Алаштың Аққызы
«Арқада – Аққыз, Батыста – Дина» дейді Жанғали ЖҮЗБАЕВ та, Секен ТҰРЫСБЕК те! Екеуі де қазіргі қазақ күй өнерінің алыптары ғой. Танып айтады, тауып айтады, байыбына барып айтады!
Қарашаның 18 күні Қарағанды шаһары күйші, халық композиторы Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызының рухына құрмет көрсетті. Алаштың Аққызы, күй алыбы ақ әженің өнер-киесін жырлады. Жас ұрпаққа өнеге қылды. Жас ақынның тілімен айтқанда, «Қарашада алғашқы қар жай жауғанда, Күй тіліне дүние байланғанда… «Мұңды қыз» бен қосбасар қоса естілсе, Тыңдамасқа егіліп қайран бар ма?!». Ақтоғайда Әшімтайдың «Қоңыр қазы» қаңқ етсе, Ақсораңнан Аққыздың «Қаршығалы кезі» шаңқ етеді де, мәңгілік сарын жолында дүние жалп етеді…
Күйшінің мерейтойына арналған шараларды өткізуде күйшінің ұрпағы, өнер жанашыры Болат Тәкішевтің еңбегі зор. Шаралар тізбегі әуелі Кеншілер мәдениет сарайында баспасөз конференциясынан басталған. «Арқаның Аққызы» «Алаштың Аққызына» айналғалы қашан?! Кешке өтпекші күй кешінің алдындағы ақ әже – Аққыз жайлы азды-көпті әңгіме мен ғибраттың басы да, байлауы – осы конференция. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, өнертанушы, күйші Жарқын Шәкәрім небары жиырма жасында Аққыз күйшіден барып сұхбат алғанын айтады. Осыдан елу жыл бұрын «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған сол сұхбатты еске алды. Алдына барған музыкалық училищенің (қазіргі Тәттімбет колледжі) студенті Жарқын Шәкәрім «Апа, күйіңізден үйретіңіз?» десе, «Біздің күйді қоя тұрып, әуелі Тәттімбет бабаңның күйлерін үйрен» деп, Тәтекеңнің екі-үш күйінен соң барып, өзінің күйлерін тартып, көрсеткен екен Ақ әже. Ұлы өнер мен өнерпазға, өз мектебіне деген бірден-бір құрмет!
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев болса, Аққыз Ахметқызының күй өнері туралы жазып, құрастырған «Мұңды қыз» кітабын алға тартты. «Мұңды қыз» – Ақ әженің өз күйі. 14 күйі нотаға түсіріліп енгізілген екен кітапқа. Күйшінің шығармашылық мұрасының ерекшеліктері мен композиторлық кеңістігі жайлы тақырып мазмұны «Арқаның Аққызы» күй кешінде ашыла түсті.
Көптен күткен күй кеші тынысты өтті. Шертпе күй шеберінің күйлерімен бірге әндері шырқалды. Былтырлары Аққыз атындағы күйшілер байқауында Арқада ақ жауын жауып тұрған-ды. Биылғы мерейтойында Арқаға алғашқы қар түсіп жатты. Соқтықпалы тағдыр жолын киелі күй еңбегімен ағартқан Ақ әже ғой. Арқасына аруақ қонбаса, тарихта Аққыз аты қала ма? Әуелі Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі шертпе күй атасының «Саржайлауын» жіберіп алып барып, Аққыздың «Мұң қосбасарына» бөледі елді. Кеш тізгіні – аққызтанушы, атақты күйші Жанғали Жүзбаевта. Қазір қазақ даласында Аққыз күйшіні Жанғали, Секен ағалардай танитын тұлғалар некен-саяқ. Жанғали ағаның зерттеу еңбегі – «Мұңды қыздың» тұсауын Жарқын Шәкәрім атамыз кесті сахнада. Күйшінің құрметіне үш ішекті домбырасымен «Толғау» күйін тартты. Ақын Дәулеткерей Кәпұлы Ақ әжеге арнаған өлеңін оқып, кеш мазмұнын бір көтеріп тастады. Жыр көтеріп тастаса, күй көркейтіп әкетеді. Жыр биіктік болса, күй кеңістік! Залды кернеп кете барды.
Басынан тағдырдың небір бұралаңын өткерген Аққыздың «Жетім қыз» күйін шерткен Қалкен Қасымов еді. Кеңістікке құлаған ымырттың қоюындай Ақ әженің «Аққыз» күйін шерткен Гүлнар Шәріпованың қағысында мін жоқ. Күйшінің көзін көрген шәкірті Күлмара Рахымбекова Аққыздың «Қосбасарын» дыңылдатты. «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі С.Ақсұңқарұлының «Шайтанкөлі» мен А.Жұмашевтің «Ән мекені – Ақтоғайын» орындады. Облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығының төрағасы, күйші Қайролла Сәдуақасов Аққыз «Қосбасарының ІV түрін» тартса, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы, күйші Мадияр Сүлейменов «Қаршығалы кезім-айын» шертті.
Қазақ ұлттық ән өнерінде де өзгеше өрнек қалдырған Аққыз күйшінің «Сағыныш» әнін классик әнші Дәуренбек Әркенов шырқап салса, Балжан Серікболқызы «Қайран елім» күйін өрістетті. Өнертану ғылымының магистрі Манап Анықбеков тартқан Аққыз «Қосбасарының І түрі» де сәтімен шықты. Бұдан кейін Ақтоғай ауданындағы Аққыз атындағы балабақшаның тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Ақ әжеге арналған өлеңдер оқып, күйшінің әнін салды. Амантай Жұмашев пен Нұрай Танабаев «Ақтоғай – алтын бесігім» әнін орындаса, кешті ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші, композитор Секен Тұрысбек «Ақ жауын» күйлерімен көңіл толқытты.
Сондай-ақ, сөз сөйлеген Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев аталмыш шараның өтуіне үлес қосқандардың барлығына Алғыс хат табыстады.
Жәнібек ӘЛИМАН