Алғыс арқалағандар
Қарағандыда медицина қызметкерлеріне деген сұраныс оңтайлы шешілген. Мәселен, бұған дейін аталған сала қызметкерлері күні ауылдық жерлерге жіберілетін медицина қызметкерлеріне 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін сертификаттар табыстаған. Ал, былтыр жас дәрігерлерге баспана бұйырды. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының ескі ғимараты қайта жөндеуден өтіп, «Медицина үйі» аталған. Дәл осы үйден 94 жас маман қызметтік пәтер кілтін алды. Биыл Медицина қызметкерлері күні қарсаңындағы салтанатта облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ақ халатты абзал жандарды мерекесімен құттықтап, қаржылай сыйлық сертификаттарын табыс етті.

– Медицина саласында қызмет ету үлкен жауапкершілікпен табандылықты, ар-намыс пен еңбекқорлықты қажет етеді. Халық арасында ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашан да ерекше құрметке ие.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мықты ұлт – ең алдымен дені сау ұлт», – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың бағдарына айналды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі атап өткендей, бүгінгі міндет – мемлекет ретінде жайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар, дәрігерлерді қауіпсіздік пен құқықтар мәселелерінде қолдау. Осы орайда мемлекет тарапынан қолдау тек сөзбен емес, нақты істерге негізделді. Сапалы медицина әр елдімекенге, әр үйге келді. Соңғы екі жылда облыста 26 жаңа медициналық нысан салынып, пайдалануға берілсе, биыл тағы 66 ғимараттың құрылысы басталды. Мәселен, Теміртау мен Балқаштағы ауруханаларға күрделі жөндеу жүргізіліп, Қарағандыда заманауи химиотерапиялық корпус ашылды. Жаңа перинаталдық орталық пен университеттік клиника салу жоспарлануда.
– Бүгінгі таңда біздің дәрігерлер заманауи технологиялармен жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада Remebot жүйесін пайдалана отырып, бірегей нейрохирургиялық операциялар жүргізілді. Қазақстанда алғаш рет Паркинсон ауруы бар науқасқа тереңдік стимуляторы сәтті имплантацияланды. Мұның бәрі сіздердің шеберліктеріңіз бен еңбектеріңіздің, мамандыққа және адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңіздің арқасы, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі заманғы медицина мемлекеттік және жеке секторда дамып келе жатқанын атап өту маңызды. Бүгінгі таңда біздің облыста мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысатын медициналық ұйымдардың 62%-ы жекеменшік. Оның үстіне cоңғы екі жыл ішінде ғана 200-ден астам маман қызметтік баспана алды. «Жаңа қала» шағын ауданында дәрігерлер үшін 400 пәтер салу жоспарланған. Сонымен қатар, тар бейінді мамандар үшін көтерме жәрдемақылардың мөлшері – 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының арқасында көтерме жәрдемақы алған 106 жас медицина қызметкерінің 40-ына тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алу мүмкіндігі берілді.
– № 3 көпсалалы аурухананың аға медбикесі Сәуле Түсіпбекованы жоғары мемлекеттік наградасымен құттықтаймын. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ол «Құрмет» орденімен марапатталды. Сіздің жолыңыз – аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту тарихы, жаңа ұрпақты шабыттандыратын қызметтің мысалы. Сіздердің әрқайсыларыңыз мерекелерде ғана емес, күн сайын назар аударуға, тануға және құрметтеуге лайықсыздар, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында облыс әкімінің сыйлығы он аталым бойынша өз иесін тапты. Атап айтсақ, «Үздік орта медицина қызметкері» аталымы профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың операциялық медбикесі Лизат Қапашеваға, «Үздік жас дәрігер» аталымы Қарағандыдағы № 5 жедел медициналық жәрдем станциясының дәрігері Әділет Әубәкірге, «Үздік акушер-гинеколог» аталымы Теміртау қаласының көпсалалы ауруханасының ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Сәуле Аманжоловаға, «Үздік жалпы практика дәрігері» аталымы Қарағанды қаласының №3 емханасының бөлімше меңгерушісі, жалпы практик дәрігер Айжан Имановаға табысталды.
Сондай-ақ, Шет аудандық ауруханасының онколог дәрігері Фарида Рахимжанова «Үздік ауыл дәрігері», Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасының аралас жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Ғалымбек Сайлауұлы «Үздік хирург», көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры Арғын Бидайбаев «Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» аталымында үздік деп танылды.
«Үздік бизнес-жоба» аталымында «КДЛ ОЛИМП Қарағанды» ЖШС, «Фармацевтикалық қызметтің үздік маманы» аталымында фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Дарья Росовская марапатталды. Барлық үздік қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен 1 млн теңгелік сертификаттар табысталды.
Биылғы медицина қызметкерлерінің мерекесінде Абай қаласы ауруханасының дәрігер зертханашысы Роза Армиянова «Мамандыққа адалдығы үшін» аталымында үздік танылып, 2 млн теңгелік сертификат иеленді.
– Талай жылдан бері осы салада маңдай терін төгіп жүрген жандарды мерекемен құттықтаймын. Медицина қызметі – адамгершіліктің асылы. Дәрігердің мәртебесі жоғары болуы керек, – деп атап өтті Роза Армиянова.
Салтанатты шарада «Үздік жас дәрігер» аталымының жеңімпазы Әділет Әубәкір де жастар атынан өз ойымен бөлісті.
– 2021 жылы резидентураға түстім. Содан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп келемін. Медицина саласында жүрген талантты жастар көп. Қоғам дәрігер мамандығының мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жастар осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр. Біз осымен тоқтамаймыз, әрқашан дамуды жалғастырамыз, – деді Әділет Әубәкір.
Мерекелік шарада ақ халатты абзал жандардың құрметіне эстрада әншілері «Made in KZ» тобы, Мархаба Сәби, Парвиз Назаров ән шырқады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»