Қалаған жеріне құрылыс салатындар қайдан шықты?
Облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы «қойын алдырып, қорасын бекітті». Анығын айтқанда, сот заңсыз салынған үйлерді сүруге шешім шығарып, облыс әкімдігі тарапынан сынға ұшырағаннан кейін ғана ақпараттандыру саласына түбегейлі өзгерістер енгізбекші. Тіпті, тұрғындарға заңсыз құрылыстар туралы ақпаратты күнделікті беріп отыруға уәде етіп отыр. Себебі, «қара тізімге» іліккен үйлерді сатып алып, енді далада қалу қаупі туған пәтер иелері соңғы күндері аталған басқарманы «заңсыз салынып жатқан үйлер туралы ақпарат неліктен жеткіліксіз болды?» сұрақтың астында қалдырған еді. Басқарма басшысы Сержан Аймақовтың өзі де тұрғындардың базынасын түбегейлі жоққа шығарып отырған жоқ.
Үйді сүргізбеуге барын салады
Бірақ, болар іс болды, бояуы сіңді. Заңсыз салынған үйлерді сатып алғаны былай тұрсын, жөндеу жұмыстарын жасап, кіріп алған тұрғындарды Сержан Жаңабекұлы облыстың мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі түпкілікті емес деп жұбатты. Себебі, апелляцияға бермекші. Болмаса, Жоғарғы Сотқа дейін баруға бейіл. Басқарма басшысы соттың шешімі шығып қойған «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендеріне қатысты басқа ақпаратпен бөліскен жоқ. Себебі, сот процесі әлі де жүріп жатыр.
– «Қаншама компаниялар тұрғын үйлерді заңсыз салуда. Талайын үлескерлердің қаражатын заңсыз алғаны үшін жауапқа тарттық» деген ақпарат қашан да болсын беріліп отырды. Одан бөлек, басқарманың ресми сайты да бар. Бірақ, Instagram, Facebook-тегі жазылушыларымыз өте аз. Сайтқа да адамдар сирек кіреді. Биылдан ақпарат тарату жағынан жұмыс ұстанымызды түбегейлі өзгертеміз. Күн сайын нақты уақыт режимінде, заңды белден басып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары туралы ақпаратты беріп отырамыз, – дейді Сержан Аймақов.
Енді басқарма, өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей брифинг берумен қатар, заңсыз құрылыс басында қона жатпаса да, сол жерден бейнероликтер жасап, халыққа таратпақшы. Қалай болғанда да, салынып қойған үйлерді құлатуға әкелетін өкінішті жайттарға бұдан былай жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрін жасамаққа бекінген.
Айтса айтқандай, әлеуметтік желі бүгінде өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кеткен. Халықтың дені ресми баспа құралдары мен телеарналардан гөрі соларға басымдық беретінін жоққа шығара алмаймыз. Ақпарат алмасудың қуатты құралын барынша пайдалануға бекінген басқарманың әрекеті – осы.
11 құрылыс – заңсыз
Брифинг барысында Сержан Аймақов бүгінде рұқсат құжаттарының толық пакетінсіз салынып жатқан құрылыс нысандарын да атады. Айтуынша, облыс орталығында салынып жатқан 70 тұрғын үй кешенінің 11-і – түрлі бұзушылықтармен тұрғызылуда.
– Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінде құжаттары толық емес. Жоғарыда аталған үш тұрғын үй кешені бойынша бұл түпкілікті шешім емес, апелляция мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Менің ойымша, құрылыс салушылар оны пайдаланады. Ал, тұрғындарға «Тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі туралы» Заңның мақсаты – сіздердің салымдарыңызды қорғау, сақтандыру. Әр адам құрылыс салушы туралы ақпаратты тексеруі керек. Құрылыс компаниясында көп нәрсеге сендіруі мүмкін. Сондықтан, ақпаратты мейлінше тексеру керек, – дейді басқарма басшысы.
Сержан Аймақов заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандарын да тізіп айтты. Тіпті, сөзінің дәлелі ретінде құрылысы рұқсатсыз жүріп жатқан «Қарқаралы» тұрғын үй кешенінің күні кеше түсірілген суреттерін де ұсынды.
– «Buildary» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдарында құрылысты тоқтату туралы соттың шешімі болса да, жұмыстарын жалғастыруда. Жарнамаға сенбеңіздер. Егер осы үйге үлескер ретінде қаражат салып қойсаңыздар, қайтарып алуға тырысыңыздар. Себебі, бұл үй бұзу жөнінде сотқа баратындардың ішінде бірінші тұр, – дейді басқарма басшысы.
Үлескер тарта алмайды
Сүрілуі тиіс үйлерді салып жатқан құрылыс компанияларының ешқайсысы үлескер тарта алмайды. Соттың үйлерді құлатуға шешім шығарғанда назарға алынған себептің бірі – осы.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы бойынша заң бұзушылықтар орын алған. Яғни, үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқан. Құрылыс кезеңінде компания мұны тек «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңдарға сәйкес жасай алады. Пәтер сатып алушылардың қаражатын тартуға рұқсатты жергілікті атқарушы орган беруге тиіс. Үлескерлер ғимараттың шамамен 80-85%-ы тұрғызылғанда, болмаса, бірыңғай оператордың кепілдігі болған кезде немесе жобаға екінші деңгейдегі банк қатысқан кезде ғана қаражатын сала алады, – дейді Сержан Жаңабекұлы.
Ал, «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендеріне қатысты басқарма басшысы аталған нысандарды салып жатқан компанияларды бірінші 2022 жылғы мамырда әкімшілік шаралар қолданғанын айтады. Енді ғана іргесі көтеріле бастағаннан-ақ, дабыл қағып, прокуратураның ұсынысы бойынша айыппұл салған. Ал, тағы бір айдан соң құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шыққан. Бірақ, шешімді көзіне ілмеген компания жұмысын тоқтатпаған. Басқарма полиция департаментіне сот шешімін орындамады деп арызбен жүгінген.
– Полиция департаменті әкімшілік айыппұл салды. Бірақ, құрылыс тоқтамаған соң Әділет департаментіне сот орындаушысы жұмысын тиісінше атқармағаны үшін шағымдандық. Ол жақтан «Құрылыс жұмыстары тоқтатылуы тиіс үйлерді салып жатқан компаниядан жұмыстың тоқтатылғаны туралы хат алдық» деген жауап келді. Біз қол қусырып қарап отырмадық. Хат жіберіп, құқық қорғау органдарынан көмек сұрадық, – дейді Сержан Аймақов.
Сонымен қатар, «43-22-43 жедел желісіне қоңырау шалсаңыздар, барлық сұрақтарға жауап береміз» деп отыр басқарма басшысы. Одан бөлек, кез келген жағдайда кеңес беруге дайын екендіктерін айтады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz