүріп, әдемі бостон костюм сатып алдым. “Ал, жу!” дейді. “Жаңа дүние қалай жуылады?” деп аңтарылдым. Ресторанға алып келді. Даяшыны шақырып: “Мне 200 грамм водки, этому мальчишке стакан молока” дегені бар. Нұрмахан қаншыл. Ұлттық намыс үшін отқа да, суға да түсіп келеді. Кердең қаққан талайды тәубесіне түсіріп, соңы жаппай төбелестерге ұласа жаздаған кездер болды. “Комсомол жиналыстары неге бірыңғай орыс тілінде өтеді”, – деп мәселе көтерген де осы Нұрмахан студент.

«Правда» газеті және Қазақстан» деген тақырыпта диплом жазып, ұлтшыл атанды. Өйткені, ол Кеңестік жүйенің ұлт саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығын әшкереледі. Шовинистік көзқарастарға шыдамады. Қарсы шықты. Айыптады. Ағаларың Алаштың арысы ғой, – деп түйіндеген еді ұлы жазушы Мұхтар Мағауин.

Қарқаралыдағы кездесу керемет өтті. Нұрмахан Оразбеков құрметті досына сөз арнады.

“Мен Мұхтар Мағауиннің ұлы жазушы болатынын студент кезінде, бірінші курста білгенмін. Тілегім қабыл болды. Мен бақыттымын. Менің досым Мұхтармен бүкіл қазақ мақтанады”,–деді Нұрағаң.

Ел тебіреніп кетті. Сол кездесу менің де жадымда жазылып қалды. Жақсылардың жүрген жері өнеге ғой.

Нұрмахан ағамыз Қарағандыға жиі келетін. Бап талғамайтын. Бірден Мағауия інісінің үйіне түсетін. Қазақ Елі жайлы, қоғам жайлы тебіреніп әңгіме бастайтын. Тәуелсіздік туралы толғанғанда жүзі нұрланып, өзі мағмұрланып сала беретін. Жүріс-тұрысынан азат екендігі, Азамат екендігі көрініп тұратын. Қайран Нұрмахан аға, елдің сөзін сөйлеп, қылдан таймай, тайсалмай ғұмыр кешу Сізге оңай болмаған шығар…

Әйтсе де, Сіздің өмір жолыңызға қызыға қараймын.

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,

“Дидар” телеарнасының директоры.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button