Қала әкімі Мейрам Кожухов «қыс шанасын жаз сайлауды» жөн көреді
Жылыту маусымы – қала үшін үлкен сын. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, Қарағанды қаласының билігі де жаздың жаймашуақ күндерін пайдаланып алу үшін, қарап қалып жатқан жоқ. Алдымен, қаланы қоқыстан тазалап, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ендігі мәселе – алдағы жылыту маусымына дайындықты ойдағыдай аяқтау. Қала әкімі Мейрам Кожухов қаланың магистральдық және орамішілік жылу желілері қалай жөнделіп жатқанымен бөлісті.
Әлиханов, Н.Назарбаев көшелері, Гүлдер, Шапағат шағынаудандарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Бобруйская көшесіндегі жылу желілерін қайта құруды аяқтаймыз. Жалпы, жұмыс қызу жүргізілуде, – дейді Мейрам Мұратұлы.
Мердігерлерге жаңа құбырлар келгенше және оның жарамдылығы туралы тиісті сертификат алынбайынша, ескі құбырларды бұзбау туралы тапсырма берілген.
«Мен ауызша уәделерге сенбеймін» деген қала басшысы жаңа құбыр келгеннен кейін ғана ауыстыру жұмыстары басталатынын айтып отыр. Ал, мердігерлер болса 25-қыркүйекке дейін барлық жұмыстар аяқталады деп сендіріп отыр.
«Көзімен көріп, қолымен ұстамайынша» ештемеге сенбейтін әкім жөнделетін жерлерді апта сайын аралап, жіті бақылауда ұстап отыр.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz