Алаш жұрты асылын ардақтады
Биыл – Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл. Тұлғаны еске алу мақсатында Қарағандыдағы «AMANAT» партиясының ғимаратында «Қоғам және тұлға: Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлік болмысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Аталған шара Қарағанды қаласы әкімдігінің қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан ұйымдастырылған. Конференцияға қатысушылар қоғам қайраткерінің шығармашылығы туралы баяндап, сәкентану ғылымының қалыптасу тарихы туралы мағлұмат берді. Айта кетейік, ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнайы шақыртылған қонақтардың материалдары топтастырылып, жинақ болып жарыққа шыққан. Сонымен қатар, жиын барысында қоғам қайраткері жайында түсірілген деректі фильмнен үзінді көрсетілді.
Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған іс-шаралар апталық ретінде жоспарланыпты. Алғашқы күні арнайы шақырылған қонақтар, тіл жанашырлары Сәкен ескерткішінің алдына жиналып, гүл қою рәсімімен бастады. Бұл қатарда Астанадағы Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі алаштанушы-ғалым Айгүл Ісмақова да бар. Сонымен қатар, Сәкен мұражайының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсемет, сәкентанушы, Сәкен рөлін сомдаған әнші-актер, драматург Қанат Жүнісов те бар.
Гүл қою рәсімінен кейін жиналған жұрт «AMANAT» партиясы ғимаратында бас қосты. Аталған ғимараттың фойесінде тұлғаға арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылған. Көрмені тамашалаған жұрт конференция залына өтті. Шара барысында Айгүл Серікқызы «Сәкен Сейфуллин: ғылыми, саяси һәм көркем дискурсы» тақырыбында сөз қозғады.
– Сәкен 1925-1932 жылдары Қазақстан Өлкелік партия комитетінің секретары Голощекинмен бірталай принципиалды мәселелермен келісе алмайды. Голощекиннің көшпелі ауылды колхоздастыру, мал шаруашылығын өркендету жөніндегі қателіктерін, кадрларды іріктеуде Лениндік принципті бұрмалағандығын Сәкен өз кезегінде ашық айтып, батыл сынап отырған. Ресми жиналыстарда Сәкен өзіне тән турашылдықпен Голощекин, Құрамысовтардың теріс, оғаш қылықтары мен қателіктерін өткір сынап жүрген. Сондықтан, Голощекин өзіне қолайсыз, беделін түсіретін, ешкімнің ырқына көнбейтін, алдына келіп жағынбайтын Сәкенді «жуасытып» алу үшін айрықша тапсырма беріп, мезгіл-мезгіл үлкен талқылаудан өткізіп отырған. Голощекиннің осындай тапсырмаларын Ғ.Тоғжанов, М.Қайыпназаров сынды тағы басқа да жандар орындауға тырысты. Турашыл, сыншыл Сәкен ондай талқылаудан жуасымай, қайта шиыршық атып, халықтың зор ықылас, құрметіне бөленіп шығатын. 1929 жылы партиялық тазалау қарсаңында алдын ала «Еңбекші қазақ» газеті бетінде Сәкенге ауыр айып тағылды, – деді ол.
Деректерге сүйенсек, Сәкен Сейфуллин 1922 жылы 12 қазанда КирЦИК-тің бірінші сессиясында бірауыздан Сәкен Сейфуллин Совнарком төрағасы болып тағайындалады. Осы билікте отырған тұсындағы атқарылған жұмыстар жайында Марат Әбсемет сөз қаузап, кеңінен айтып берді.
– Сәкен «совнарком» болған жылдары ел үшін ауыр күндер еді. Аштық, ақтар мен қызылдардың соғысы, билік ауысып халықтың әбден жаншылып, азып-тозған кезіне тап келді. Жаңа құрылған республика дамуының нақты жоспары да болмады. Сәкен және оның үкіметі замана ағысына қарсы жүзді. Мемлекет басқарудың басты бағдары ретінде алдымен қаржылық жүйені қолға алады. Салық және салық салу мәселесінде бірыңғай салық төлеу түріне өтіп, бұрындары халыққа қолайсыз болған салықтарды жояды. Қазыналық, банк және жинақтау ісінде өзгерістер енгізіп, қазіргі қолданылып келе жатқан тәжірибедегідей республикалық бюджет, жергілікті бюджет деп бөліп, оны реттеу жолдары шешіледі. Сәкен басшылық еткен екі жылда нағыз Қазақ мемлекетінің қазығын нықтап, Қазақияның ұлы көшін жолға салып бергендей, – деді Марат Оралбайұлы.
Қанат Жүнісов өз сөзінде қоғам қайраткерінің рөліне тоқталып, деректі фильм түсіргенін баса айтты. Әрі сол фильмде тұлғаның рөлін өзі сомдап, әнін де өзі айтатын көрінеді. Аталған деректі фильм әлі жарық көрмеген. Дегенмен, Арқа жұртына деректі фильмнен үзінді көрсетіп, сүйінші сұрады. Сонымен қатар, «Сәкеннің Сталинге жазған хаты» тақырыбындағы баяндамасын қорғады.
– Тарих ғылымдарының кандидаты Жұмажан Сүлейменнің «Сәкеннің Сталинге хаты» атты мақаласы «Ақиқат» журналында (№ 10 Қазан. 2018 ж) үш айдан бері «салтанат» құрып тұр. Автор «Ерте ме, кеш пе, жарияланбай қалмайтын бұл хат – төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты» – деп бастайды. Неге алғаш рет? Бұл хат 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапқа, одан кейін де бір-екі жинаққа енген. Ғылыми ортада неше мәрте талданған. Сонда ғалымдар құрастырған кітапты, ғалым оқымаған ба? Алғашқыда осындай ойға келдім. Мақаланы «Ақиқат» журналының сайты деген сілтеме Facebook желісінен оқыған болатынмын. Авторын жыға танымадым. «Сәкеннің Сталинге жазған хатын» көшіріп алдым да, маған белгісіз авторды іздестіре бастадым. Ғаламтордағы нұсқада авторы Жұмажан Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты деп жазылған, – деді Марат Құрмашұлы.
Ол баяндау хат пен тіркеу парақшасында күмәнді тұстардың барын алға тартты. Дерек те келтірді. Сәкеннің кейіннен табылған осы бір хаты жайлы болашақта талдап жазып, мұражайға тапсыратынын, әрі бұл жұмыс барысындағы қызметтік хат екендігін айтты. Ал, Сталинге хат жазған, қабылдауында болған басқа да қайраткерлердің болғаны, тіпті, бірге түскен суреттерінің де сақталғанын мәлімдеді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова «ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары және ұлттық мүдде» жайында сөз етті.
– Сәкен өз заманының саясатына қызмет ете жүріп, қазақ халқының үлттық мүддесін ешқашан сатқан жоқ әрі өз халқының азат болашағына сенді. Ол сонымен қатар жанында жүрген жақсы адамдарды қадірлей білген. Соның бірі Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын өткізуді қолдаған. Одан бөлек, Сәкеннің маңызды әрі үлкен бір жетістігі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруі. Қайраткер туған тілді кеңсе тіліне айналдыруға және мемлекеттік мекемелерге енгізу жолында күрескен. 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялады. Бұнымен тоқтамай, жалпы қазақ тілінің мүддесін қорғайтын 9 мақала жазып, өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газетіне жариялап отырды. Сәкеннің ұлттық мүдде үшін күресуінің арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық атқару комитеті арнайы декрет қабылдап, еліміздің тарихында тұңғыш рет 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап кеңсе істері қазақ тілінде жүргізілетін болған, – деп атап өтті Нұрсахан Ахметовна.
P.S. Қыркүйектің 17-сінде арнайы делегация Сәкеннің туған ауылы – Қарашілікке саяхаттады. 18 қыркүйекте Қарағанды қаласында Сәкен әнін орындаушылардың фестивалі өтті. Меймандар 19 қыркүйекте «ҚарЛаг» мұражайына барып, апта соңында іс-шараларды қорытындыламақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz