Алаштың асыл арманы
Тәуелсіздік күні мерекесін Қарқаралы ауданының жұртшылығы ерекше салтанатпен атап өтті. Ұлы мерекеге арналған жиын шымылдығы әнұранмен түрілді.
Салтанатты рәсімдегі алғашқы сөзді аудан әкімі Халел Мақсұтов алды.
– Тәуелсіздік – киелі ұғым. Мұнда азаттық аңсап өткен бабалардың ғасырлар бойғы асыл арманы жатыр. Тәуелсіздік – ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған қайсар рухының жемісі, – деген аудан басшысы ұлы мерекенің қадір-қасиетіне кеңінен тоқталып өтті.
Еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Қарағаш ауылындағы №28 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ж.Омарова аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, аудандық аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Ш.Қасымов, Қарағайлы кентінің мәдени-сауық орталығының бас есепшісі А.Қоңырова, М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің жұмыскері Е.Өмірзақов, Қарағайлы байыту фабрикасы үгіту бөлімшесінің бункершісі А.Балықбаев, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы А.Құсайынова аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, мерекеге орай, «Нұр Отан» партиясы Қарқаралы аудандық филиалы төрағасының Алғыс хаты аудандық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер М.Мүбараковқа, Қарқаралы Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі директоры Е.Құтпанбаевқа, М.Мамыраев ауылының әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы Қ.Жантуринге, Жәутіков атындағы №1 орта мектептің мұғалімі Г.Бакеноваға тапсырылды.
Мереке аясында аудан әкімінің «Сұңқар» сыйлығы да өзінің лайықты иелерін тапты. Дәстүрге айналған сыйлықтың «Жылдың үздік жас көшбасшысы» аталымы бойынша М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Д.Рахымбек, «Үздік жас Отан қорғаушы» аталымы бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инспекторы Н.Қайыр, «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымы бойынша мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі Г.Сланбекова, «Жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында Қаршығалы ауылдық округінің жетекші маманы Ә.Қасымбек, «Үздік жас жұмыскер» аталымы бойынша Қарқаралы аумақтық электр станциясының электр слесарі Р.Иманкәрім, «Жылдың үздік жас ұстазы» аталымы бойынша Егіндібұлақ селосындағы Саз мектебі филиалының домбыра сыныбының мұғалімі А.Имекеев топ жарды.
Дәл осы күні қала ортасында жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қабышевтің қосқабатты «Азиз» атты сауда үйі ашылды. Жалпы аумағы 350 шаршы метрді құрайтын сауда орнын салуға 30 млн. теңге қаражат жұмсалған. Бүгінгі күнде ғимаратта түрлі нысандар халыққа қызмет көрсетуде.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.