Қалам ұшындағы қаржылық сауаттылық
Жалған ақша – ел экономикасына төнген жасырын қауіп. Мұндай заңсыз әрекеттер қаржы айналымын бұзып, халықтың ұлттық валютаға деген сенімін әлсіретеді. Нәтижесінде бағаның өсуі мен экономикалық тұрақсыздық орын алуы мүмкін.

Мамандардың пікірінше, жалған ақша жасау мен тарату тек заң бұзушылық қана емес, ол – қоғамға үлкен зиян келтіретін әрекет. Бұл адал еңбектің құнын түсіріп, кәсіпкерлік пен сауда саласына кері әсер етеді.
Әр азамат мұндай қауіптің алдын алуға үлес қосуы керек. Күмәнді ақша анықталған жағдайда бірден құзырлы органдарға хабар беру – ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Осы орайда, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.Қалыбекова және профессор-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен 2026 жылдың 27 наурызында «Жалған ақша жасау болашаққа қауіп төндіреді» тақырыбында аймақтық онлайн эссе байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру, жалған ақша жасаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік салдары туралы саналы көзқарасын қалыптастыру.
Байқауға жоғары оқу орындарының студенттері ерікті негізде қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қатысушылар жалған ақша жасаудың қоғамға тигізетін зиянын жан-жақты талдап, оның ел экономикасына, халықтың әл-ауқатына және болашақта мемлекет дамуына кері әсерін нақты мысалдармен көрсетті.
Байқау нәтижесі бойынша: І дәрежелі дипломмен Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының студенті Аида Лесбек марапатталды.
ІІ дәрежелі дипломмен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті Дина Ко-фен және Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының студенті Ерсұлтан Жауынбек марапатталды.
ІІІ дәрежелі дипломмен Қарағанды медицина университетінің студенті Аян Есжанов және Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Алмаз Зейнел марапатталды.
Эссе байқауына өз жұмыстарын ұсынып, белсене қатысқан студенттер арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтсақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті Елнұр Сердалы, Зияда Есиркегенова және Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының студенті Аружан Козыкешова.
Бұл байқау білім алушылардың қоғамдағы өз рөлін түсініп, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Қаржылық тәртіп пен заңдылықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Л.Кулейменов,
М.Оспангалиева,
А.Кенжебекова,
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары



