Қаланы көркейту – ортақ іс
Балқаш көлінің жағасындағы көсілген Приозерск қаласының 1956 жылы қазығы қағылып, іргесі қаланған. Шағын қала Кеңес одағы кезінде зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі сыналған бұрынғы «Сарышаған» ғылыми-зерттеу полигонының әкімшілік орталығы болған. Елдің қорғаныс саласын нығайтып, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына өлшеусіз үлес қосқан қала бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Қазіргі таңда қалада көптеген игі істер атқарылуда. Сондай-ақ, шаһар тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында әкімдік тарапынан бірқатар бастамалар көтеріліп жатқанға ұқсайды. Осы және өзге де даму бағыттары жайында қала әкімі Мансұр Ахметовпен әңгімелескен едік.
– Мансұр Талғатұлы, Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды көбейтуді, жеңілдікпен берілетін үйлерді көбірек салуды міндеттеген болатын. Тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Жалпы, Приозерск қаласында баспана кезегінде қанша адам тұр?
– Халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету үшін биылғы жылы тұрғын үйді сатып алу бағдарламасы жалғасуда. Қазіргі уақытта, тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде – 352 азамат бар, оның 185-і халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Осы мақсатта – Гранит өткелінде, 4-інші үй мекенжайында – 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй салынды. Құрылысты жүргізген – жеке кәсіпкер Б. Қыпшақпаев. Пәтерлердің жалпы ауданы 971 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, екі бөлмелі – 8 (67,2-ден 68,94 шаршы метрге дейін), ал, үш бөлмелі – 4 (81,97-ден 93,84 шаршы метр көлемінде). 12 пәтерді сатып алудың жалпы құны – 291,3 миллион теңге. Айта кету керек, қазіргі уақытта, бұл үйден 8 пәтер сатып алынды. Қалған 4 пәтерге конкурс жарияланды. Осы жылдың соңына дейін сатып аламыз. Сондай-ақ, 2023 жылы мердігер А.Жақашев Сарыарқа көшесіндегі қонақ үйді – тұрғын үйге лайықтап, қайта жөндеуден өткізді. Бұл үйден 5 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Пәтерлердің жалпы ауданы – 382,5 шаршы метр. Бұл пәтерлердің құны 95,625 миллион теңгеге бағаланып отыр. Сонымен қатар, қалалық құрылыс бөлімі Балқаш көшесінде 5 қабатты тұрғын үй салуға жобалық-сметалық құжат әзірлеуде. Қаржы бөлінсе, келесі жылы құрылысын бастаймыз.
– Қаланың коммуналды тұрғын-үй саласында жинақталған мәселелерді шешу жүйелі түрде қарастыруды талап етеді. Коммуналдық саланың бүгінгі ахуалы қалай?
– Еліміздегі ең бір күрделі салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі. Себебі, бұл халықтың тікелей тұрмыс-тіршілігіне зор ықпал етеді. Оның үстіне коммуналдық жүйе ұзақ жылдар қозғаусыз қалған болатын. Оған түрлі жағдайлар әсер етті. Біріншіден, саланың нарық қатынастардағы бағытын анықтау қажет болды. Екіншіден, қаржы тапшылығын бастан кештік. Осылайша бұл саладағы реформа уақыт пен экономикамыздың ыңғайына байланысты бірте-бірте жүзеге асырылып келеді. Қаланың коммуналдық шаруашылық бағыты үнемі бақылауда. Былтыр жылу беру маусымы ойдағыдай өтті. Жылыту маусымы барысында болған ақауларды ескере отырып, 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. 3 қазандық, 4 экономайзер, 3 түтінсорғы, 3,5 шақырымнан аса жылу құбырлары ауыстырылды.Сонымен қоса, су, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесін алдағы жылыту маусымында көреміз деп үміттенеміз.
– Әлеуметтік саланың негізі – білім беру мен денсаулық сақтау. Халық саны көбейген сайын мектеп пен аурухана, емханаларға сұраныс артатыны белгілі. Қалада халық санының өсуі байқала ма? Мектеп пен ауруханаға сұраныс бар ма?
– Әрине, қала тұрғындарының санының артуы – табиғи заңдылық. Сіз айтқандай Приозерск қаласында жаңа мектеп салу қажеттігі туындаған сияқты. Қаламызда барлығы екі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Типтік мектептер 1961 және 1980 жылдары салынған. Приозерск қаласы күрделі, қозғалмалы топырақта орналасқан, соның салдарынан қаладағы ғимараттардың көпшілігі бүлінулерге ұшырайды (жарықтар пайда болған). 1961 жылы салынған №2 жалпы білім беретін мектептің ғимараты екі рет жөндеу жұмысынан өтіп, соңғы рет іргетасын нығайту 2013 жылы жүргізілді. №1 жалпы білім беретін мектептің ғимаратына да екі рет жөндеу жұмыстары өткерілді. Соңғы рет іргетасын қайта жөндеуден өткізу 2015 жылы жүргізілді. Мектептердің іргетасын нығайту жұмыстарының барлығы қалалық бюджет есебінен атқарылды. Қаланың негізгі қалыптастырушы нысандары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері болып табылады. Қазіргі халықаралық жағдайды ескерсек, қаладағы әскери қызметшілер санының өсу ықтималдығы бар. Қазіргі уақытта қала туристік бағытта дамып келеді. Приозерск Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Жыл сайын халықтың қажеттіліктері үшін көпқабатты тұрғын үйлер салынып, жеке үйлер салу үшін жер телімдері бөлінеді. Жақын маңдағы ауыл тұрғындарының қаладан тұрғын үй сатып алу үрдісі де байқалуда. Жоғарыда аталған жағдайлар қала тұрғындарының көбеюіне ықпал етеді. 1961 жылы салынған №2 жалпы білім беретін мектептің жобалық қуаты 400 оқушыға есептелген, бірақ, қазіргі уақытта мектепте 992 оқушы білім алып жатыр. Балалар екі ауысымда оқиды. Мектептің дәліздері өте тар, киім ілетін шкафтарды орналастыру мүмкін емес, гардероб бірінші қабаттағы оқу кабинетінен жабдықталған. Мектептің тығыздығына байланысты қосымша санитарлық тораптарды орнату қажеттілігі туындап отыр. Мектеп қаланың орталығында орналасқан. Сондықтан, қаланың тұрғындары бірінші мектептің алыста орналасуына байланысты балаларын осы мектепке беруді жөн көреді. Приозерск қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала аумағында мектеп салуға арналған жер телімі бар. Балалардың білім алуы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында, Приозерск қаласында жаңа мектеп салу қажет деп санаймын.
– Облыс әкімінің тапсырмасы – қаланың потенциалын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту болатын. Бұл тапсырманың аясында – қалада кәсіпорындар ашу, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету міндеттелген. Бүгінде ол міндеттің орындалу барысы қалай?
– Приозерск қаласында бұған дейін де «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында бірнеше жоба қайтарымсыз грантпен қаржыландырылды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген бағдарлама осылайша жұмыссыз жандардың өз ісін бастауына үлкен көмек болды. Мансаптық орталық арқылы халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарына жеке кәсібін ашу немесе кәсібіне қолдау көрсету мақсатында, 2024 жылы 10 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. Жалпы сомасы 14 миллион 768 мың теңгені құрайды (адам басына 400 айлық есептік көрсеткіш). 2024 жылы грант алған азаматтар бизнес жобаларын толық іске асырғаннан кейін азаматтарды жұмыспен қамтиды. Мәселен, өткен жылы қайтарымсыз грант алған азаматтар 8 жұмыс орнын ашты. Қалада кәсіпорындар ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – жылыжай құрылысына жер қарастырылды. Қала аумағында 1000 текше метр жылыжай салу бойынша инвестор жер телімдері құжаттарын дайындау үстінде, 2025 жылы құрылысын бастайды.
Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге 2023 жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 25 жобаға – 253,5 миллион теңге несие берілді. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2024 жылы қала кәсіпкерлеріне төмендетілген пайызбен 9 жоба – 57,6 миллион теңге несие алды. Жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады.
– Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Қалада жұмыссыздық деңгейі төмендеді ме?
– Қалада жұмыс күшіне деген сұраныстың артуына байланысты, жұмыспен қамту қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған азаматтар саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 38%-ға жоғары. 2023 жылдың 9 айында – 269 адам жұмыспен қамтылса, 2024 жылдың 9 айында – 370 адам қамтылды. Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылады. Биыл 196 азамат қаламыздың мекемелеріне, жеке кәсіпкерлеріне жұмысқа орналастырылды. Бүгінде қалада жұмыссыздық деңгейі – 3,9%.
– Қазақстанда туризмді дамытуға жұмыстың атқарылмай жатқаны емес, сол жұмысты атқаруда дұрыс бағыттың жоқтығы кедергі болып отыр дейді мамандар. Приозерск қаласында туризм дамуы үшін жүйелі шаралар қабылданды ма? Қазіргі уақытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Сонымен қатар, Балқаш көлі Қазақстандағы ТОП-20 туристік аймақ тізіміне енгізілген. Қаланың бас жоспарын түзету аяқталу сатысында, оған сәйкес рекреациялық-сауықтыру секторының бос учаскелерінде демалыс аймақтарын салу жоспарланған. Қаланың бас жоспары бойынша туристік бағыттағы объектілерді салуға және ілеспе қызметтерді дамытуға ауданы 34,2 гектардан асатын жер қарастырылды. Кәсіпкерлік объектілерін салу үшін бос жер учаскелері туралы ақпарат қалалық әкімдіктің, жер қатынастары бөлімінің сайттарында, сондай-ақ, Қарағанды облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының сайтында орналастырылған. Қазіргі таңда Приозерск қаласында 10 қонақ үй бар, төсек орындары – 430. Туризм саласында 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1505 (мың жарымға) жуық адамға қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда (1707 адам) 11,8%-ға төмендеді. Қазіргі уақытта қызмет көрсетуде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, яғни демалыс аймақтары, үйлер мен қонақ үйлер салынуда. Өздеріңізге белгілі, «Достық орталығы» ғимаратының артындағы қалалық жағажайды абаттандыру жұмыстары басталды. Жағажайды абаттандыру жұмысы 2023 жылы мамырда аяқталды. Бұл жұмыстарға 33 миллион 376 мың теңге жұмсалды. Жағажайда волейбол, воркаут алаңдары, балалар ойын алаңы мен сауда нүктелері, шағын карусельдер, биотуалеттер сияқты қажетті жабдықтар орнатылды. Жағажайды абаттандыру биыл да жалғасын тапты. 2025 жылы 3 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарда бар. Жағажайды абаттандыру – қаланың шағын кәсіпкерлігін дамытуға оң әсер тигізуде. Инфрақұрылымды жеткізуге келетін болсақ, біз жағалау аймақтарын 3 бөлікке бөліп қарастырдық. 2024-2026 жылдарға арналған бюджетте инфрақұрылымды (жылу-сумен жабдықтау, кәріз, электр және жол) жүргізуге 238,8 миллион теңге қаражат қажет. Бұл аталмыш қаражатты №1 №2 және №3 жағажай аймағы ауданындағы учаскелерді жөнге келтіруге жұмсамақшымыз. Қазірдің өзінде аталған учаскелерде кәсіпкерлер туризм нысандарының құрылысын бастады. Туризм бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
– Қаланың жасыл белдеуін әрі қарай дамыту үшін жұмыс жолға қойылғалы көп жыл болды. Қалыптасқан аймақтардағы жасыл желектің тығыздығын арттыру, қала аумағындағы бос жерлерге тал егу, демалыс орындарын қалыптастыру жұмыстары қалай жүргізіліп келеді?
– Қаланы абаттандырумен жасылдандыру мақсатында соңғы 3 жылда көптеген жұмыстар атқарылуда. 2021 жылы Б.Момышұлы көшесінен бастап, газон (көгал) егу жұмыстары басталып, биыл аяқталды. Газон егілген жерлердің бәріне тамшылап суару құбырлары тартылды. Және суғаруымен арнайы айналысатын мамандар жұмылдырылды. Сонымен қоса, талдарды отырғызу жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Ағымдағы жылы көктем айында 500-ге жуық ағаш отырғызсақ, күз мезгілінде 1000-ға тарта ағаш егіледі. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында демалыс орындарға, аллея, саябақтарға ағымдағы жөндеу, сырлау жұмыстарын жүргізіп, күтім көрсету қызметтерін жасай отырып, демалушыларға жағдай жасауға тырысамыз.
– Қала тұрғындарының ең көп көтеретін мәселесі қандай?
– Қала халқын мазалайтын мәселенің бірі – Мәдениет үйінің жоқтығы. 11 мыңнан астам халқы бар Приозерск қаласы мәдениет ошағынсыз өмір кешуде. Өте ұйымшыл, береке-бірлігі жарасқан қала тұрғындары салт-дәстүрімізге негізделген игі шаралар өткізіп тұруға мүдделі. Соны өткізетін жер таппай қиналып жатады. Қала жастарының да кешке, бір уақыт барып, мәдени шараларды көріп, мәнді де мағыналы демалып қайтатын жері жоқ. Бос уақытын тиімді өткізіп, өмірін өнерге баулимын деген жанға мүмкіндік аз. Өз кезегінде тұрғындар Мәдениет үйі ашылса, қаладағы мәдени өмірдің де қыз-қыз қайнайтынына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК.