Ақселеу Сейдімбек жайлы ой-толғау атақты ғалым-жазушылар мен жаңадан қалыптасып келе жатқан «Ақселеутанудың» алдында тұрған, тұратын өте күрделі, зор жауапкершілікті талап ететін «Мәңгілік тақырып» қой. Өйткені, қазақ деп аталатын ұлтқа ғана тән көне тарихи жәдігерліктер, рухани-мәдени байлықтар, кәсіптік, күнкөрістік-тұрмыстық заттар, сенім-нанымдар, т.б. толып жатқан ескірмес мұралар мен түрлі құндылықтарды түгендеу оның пешенесіне жазылыпты.
Ол ел аралаған кездерде көпшілікті жатсынбай, жатырқамай кез келген ірілі-уақыты рухани-мәдени іс-шараларға бойлай еніп, төрелік ететін. Кемшіліктеріне кейіп, жетістіктеріне балаша қуанатын. Бұл оның ізгілігі мен ұстанымына деген адалдығы шығар. Ол халқына бірнеше салада қызмет етудің үлгісін көрсетті. Артында қалған мол мұрасы бүгінгі күнге де, болашақ алыс кезеңдерде де туған халқымен бірге барады. Есімі жаңғыра жасарып, «Абыз ата» атанады!
1992 жылдың мамыр айының аяқ кезінде Жоғарғы Кеңестің депутаттары, біраз ақын-жазушылар республикаға танылған Үкімет адамдарынан құрылған Камал Смайлов басқарған делегация (шамамен 30-40 адам, іштерінде Қойшығара Салғарин, Қадыр Мырзаәлі, Елубай Смағұл, т.б. бар) елдің хал-жайын, тіршілік әрекеттерімен жете танысу үшін Алматыдан Балқаш құлап біздің Ақтоғайға соқпақшы екен. Күні бұрын қонақ күтудің қам-қарекеті ертерек ойластырылып, ерекше даярлық жүргізіле бастады. Олар аралайды-ау деген жерлердің бағыт-бағдары белгіленіп, киіз үйлер мен шатырлар тігілген, сақадай әзірлікте еді.
Дәл сол жылы қар қалың түсіп, сиректеу таситын Тоқырауын өзенінің арнасы суға толып, кемерінен аса төгілген. Мамыр айының аяқ кезіне сала өзеннің алғашқы екпіні баяулап, солығы қайтып, жуаси бастаған кез.
Қонақтарды алдымен «Талдыбейіт» басына Ақтоғай совхозының жұртшылығы әзірлеген даладай кең шатырға шақырып, ас мәзірі ұсынылды. Астан соң Әлекеңнің (Ә.Бөкейхановтың) ата-бабалары жерленген зират басына жиналдық. Зират басындағы шежірелі тастардағы жазбаларды тарата шешу, шерте баяндау тізгіні Ақселеудің қолында. Ол Алаш ұранды Алашорда үкіметінің тарихын, оның дербестік алу жолындағы рөлі мен маңызына тереңдей тоқталып, тебірене сөйледі. Әлекеңнің біздер білмек түгелі естімеген өмір өткелдерінен мол мағлұматтар келтірді. Тарихи деректерге сұңғылалығы, біліп-түйгендерін төгілте айтуы ерекше еді ғой! Ахаңның мол білімдарлығына сүйсінген жұрт таң-тамаша тамсану үстінде болды.
Қонақтарды қарсы алу, оларға тарихи жерлерді көрсету аудандық Кеңес пен аудан әкімдігінің шағын құрамдағы басқосуында сөз болып, негізгі түйін – депутаттар алдына Қарқаралы мен Ұлытау аудандарындағы сияқты ауданымызда «Беғазы мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын» ашуға толық айғақты дәлелдер барын жеткізіп, көмек сұрау болатын. Бұл жайттан Ахаң толық хабардар болып шықты. Соған орай қорым басында да жүйелі пікір айтып, ақпаратты толғам жасау Ахаңа бұйырды.
Ол өзінің бозбала шағында бір жаз Әлкей Марғұланның Жаңаарқа төңірегінде жүргізілген археологиялық экспедиция құрамында болғанынан бастап сөзін сабақтай келе, қола дәуірінің жәдігерлерінің бірі осы жердегі қорым ерекшеліктеріне ойысты. Әлекең осы қорымдар жөніндегі «Жартас мавзолейлері» деп аталатын атаудан бастап, Ақсу-Аюлы ІІ, Байбала ІІ, Ортау ІІ сияқты ескерткіштердің ұқсастық, айырмашылықтарына тоқталды. Одан соң осы өлкені мекендеген байырғы тұрғындардың күнкөрістік кәсібі мал шаруашылығына негізделгенін дәлелмен келтірді. Қола дәуірде металлургияның дамығанын, жер өңдеумен де шұғылданғанына тоқталып, төгіле сөйледі. Тыңдаушыларын сол қола дәуіріне енгізіп жібергендей әсерге бөледі. Ахаңның «Далалық лекциясына» сүйсінген бір қарт: «Жиренсақал, осының бәрін басыңнан кешіргендей сөйлеп елді иландырдың. Айтқандарың шындық па? Сен өзің кімсің? Біз білмейтін сонау ықылым заманның жансызы емеспісің?!» – деп елдің шек-сілесін қатырды. Бұл – Ахаңды бірінші көріп, «Далалық лекциясына» тыңдаушы болып қатысуым.
Екінші рет кездесіп, таныса бастағаным 1997 жылдың қаңтар айының сегізінші жұлдызы болатын. Осы күнге ҚазССР-ның Халық суретшісі, тумамыз Сахи Романовтың 70 жылдығын атап өту мерейі белгіленген. Атақты суретші қасына Алматыдан өнер мен ғылым майталмандары Ілия Жақанов пен Ақселеу Сейдімбековті, өзіміздің Жеңіс Қашқынов пен Қабылсаят Әбішевті ерте келіпті. Оған сол жылдары Жезқазған облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қайырбек Сәдуақасов та қосылған.
Сол күні үйден ертерек шығып, мәдениет үйінің табалдырығын аттай бере фойеден мені іздеп дауыстаған Ақтоғай селолық Кеңесінің төрағасы Ораз ағамды көрдім.
– Ойпырмай, жиын басталмай тұрып келгенін оңды болды-ау! Ақселеу сені іздеп жатыр, жүр – деді.
– Неге, не үшін іздеді? – деп едім. Ол:
– Күні-бойы ернім кеберсіп насыбай атқан жоқ, басым қақырап кетті. Мүмкін болса Аманкелдіге жолықтырыңызшы, насыбай атайын. Тағы бір шаруаларым бар, – деп жауап қайтарды. Ішке кіруге бой ұсына бергенімізде Ахаң қарсы кезікті. Ораз:
– Аха, мына жігіт сіз іздеген Аманкелді болады, – деп таныстырудың жоралғысын жасады. Қол алысып амандық-саулық сұрасқан соң, Ахаң:
– Аманкелді, таныса жатармыз, әуелі шақшаңды әкелші, басы бар болғыр сынып барады, –деді. Шақшамды ұсынып жатып:
– Ширақтау болсын деп күлін молдау қостым, шақтап атпасаңыз ерініңізді ойып аларсыз, – деп едім, ол:
– Не көрмеген ерін дейсіз, ештене етпейді, – деп алақанына молдау құйылған насыбайды шалқая бере астыңғы ерніне төңкере тастады. Іле-шала бұрқ ете қалған маңдай терін орамалымен сүртіп:
– Ту, рахатқа баттым-ау! – деп құмардан шыққандай жан-жағына шаттана қарады. Менің шақшамды ұстап тұрып:
– Жолаушымыз ғой, біраз салып алсам ренжімейсіз бе? – деді.
– Алыңыз, алыңыз.
– Ал, Аманкелді, Нарекең жинағын әзірлепті деп естідім, мүмкін болса сол қолжазбамен танысқаным жөн болар еді. Тәберіктей бағалы мұра ғой, – деп қиыла сұрады. Нарекең қолжазбасының кітаптық нұсқасы Қазақ Ұлттық Университетінің «Өркен» баспасында жатқанын айттым. Ол:
– Көшірмесі қалмады ма? – деді.
– Бар, бірақ Тұрсекеңнің (Кәкішев) рұқсатынсыз бере алмаймын ғой. Құрастырушы ретінде белгіленген. Жинақтың жарыққа шығуына бас-көз болам деген аға естісе ренжір, – дедім.
– Иә, иә, жарыққа шықпаған шығармаларды келісімінсіз әркімге бере беруге болмайды ғой, оны түсінемін, – деді.
Мәдениет үйінің залында ине шаншар орын жоқ. Мерекелік мәжілісті ашып, суретшінің өмір жолымен шығармашылық тармақтары жайлы қысқаша толғам білдірген аудан әкімі Сағадат Жапабайұлының сөзінен кейін жылы лебіз білдіргендер бірінен соң бірі шығып, қайталанбайтын тарлан тұлға ағамызға ақ тілектерін арнады. Ере келген қонақтар да ықылас пейілдерін нақтылы деректермен толықтырып, ұлы суретшінің мол мұраларының ерекшеліктеріне тоқталды. Одан соң мен де бірер ауыз лебіз білдірдім.
“Ұлылық – адам, қоғам және табиғат арасындағы заңдылықтарды терең түсіну» делінетін болса, бұл анықтаманы замандасымыз Ахаңа, Ақселеуге арнаған ләзім. Ақанмен мен сонау 60 жылдардың соңы мен 70 жылдың басы ма, әйтеуір «Жалын» журналында жарияланған «Күзеуде» атты повесі және «Жұлдыз» журналында басылған «Аққызындағы» хикаяты арқылы танысыппын.
Жазушы Ақан кейін сала жоғарыда келтірген Адам-Қоғам-Табиғат арасындағы заңдылықтарды игеруге ойысты.
“Күмбір-күмбір күмбездері», т.б. археологиялық, этнографиялық, тарихи деректерді сүзген, зерттеу еңбектері арқылы ғалым, тарихшы, этнограф атанды.
Ахаң көне тарихымыздың «Мық» дәуіріндегі ескерткіштерін, сол ескерткіш бетіне бәдізделіп бедерленген сызба-суретті бейнелерді, сымтастарды сөйлетіп шежіреші атанды.
Ахаң ұлттық ерекшелігімізді айқындаудың бір парасы – кәсіптік, тұрмыс-тіршіліктік, күнкөрістік заттардың ұмытылып бара жатқандарын іздеп тауып, оларды қолдану тәсілдерін зерделеді. Өзі осы саланың зергері атанды.
Ахаңды сарабдал сыншы ретінде Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың 90 жылдық мерекесі кезіндегі зерделі еңбектері арқылы таныдық. Демократия желеуімен абзал ағаларымыз Сәкен, Сәбит, т.б. тіпті, кеше ғана 150 жылдығын атап өткен жыр алыбы Жамбыл атамыз да төңкерістің, коммунистік құрылыстың жаршысы болды делінді. Ендігі жерде осындай адамдардың есімдері егеменді еліміздің ардақтылары қатарынан орын ала алар ма екен деген күмәнді пікірлердің туа бастағаны да анық еді. Жоғарыдағы алыптардың жаңа социалистік қоғамды орнатуға, оны нығайтып орнықтыруға арналған еңбектері болғанын ешкім де өтірік дей алмайды. Пенде – замана құлы. Бұл – тарих. Бірақ тарихты ешкім сотқа тарта алмайды. Оны қараламау керек, оны тек түсінуге тырысу қажет.
Тағы да сол 1997 жылдың жаз айында Дина Нұрпейісовадан кейінгі күйші композитор жерлесіміз Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының туғанына 110 жыл толу тойы Ақтоғай ауданында дүркіреп өтті. Оған негізгі бастамашы болып, тойдың бар ауыртпалығын көтерген Аққыздың Нәсжан дейтін тұңғыш қызынан туған жиені, өзі де шебер күйші Болат Жұматайұлы Тәкішев деген азамат.
– Аха, Аққыз анамыздың халқымен қайыра қауышуына сіздің сіңірген еңбегіңіз ұшан теңіз ғой. Сіз арқылы анамыздың екінші ғұмыры – мәңгі өлмейтін өнерпаздық жолы қайыра өрістеді. Тұрмыс тауқыметі мен «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен ауыртпалықтар қажытқан анамыздың аты ауыл төңірегінен аспаған еді. Іздеп тауып, 1977 жылы Алматыға алдыртыңыз. «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында кездесу өткізіп, Мағауия Хамзин, Шәміл Әбілтаев, Мұхаметжан Тілеуханов, Шофер (Жақсылық) Омашев сынды дәулескер күйшілердің басын қостыңыз. Сол кездесудегі анамыздың кейінгі толқынға айтқан өмірбаяндық, өмірмұраттық соңғы ақ тілегін, ақ бата іспетті аманатын газетке жарияладыңыз. Осы еңбегіңіз үшін халық сізге разы. Бүгінде соның жалғасы іспетті анамызға тағы бір қызмет көрсетсеңіз? Қазіргі басталатын күй сайысына басшылық жасауыңызды сұрап, сізге жеткізуді комиссия мүшелері маған аманаттап еді. Соған қалай қарайсыз? – дедім. Ахаң:
– Бүгінгідей мерейлі күні анамызға тағы бір қызмет көрсеткеніміз мәртебе емес пе, мен дайынмын, – деді.
Осы хабарды сүйінші сұрағандай болып комиссия мүшесі Тұнғышбай Мұқановқа жеткіздім. Ол балаша қуанып, төрешілер алқасының құрамына менің де кіретінімді ескертті. Мен азар да безер болып бас тартып едім, ол:
– Ахаңның қасына отырып, пікірлесерсіз. Жақын танысу үшін қолайлы сәт емес пе, – деп айтқанына көндірді.
Мен шынымды айтсам, домбыра ұстаудан мақұрым қалған, мүсәпір адаммын, күй өнеріне қалай баға бермекпін? Осы ой төрешілер үстеліне келіп, Ахаңның жанына жайғасқан соң ғана ойыма оралып, ал сасайын. Не істемек керек? Мүсәпірлігімді Ахаңа жеткіздім. Ол алғашқында таңырқап, иланбағандай сынай танытты.
– Домбыра ұстауды білмесең олардың айтқанына неге көнесің? – деп қарсы сұрақ қойды. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кебі сияқты болды ма, ойыма бір қулық орала кеткені.
– Аха, мына жерге атым аталып отырып қалған соң, тұрып кету ыңғайсыз, тойдың шырқы бұзылуы мүмкін. Одан да сіз көтеріп отыратын бағаны мен де көтерсем тығырықтан шықпаймыз ба, – дедім.
– Ой, мынауың керемет ақыл ғой! Төраға көтерген баға жаныңдағылардан қолдау тауып жатса, ол бір ғанибет емес пе! Бәріміздің ортақ шешімге ұйысуымызға таптырмас тәсіл екен, – деп құп алды. Сөйтіп, Аққыз анамызға арналған күй сайысы өз мәресіне жетті. Ақселеудің әділ төрелігінің арқасында ын-шынсыз айта жүрерліктей зор абыроймен тарқап еді.
1998 жылдың соңын ала Қарағанды «Болашақ» университетінің «Болашақ-Баспасынан» Нарманбеттің еңбектері жеке кітап болып басылып шықты. 1999 жылдың қаңтар айында Алматыдағы Ахаңа хат пен қоса жинақтың бір данасын салып жібердім. Іле-шала жауап хат келді. Хатында Нарекеңнің еңбектерінің сәтті шыққанына балаша қуанғаны, әлі де болса ізденістер жасап, ғылым жолына қарай ойысуыма бағыт-бағдар сілтепті. Шын пейілмен қамқорлық ниет танытқанына қанаттанғандай әсерге бөлендім…
Өз қолымен жазылған осы хат бүгінгі күнде Ахаңның өзі болмаса да, көзіндей болатын ерекше құнды жәдігерлік дүние ғой.
Аманкелді ТУҒАНБАЙ.
Қарағанды.