Жаңалықтар

Алаш рухын ардақтаған азамат

Ербол Ердембекұлы Тілешовтің бар ғұмыры ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік жолдағы қажырлы еңбегімен біте қайнасқан жүйеде тұтасып жатыр. Ол – Қазақстан Республикасы Білім академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі әдебиеттанушы ғалым, атақты алаштанушы, ана тіліміздің жанашыры, халық руханияты мен ұлт мүддесінің жоқтаушысы.

Сурет автордан

Ол 1965 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында туған. 1982 жылы орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын 1982-1983 жылдары құрылыста жұмысшы болып істеп, өмір мектебінің құпияларымен танысты.

Өз қатарластары секілді білім алсам деген мақсатпен жолға шыққан оны тағдыр 1983-1985 жылдары Алматы зоо­ветеринарлық институтының студенті болуға бұйыртыпты. Алайда жасынан әдебиет атты асыл сөзге құмар жас бұл мамандықтың жан дүниесіне сәйкес келе қоймайтынын барынша сезді. Екінші курсты бітірген соң ата-анасының қарсы болуына қарамастан осы оқу орнын өз өтінішімен тастап кетті. Ж.Аймауытовтың «Неге арналып туылсаң, соның жолына түс» деген сөзін ерте ұғынған ол 1985-1987 жылдары әскер қатарында жүргенде де бар ынтасы сөз өнеріне ауды да тұрды. Елден пошта арқылы «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен көркем шығармалар алдырып руханият әлеміне деген құштарлығын тоқтатқан жоқ.

Сол арман жетегімен келіп, Қазақтың Абай атындағы педагогика университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1992 жылы бітіріп шығады. Жастайынан сөз өнерінің киелі құдіретіне құмартып өскендіктен де студент кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысып, студенттердің конференцияларында жасаған баяндамалары арқылы жарқырап көзге түсті. Содан да болар, ұстаздары үлкен сенім білдіріп, сол кездегі С.Сейфуллин атындағы Целиноград, ал, кейінірек Ақмола педагогикалық институты деп аталған оқу орнына арнайы жолдама беріліп, қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып жұмысқа орналасты. Өз дәрістерінде білімділік пен тәлімгерлік шеберлігін айқын таныта білгендіктен де көп ұзамай аға оқытушы лауазымына жоғарлатылады. 1996-1999 жылдары Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым академиясының дарынды жас ғалымдарға берілетін арнаулы стипендиясына ие болды.

Алаш арыстарының баға жетпес әдеби мұралары ортамызға қайта оралып, ұлт әдебиеті тарихындағы «ақтаңдақтарды» зерттеп-зерделеу мәселесі қызу қолға алынып жатқан тұста ғылымға деген құштарлық тың ізденістерге жетеледі. 1997 жылы «Мағжан Жұмабаевтың поэзиясындағы романтизм» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Алаш арыстары ғұмырнамалық тұрғыда, ал, көркем шығармалары тек ғылыми танымдық талдаулар арқылы зерттеліп жатқан тұста, олардың шығармашылығы мен М.Жұмабаев мұрасын әдеби ағымдар мен көркемдік әдіс тұрғысынан зерттеу де қажеттігін таныта алған құнды еңбек болып танылды.

Әдебиет туралы ғылым қиын-қысталаңы мол ғылым жолына түсу үшін барынша көп іздене бастады. Әдебиеттанудың «Дүние де өзі, мал да өзі – ғылым» екеніне толық көз жеткізген соң өмір жолын осы бағытқа арнауға бел байлады. Осындай ұлт мүддесін ұлықтауға бағытталған биік талаппен өз талғамын ұштастыра білген жас ғалым ұлттың рухани көсемі атанған Алаштың ардағы Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми мұрасын зерттеп-зерделеуде де алаштанушы ғалымдардың алдыңғы қатарында атала бастады. Ғалымның зерттеулерінде Ұлт ұстазының тағдыр-талайы, қоғамдық-мәдени қайраткерлігі, шығармашылық даналығы тығыз байланыстылықта зерделенеді.

Ізденімпаз, талапшыл, ұйымдастырушылық қабілеті молынан танылған жас ғалым бірден көзге түсті. 2003-2004 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институты директорының орынбасары қызметтерін атқаруға сенім білдірілді. 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры, директорының орынбасары мансаптарын да абыроймен атқарды.

2007-2012 жылдары Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры, 2012-2015 жылдары Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры болып қызмет атқарған кездерінде де әдебиеттану мен алаштану бағытындағы ғылыми жинақтар мен кітаптардың жарық көруіне бастама жасады. Қазір Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы.

Осындай жауапкершілігі мол мансапты қызметтерді атқара жүрсе де ғылымнан бірде-бір қол үзбеген Е.Тілешовтің негізгі ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына, алаштану, тілтану, қазақ тілін үйрету әдістемесі тақырыбына арналған. Қазақ әдебиеті тарихындағы «ақтаңдақтарды» ашуға елеулі үлес қосты. «Алаш» қозғалысы тарихын, Алаш арыстары шығармашылығын терең зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазды. «Алаш туы астында», «Алаш және Әуезов», «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты», «Алаш қайраткерлері» жинақтарының алаштану саласына қосылған сүбелі ізденістердің жемісі екені айқын. «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығының (Д.Қамзабекұлымен бірге), «Алаштың ардағы» жинағын, ұлт руханиятының көсемі А.Байтұрсыновтың тіл білімі саласындағы мұрасына арналған «Тіл – құрал» танымдық жинақтарын құрастырып шығарудағы еңбегі ерекше. Ғалым еңбектерінде Алаш арыстары ғұмырбаяндарының бұрын ғылыми айналымға түсе қоймаған тың дереккөздері де тұңғыш рет жүйелі түрде бір арнада тоғысып, олардың Алаш ардақтылары ретіндегі азаматтық болмысы ашыла түсті.

«Көркемдік әдіс және суреткер» монографиясы, «Қайнар» атты ғылыми-зерттеу мақалалар жинағы – уақыт үдерісіндегі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне арнап жазылған, замана сұранысына толық жауап беретін жаңашыл сипатымен әдеби-ғылыми ортада өз бағасын алған еңбектер. Ол – 250-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік, публицистикалық мақаланың авторы. Ана тілі мен тарихи тұлғаларына деген құрметін тілге тиек ете отырып жазған салыстырмалық пікірлерге толы толғамдары үнемі оқырманды ойға жетелейді. Е.Тілешовтің латын әліпбиіне көшу туралы бастама көтерілген тұстағы жазған көсемсөздері қазақ публицистикасында өзіндік орны, ал ұлт журналистикасында мәні бар мақалалар десек, қателесе қоймаймыз.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі. «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасымен, «Астананың 10 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Ербол Тілешов үлгілі отбасы иесі. Жұбайы – Қарагөз Тілешова Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ұлдары – Мұқағали, «Астана халықаралық әуежайының» қызметкері, Еркеғали – Назарбаев университетінің қызметкері, келіні – Бағдагүл, немерелері – Айару, Ханшайым.

Расында да, Әлихан Бөкейханов айтқандай «Ұлтқа қызмет жасау білімнен емес, мінезден». Ол – ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлік тұлғасымен, ұлт­жандылық болмысымен, ғалымдық дарындылығымен өз ортасынан ойып тұрып орын алатын кұрметке ие, ал осы мерей­тойы тұсында қандай да болсын қошеметке лайық ғалым. Бүгінде «ел ағасы» атандыратын 60 жасқа толған мерейтой иесінің алар асулары әлі де алда.

Жандос СМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button