АймақШет

Алғысқа толы күн

Тағдыр айдап, елімізге қоныс аударғандардың қазақ халқына деген құрметінің орнығуына негіз болған Алғыс айту күнін Шет ауданы жұртшылығы ерекше ауқыммен атап өтті.

Мерекеге орай аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин пандемия уақытында ерен еңбегімен көзге түскен дәрігерлерді, мемлекеттік қызмет және құқық қорғау саласының қызметкерлерін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қайырымдылық шараларына атсалысқан еріктілерді марапаттады. Алдағы жұмыстарына толағай табыс тілеп, аудан әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.

Мерекеге арналған мәдени-бұқаралық шаралар ауданға қарасты барлық кенттер мен ауылдарда карантин талаптарын сақтай отыра аталып өтті. Аталмыш мереке қарсаңында «Мың алғыс саған, туған ел!» атты челлендж ұйымдастырылды. Шет ауданында туыпөсіп, бүгінде сырт мемлекеттерде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері туған жерлеріне деген ризашылықтарын бейнежазбалар арқылы жолдады.

Сондай-ақ, бұл күні аудан көлемінде қайырымдылық шарасы да кең көрініс тапты. Аудан әкімнің орынбасары А.Әбілдин Ақсу-Аюлы ауылындағы әлеуметтік тегін дүкенде тіркелген көпбалалы, тұрмысы төмен 14 отбасыға азық-түлік себеттерін тарту етті. Дүкен жұмысын үйлестіруші, «Ақтілеу» қайырымдылық қорының жетекшісі Гүлшара Ахметова да тұрғындарды мерекемен құттықтап, әлеуметтік дүкенге жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Бұл «Қайырымдылық марафоны» алдағы уақытта да жалғаса береді.

Б.АМАНГЕЛДИНОВ, аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button