Басты тақырып

Алғашқы семинар – Арқа төрінде

   Кеше облыс әкімдігінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік ИМАШЕВТІҢ қатысуымен биылғы 29 қазанға белгіленген мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Шараға облыс әкімі Ерлан Қошанов, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері, әкім аппаратының қызметкерлері, облыстың өзге де мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мәслихат хатшылары қатысты.

Кеңес барысында – шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттары сайлауын өткізуге дайындық, сайлаушылар тізімін құру бойынша жұмыстарды жетілдіру, сайлау процесіне қатысушылардың электораттық мәдениетін арттыру мәселелері талқыланды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы аумақтық және учаскелік комиссиялар – бұл сайлау жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі екенін және сайлау туралы заңнаманың орындалуы мен оның бірыңғай қолданылуы – осы айтылғандармен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау комиссияларының кадрларын және басқа да сайлау процессінің қатысушыларын кәсіби даярлау мәселелерін талқылау, Орталық сайлау комиссиясы қызметінің негізгі бағыттарымен таныстыру үшін аймақтарда бірқатар көшпелі семинар-кеңестерді өткізуді жоспарлады. Осыған орай бүгін алғашқы семинарды Қарағанды облысында өткізудеміз, – деді Берік Имашев.

Алғашқы семинардың Арқа төрінде өтуі де тегін емес. Себебі, Қарағанды облысы – аумағы бойынша еліміздің ең ірі аймағы саналады. Шамамен 1,4 млн. тұрғыны бар өңіріміздің 922,4 сайлаушысы бар екен. Бұл – Республика бойынша 4-ші көрсеткіш. Сонымен қатар, урбанизацияланған ең ірі өңір де – Қарағанды облысы. Яғни, өңір тұрғындардың 79,5%-ы қалалық жерде қоныс тепкен. Сәйкесінше, облыс сайлаушыларының 77,4%-ы да қалаға тұрақтаған. Өз кезегінде бұл – ірі сайлау учаскелері, сайлаушылар тізімінің маңыздылығы туралы мәселелер, учаскелік комиссияға артылар ауыр салмақ (Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларындағы сайлаушылардың орташа саны 2 мың адам) деген сөз. Сөйтіп, облыстағы 1105 сайлау комиссиясындағы (облыстық, 9 қалалық, 9 аудандық, 298 округтік және 788 учаскелік) қоғамдық бастамаларда барлығы 7735 комиссия мүшесі еңбек етеді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы отырысқа қатысушыларды ОСК қызметінің электораттықаралық кезеңдегі негізгі бағыттары – Қазақстанның сайлау жүйесіндегі заңнамалық негізді жетілдіру, халық­аралық ынтымақтастықты дамыту, сайлау комиссияларының мүшелерін кәсібилендіру және сайлау процестерін цифрландыру туралы хабардар етті.

Берік Имашев соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасын бақылау аясында тиянақты жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, кеңес барысында Қарағанды облысының сайлау комиссияларының биылғы қызметі, аймақтан шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын сайлаудың ағымдағы науқаны туралы пікір алмасулар өткізілді. Бұған қатысты облысы әкімі аппаратының басшысы Жанат Ысқақов баяндама жасап, сайлауды ұйымдастырудың басты бағыттарының бірі – сайлаушылар тізімін қалыптастыру мәселесіне тоқталып өтті. Тиісінше, сайлаушылар тізіміндегі барлық есепке алушылық пен мәліметтер нақтылығы – сайлау округтерінің шекарасын сапалы белгілеуге септігін тигізеді. Оның айтуынша, бұл бағытта, яғни, сайлаушылардың электрондық базасын түзетуде облыстың атқарушы органдарымен белсенді жұмыс жүргізілуде. Ал, биылғы 29 қазанда өткізілетін шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын сайлаудың ағымдағы науқанына қатысты барлық сайлау учаскелері сақадай сай екендігін жеткізді.

Сайлауды ұйымдастырушылардың бірлескен жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттер мен бағыттар қарастырылды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау комиссияларының мүшелерін тұрақты негізде оқыту үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажеттігіне, сондай-ақ, басқа елдердегі сайлауды бақылау миссияларын қоса алғанда, халықаралық іс-шараларға аймақ өкілдерінің қатысуын арттыруға назар аударды.

Өз кезегінде, облыс әкімі кеңес қорытындысы бойынша барлық ұсыныстарды назарға алатындығын жеткізді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button