Алаш рухына – Ақселеумен
«Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали МАҚАТАЕВ бар мұнда» деп МҰҚАҒАЛИ «Автопoртрет» өлеңінде өзін МАХАМБЕТТІҢ сарқытына балайды. Сол сияқты, өзі айтып кетпесе де, «Ұлт ұстазы атанған алғашқы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов болса, екінші Ахаң ол – Ақселеу СЕЙДІМБЕК», – деп Елбасы жоғары бағалапты. Бүгінде Махаңдардың да, Ахаңдардың да жоғы өкінішті. Десе де, күллі саналы ғұмырын Алаш жоғын түгендеу жолында сарп еткен Ахаңдардың мәңгілік мұрасын насихаттап жүрген ұрпағы бар.
Қарағандыдағы «Достық» үйінде Ақселеу Сейдімбек атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің облыстық байқауының қорытындысы салтанатты түрде жарияланды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қолға алған байқау биыл осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып тұр. Алдыңғы жылы ғана қолға алынған байқаудың дәстүрге айналғаны – қуантты бізді. Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы айтпақшы, Қарағандыда Қасым оқулары мен Ақселеу атындағы бәйге жыл сайын ұйымдастырылып тұруы шарт. Ахаң – Алаш рухының алып бәйтерегі іспетті тұлға. «Қайран, Ахаң, Хош, арда Алашұлы, Әлиханның ақтық бір жан ашуы! Жидебай мен Қараойдың шырақшысы ең, Алла менен Абайдың жарасымы!» (С.Ақсұңқарұлы) деуі – сондықтан болар ақынның. Алаш десе – Ақселеу, Ақселеу десе – Алаштың абадан жаратылысы келеді көз алдымызға. Егер, болашақта біртұтас ұлт боламыз десек, азаттық аспанынан кеңістікке көз салатын кейінгі ұрпақ осы көзқараста тәрбиеленуі тиіс. Алаш, Әлихан, Ахмет, Ақселеу! Бұлар – ұлттық діңгек, алтын арқау.
Поэзия, проза, көсемсөз (публицистика) жанрлары бойынша өткен Ахаң атындағы бәйгеге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, халықаралық деңгейдегі журналист Сағат Батырханова, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, көсемсөзші Ерсін Мұсабеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап қазылық етті. Алғаш құттықтау сөз сөйлеген Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқармасы басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова: «Қазақ еліндегі шоқтығы биік заңғар тұлғалардың бірегейі Ақселеу Сейдімбеков екені белгілі. Байқаудың мақсаты – біртуар ағамыздың рухына құрмет көрсете отырып, жас таланттарды сол кісінің биік рухына талпындыру. Алда Ақселеу ағаның 75 жылдығы келе жатыр. Алла жазса, сол мерейтойын өзінің туған жері Жаңаарқада тойлауды жоспарлап отырмыз», – деді.
Алаш мұрасының аспанын кеңіткен Ахаңның әндері «Сарыарқа» мен «Дәурен-ай» шырқалып, күй тартылған байқауда газетіміздің айы оңынан туып, жұлдызы жоғары көрінді. Қазылардың шешімінше, әрине. Сонымен, поэзия жанры бойынша ІІІ орын ҚарМУ-дың студенті, Қарқаралы ауданының тумасы Бек Ықыласовқа, ІІ орын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, “Қамшы” жыр жинағының авторы Нұрдос Кәрімге, І орын ақын Мақсат Күземханға бұйырды. Ал, проза жанрында ІІІ орын Шет ауданы, Кеншоқы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Балшекер Иргимбаеваға, ІІ орын Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылының мұғалімі Ахан Құмайға, І орын ҚарМУ-дың студенті, теміртаулық Ақмарал Демеуге берілді. Көсемсөзшілер арасынан ІІІ орынды Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Гәкку Медеубаева қанжығаласа, ІІ орынды Жаңаарқа ауданы, Ынталы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ақмаржан Қамиева еншіледі. Аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің жауапты хатшысы, кейінгі кезде көсемсөз жазуда өзіндік қолтаңбасымен танылып жүрген ақын Ерболат Қуатбек І орынды иеленді. Ақселеу Сейдімбек атындағы байқаудың бас жүлдесін биыл – кезінде Ахаң өзі қызмет еткен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Қуаныш Аманқұлов жеңіп алды. Астанадан Асылхан Сейдімбеков ағамыз бастап келген Сейдімбековтер әулеті тағайындаған арнайы жүлдеге «Орталық Қазақстан» газеті жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат Қанафин лайықты деп танылды. Ел «поэзия, көсемсөз жанрларында топ жарған «Орталық» оғландарының жеңісін – ана тіліміздің мерейі» десті. Алаш балаларын Ахаң аруағы жебесін!
Жәнібек ӘЛИМАН
Суретті түсірген
Д.Құрманғалиев.