Руханият

Қаламгер рухына құрмет кеші

Биыл қарымды қаламгер, публицист, қазақ журналистикасының қара нары, «Ortalyq Qazaqstan» газетінде ұзақ жыл Бас редактор болған Мағауия Сембайдың 70 жылдығы. Осыған орай Ж.Бектұров атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Қалам ұшындағы аманат» атты тұлғаны еске алу кеші өтті. Кешке марқұмның туған-туыстары мен үзеңгілес достары, қаламдастары, шәкірттері және оқырмандары қатысты. Жиналғандар марқұмның жарқын бейнесін еске алды.

Суреттер автордан

Мағауия Сембай – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Г.Толмачев атындағы республикалық байқаудың «2009 жылғы таңдаулы БАҚ редакторы» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Марқұм өзінің қайраткерлік қырымен де таныла білді. Облыстық мәслихаттың ІІІ және IV шақырылымының депутаты болды. «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. Сонымен қатар, төрт мерекелік медальмен марапатталған. Бұдан бөлек облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының арнайы жүлдесінің, Президент сыйлығының иегері. Мағауия Сланбекұлының көзінің тірісінде «Қолыма қалам алдым айтамын деп…», «Алаштың Алдаспаны», «Құбылыс», «Жерұйық», «Ой-тамызық», «Наркескен» атты кітаптары жарық көрді.

64 жыл ғұмырының 44 жылын журналистикаға арнаған тұғырлы тұлғаны еске алу кешінің алғысөзін ұстазы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай айтты.

– Мағауияның әкесі Сламбекпен өте жақсы араластым. Аға мен інідей болдық. Әкесі бір жүздескенімізде «Зарқын, мына жалғыз ұлды саған тапсырдым», – деп аманат еткен еді. «Анау дүниеге барғанда қолыңды аламын», – деді. Өзімнің ағалық, ұстаздық міндетімді орындадым деп ойлаймын. Мағауияның өзі де дарынды, сұңғыла азамат болды. Тек жол көрсеттім. Әрі қарай өзі таңдаған саласын әбден игеріп, соған адал бола білді. Бір өкінішім ғана бар. Жаныма жақын бауырым 70 жасқа жете алмады. Оның жазары да, халқына берері де көп еді, – деді Зарқын Тайшыбай.

Алғысөзден кейін «Парасат» орденінің кавалері, Қарағанды облысының құрметті азаматы Рымбала Омарбекова бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері естелік айтты. Сөз сөйлегендер Мағауия Сембай мен қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауиннің сыйластығын тілге тиек етті. Мұхтар Мағауин «Менің Мағаш бауырым» мақаласында «Мағаштың қандай абзал адам болғаны туралы жазылып жатыр, айтылып жатыр, әлі де айтыла, жазыла бермек. Мен үшін Алаштың азаматы ретінде есте қалды. Атан түйедей зор денесіне қарамастан, жас баладай аңғал, жайдары болатын. Және қажетінде салмақты. Үлкенге риясыз іні, кішіге бүкпесіз аға. Қазақы мінез, кірпияз мәдениет. Ұлттық санасы айқын. Таным, білігі өз алдына. Бізді аға мен іні, әріптес ретінде жалғастырған да осы сана мен таным болатын» деп жазған еді.

Тірісінде жанына жақын тұтқан бауыры Құрмаш Ыбышев ән шырқады. Мұхтар Мағауин 70 жас мерейтойын Чехияның Прага қаласында атап өткен еді. Міне, сол тойға Құрмаш Ыбышев Мағауия Сембайға серік болып барып, Мұхтар Мағауиннің тойында әнін әуелеткен.

Өмірден өткен соң шәкірті Ерсін Мұсабеков пен жары Мейраш Мұқашеваның құрастыруымен, «Қаламға сүйенген тағдыр», «Қоңыр наз» атты қос кітабы баспадан шықты. 70 жылдығына орай өткен еске алу кешінде «Ой-қазына» атты кітабының тұсауы кесілді. Жаңа кітаптың лентасын қиюға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, академик Зарқын Тайшыбай және жан досы Еркін Өкімбаев шықты. Жаңа кітапқа көлемі қысқа, терең философиялық толғамдары жинақталған.

Еске алу кешінде Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қорының арнайы сыйлығы табысталды. Сыйлық белгілі ақын, Мағауия Сембайдың журналистикадағы шәкірті Жанат Жаңқашұлына берілді. Сонымен қатар, Мағауия Сембайдың жары Мейраш Мұқашеваға ықылас гүлі табыс етілді.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button