Алғашқы қадамдар, ұшталған қаламдар
Зейнеткер болғаныммен, кәсіби дағдымен үйде отырып, қалам ұстаған жанның бірі – мен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық мерейжасына шынайы мәнінде болып-толған, редакция басшылығынан бастап, жас та алғыр жорналшылар корпусы жасақталған, замана көшімен үзеңгі қағыстырған жаңа сапалық деңгейде жеткеніне газет жасау бейнетін кешкен кісі ретінде қуаныштымын. Дей келе, көп қиындық-зардаппен келген тәуелсіздігіміздің іргетасын салысқан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен автор-тілшілерінің өзіміздің Арқадан мол шыққанын айта отырып, газет тарихында жазылып қалған бірқатар есімдерді жаңғыртып атау арқылы айғақтауды мақсат тұттым.
Қарағанды өңіріндегі ең «жасы» үлкен газет – тоқсанға толғанын былтыр атап өткен Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» («Еңбек майданы», «Коммунизм таңы») газеті екені рас. Сол 1930 жылы Қарағанды енді ғана өндірістік кент болып қалыптасып, қала мәртебесін 1934 жылы, облыс мәртебесін 1936 жылы ғана алғандықтан, Қарқаралы уезі еліміздің шығысында жатқан Семей губерниясына қарады. Солай бола тұра, арғы-бергі газетшілердің барлығы дерлік тұңғыш қадамын қарағандылық үлкенді-кішілі баспасөзден бастаған. Мәселен, Қазақ кеңестік автономиясы басшылығының 1930 жылғы қаулысымен сол жылы Қарқаралы округінде мемлекеттік мереке – 7 ноябрь күні жарық көрген «Еңбек майданы» газетін алғашқы редактор Жұмабай Орманбаевпен бірге шығарысқан Айташ Омарұлы мен Ғалымқажы Абдулиннің газетшілік жолы Қарағандының өндірістік баспасөзінде басталған болатын.
…Қарқаралы орыс-қазақ мектебінен сауаттанып шыққан бозбалалар 30-жылдары жер астынан көмір қазып шығарып күн көрген халықтың өмірін көзімен көру үшін Қарағандыға келеді. Айташ бірден кенішке жұмысқа тұрады, санаулы қазақ кеншілері арасынан сауатымен байқалып, шахтком мүшесі болады, комсомол қатарына өтеді, кеншілердің көптиражды «Большевистская кочегарка» газетіне әріп теруші, корректор аталатын техникалық жұмысқа алынады. Сөйтіп жүріп хабар-ошар жазуға, орыс газетінен мәтін қазақшалауға машықтанады. 1930 жылы Қарқаралы газетін ашу жөнінде пәрмен болғанда, аупартком Қарағандыда өндірістік газет шығарысып төселген жігітті елге алдырып, газеттің жауапты хатшысы етеді. Ұлы Отан соғысына алынғанша және одан кейін де газет шығарып, алғашқы жорналшылар қатарын түзген ІІ топтағы соғыс мүгедегі Айташ ағамыз – Орталық Қазақстан баспасөзінің алғашқы қарлығашы еді. Одан сәл ересек Ғалым қаладағы тіршілігін «Қарағанды пролетариаты» газетінде корректор болып бастап, газет «Советтік Қарағанды» аталған кезде редакция мен баспахана жұмысын үйлестіруші жауапты шығарушылыққа бекітіледі. Облыстық газеттің сол кезеңдегі Бас редакторы Бейсенғали Тәйкіманов баспасөз маңызын жүрегімен ұғынған, жазу-сызуы да бар ширақ жігітті партия қатарына қабылдайды. Алайда, көп ұзамай саяси органдар ұйғарымымен газетші-баспаханашы кадрына мұқтаж Қарқаралыға босатады. Содан соғысты да бастан кешіп, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен он екі мүшесі аман оралған Ғалекең жергілікті баспахана меңгерушілігінен зейнеткерлікке шығып, бақуатты, ұзақ ғұмыр жасады. Қазақ мерзімдік баспасөзінің алдыңғы толқын өкілі, қаламы қуатты сатирик-жазушы Әбжан Омарбаев Қарқаралы жастарын жаппай сауаттандыру желісімен қаладан ашылған коммунистік жастар мектебін (ШКМ) бітіріп, ХХ ғ. 30-жылдары аудандық «Еңбек майданы» газетіне тырнақалдысын шығарып үлгереді де, оңтайлы күнкөріс іздеген әке ұйғарымымен көмірлі кентке көшіп келісімен «Қарағанды пролетариаты» газетіне, одан ауа көшіп Қуға келгендерінде, сол ауданда ашылған «Большевиктік жол» газетіне, «мыс балқыту өндірісінде табыс мол көрінеді» деген әкесімен Балқашқа табан тірегенде, сонда ашылған «Балқаш жұмысшысы» газетіне тұрады. Өткір тілді жас тілші Қарағандыда ашылған «Қарағанды комсомолы» газетіне де жазғандарын бұрқыратып жолдап тұрады. Соғыс жылдары Ә.Омарбаевтың сын мақалалары мен фельетондары тылдағы ерлік еңбекке жұмылдырғыш роль атқарған. Сол жылдары Балқаш пен Қоңырат өндірістері ашылу құрметіне жырдан шашу шашқан Ақтоғайдың тумасы, азаттық ұраншысы әрі ақын-сазгер, жасында Жамбылмен айтысқа түскен, әйгілі «Аққайың» әнінің авторы Шашубай Қошқарбайұлымен Балқаш-Жезқазған ақындарының шарпысуы үстінде танысып-табысады.
Сол жол сатирик-тілшіні Шашекең құлай ұнатып, қасына алады, 1952 жылы қайтыс болғанша хатшысы есебінде ұстайды. Тіл байлығы, қалам қуаты мейлінше кемел шағында кіндік қаны тамған Қарқаралысына оралып, ғұмыры таусылғанша туған газетінің айбынды тілшісі болған Әбжан Омарбаев артына «Кәрлен кесе» бастаған сатиралық жинақтарын қалдырды. Қарқаралы уезі Едірей болысында туған Шарапат Абаев – Қарқаралы аудандық, Қу аудандық газеттеріне алғаш қалам тартқан жорналшылардың бірі, комсомол белсендісі. 1938 жылы Қудағы №1 қазақ орта мектебінен соң 1940 жылы Қазақстан БЛКЖО Қу ауданы пионерлер мен оқушы-жастар бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Большевиктік жол» газетінде жауапты хатшы, 1942 жылы аудан комсомолының 1-ші хатшысы, 1942-1944 жж. Украина майданы Сталинград үгіт-насихат механокорпусы 4-ші гвардия жетекшісі болады. Ауыр жарақатпен елге оралып, «Большевиктік жолдың» жауапты редакторы жұмысындағы Абаев көп ұзамай Қазақстан Магниткасына жолдамамен тартылып, «Теміртау жұмысшысы» басылымында тілші, редактордың орынбасары лауазымын атқарды. 1955 жылы «Советтік Қарағанды» газетінің бөлім меңгерушісі қызметінде Мінәж Жармұхамедов, Орынбай Айтмағамбетовпен қатар жүріп, майдан жарақатының асқынуынан сырқатпен алысып өмірден озды.
Қысы қатал, табиғаты сұлу Қатонқарағайдың тумасы Мәлік Имашев – Кеңес армиясы қатарындағы 3 жылда әскери ұшақпен қызмет көрсетуге маманданып, соғыс жылдары дұшпанмен әуеде шайқасудың жанқиярлық үлгісін көрсеткен, талай жауынгерлік награда алған кісі. Бейбіт жылдары Мәскеу ЖСП мектебін, «қызыл профессура» мектебінен өтіп, ҚКП Қарағанды обкомы Киров аупарткомы, Шет аупарткомы, Қарағанды обкомы хатшысы қызметтерінде болды, облыс кәсіподағын басқарды. Ұйымдастыру-басқарудағы адамгершілік асыл қасиеттің, терең білім-дарынның иесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ВЦСПС мүшесі, тумысынан қатал, қарапайым, тұрмыс пен еңбекке шыңдалып өскен ол саналы ғұмырын жұмыскер жанға өнімді еңбек пен демалыс-тұрмыс жағдайын жақсарту, заңды құқығын сақтау ісіне арнады. Қаламы ұшқыр жазушы, облыстық газеттердің автор-тілшісі Мәлік Имашұлы халықты жаңаша тірлікке үндеген оратор, баспагерлік ісін республикада тұңғыш электроникаға көшірген, баспасөздің тозбас тоны – коммерциялық қызметті практикаға енгізген реформатор еді.
Он тоғыз жасында әскери училище тәмамдаған сардар Шаймаран Мезгілбаев ҰОС жылдары жауынгерлік жолын Оңтүстік майдан құрамында Украина, Молдова, Румыния, Аустрия-Венгрия, Чехословакияны неміс басқыншыларынан азат етумен бастап, дербес батальон командирі шенінде жапон милитаристерін жою үшін Гоби шөлі мен Хинганнан асып, ұлы мұхит шетіндегі Порт-Артурда 21 жасында аяқтаған. Өлкетануға қызығушылық сол жастан басталған, принципшіл-табандылығымен «Қарқаралы Бауыржаны» атанған Шәкең «Индустриальная Караганда» газетінде Қарқаралы, Қу, Талды аудандарының меншікті тілшісі болып істеген жылдары Қарқаралыдағы контрреволюциялық әрекет кезінде ақгвардияшылар қолынан қаза болған 78 коммунардың аты-жөндерін түгел анықтап, «Бауырластар» бейітінен монументаль мүсіндеме-композиция тұрғызылуына қол жеткізді. Орыс-қазақ тілдерінде бірдей жазатын жорналшы-өлкетанушы ҰОС кезінд орыс жерінде қаза болған қарқаралылық батыр, Александр Невский орденінің иегері, теңіз жаяу әскері батальон капитаны, Ленинград қорғаушы Ахметбек Қосыбаевтың тағдырын анықтауға білек сыбана кірісіп, 1942 жылы қаза болған батырдың бейітін 24 жылдан соң, 1968 жылы іздеп тапқан және Қарқаралының саябағынан «Азалы Ана» монументінің (мүсінші А.П.Билык) бой көтеруіне мұрындық болған.
Мақсатымыз «Орталықтың» редакциясында қызмет істеген қаламгерлерді түгендеу емес. Десек те, жорналшылықты жасампаздыққа ұластырған екі ұстазды атағым келеді.
Қазақстанда ХХ ғ. 80-жылдарына дейін жалғыз университет – бұрынғы астанамыз Алматыдағы С.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) мемлекеттік университет еді-дағы. Жорналшылар дайындайтын факультетте бізге дәріс берген профессор қарқаралылық Рамазан Сағымбеков әскерден оралған 1953-54 жылдары аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жұмыс істеп барып, жоғары оқу орнына түскен. Кәсіби қадамын радио саласында бастап, республикалық «Социалистік Қазақстан», Шығыс Қазақстан облыстық газеттерінде өткеріп, туған университетінде сабақ бере жүріп, Қарқаралының арғы тарихынан диссертациялық еңбек қорғаған, 1974-1982 жж. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы қызметінен зейнетке шығып, туған қаласына орнығып алысымен, жарымжан денсаулығымен бір күн тыным көрместен, кітаптар жазды, барлық заң-зәкүнімен негіздеп, қаржылық мәселелерін шешіп жүріп, «Қарқаралы» жорналын ашты және ғұмыры жеткенше жорнал шығарып тұрды. Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтан білім мен ғибрат ала жүріп, туған халқын бақытқа жеткізуді кеңестік жолмен шешуде мерт болған мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың асыл бейнесін халқына қайтарды, Қарқаралы төрінде 1935-1937 жылдары тұрғызылған сұңғыла сәулетті, қос қабатты «Ақ мектептің» салынуы үшін РФ Үкіметінен (М.Калинин) қаулы алуына оның тікелей ықпалы болғанын анықтап кетті.
Қарағанды облысы жорналшылығының құлашын кеңге серметкен Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай Қу ауданы Арқалық ауылының тумасы. Орта мектепті Қуда үздік бітіріп, қалада білімін жалғастыруға жалғыз анасына қарайлап, оқу комбинатынан үйренгені бойынша механизатор бола жүріп, аудандық «Ленин туы» газетінде тілшілікке тұрған, Алматы ҚазМУ журфагін практикалық қызметте жүріп бітірген. Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газеті ол қызметке тұрған жылы «Орталық Қазақтан» атанды. Білім тереңдігі, жазу стилінің ерекшелігі Зарқын Тайшыбайды бөлім меңгерушілігіне көтерді. Оның табанды бастамасымен ҚарМУ филология факультетінен жорналшылыққа баулитын кафедра ашылды. Жаңа ғасырдың басында Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік университетінен шақырту алған бойы, ондағы филфактан да жорналшылық кафедрасын ашқан ұстаз оқытушылық қызметте жүріп, ғылыми тұрғыда терең зерттелмеген көрнекті тарихи тұлғалар туралы (абылайтану, абайтану саласындағы) монографиялық еңбектерімен ғылыми атақ қорғады. Профессор Тайшыбайға 100-ден астам публицистикалық жұмысы, әдістемелік оқу құралдары үшін Жоғары мектеп Ұлттық Ғылым академиясының академигі атағы берілді.
«Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында әр жылдары еңбек етіп, қалам ұштаған, Бауыр Бошаннан шыққан алғашқы жорналшылар туралы әңгімені алдыңғы толқынның соңы, Қарқаралы газетінде редактордың орынбасары деңгейіне дейін жұмыс істеп, онан соң көп жылдар облыстың түрлі аудандарында партия-кеңес органдарында қызмет қылған, зейнеткерлік қарсаңында оншақты жыл облыстық газетіміздің Егіндібұлақ-Қарқаралы-Талды аудандарынан жазатын меншікті тілшісі болған Әбікен Бақтыбаев есімімен іркіп, газетке штаттан тыс атсалысып өткен абзал есімдерге келейік.
Тоқсан жыл топта толғаған облыстық газетімізге Арқаның сан атырабынан штаттан тыс атсалысқан жорналшы, жазушы, публицистер Жайық Бектұров, Нығметолла Төкешев, Сапарғали Ләмбеков, Мақсым Омарбекұлы, Еркін Көпішев, Хамит Қойбағаров, Қалкен Мәкенбаев, Ошақбай Суханберлин, Мейірхайыр Қағазбаев, Бақытқали Мұсабеков, аттары аталмаған басқа да майталмандар – өңірдің саяси, әлеуметтік тынысын жіті қадағалап, тиісінше шешім жасалуына араласып, өткен қайраткерлер ел мен жер жағдайы, тарих пен шежіре, тіл-мәдениет мәселелеріндегі мақалаларымен баспасөзді әрлеуге өзіндік үлес қосты.
Азаматтық позициядан, табиғат-тегі дарытқан қабілеттен туатын сол қалам қайраткерлігі дәстүрін «Орталықтың» ондаған тілектестері бүгінде жаңаша сапада жалғастырып келе жатқанына оқырман ырза. Олардың қатарында шалғайда жатып өлкетануға үлес қосушы Сәбит Тоғамбаев, Юрий Григорьевич Попов, Ерлан Мұстафин, қаламынан жыр төгіп өткен Арман Тиыштыбаев, Жолкен Тайтөлеуовтер дәстүрімен поэзия толғаушы Ерғазы Жазықбаев, Бағдат Шахмерденов, Балтабай Батталғазин, Аманжол Қуанбаевтай алуан кәсіп иелері аз емес. Газет пен оқырман арасына алтын көпір салушы ауыл зиялыларымен қатар, индустриялы Орталық Қазақстанның білім мен мәдениеттегі астанасы – Қарағандыға, отандық ілім-ғылымға, мәдениет-өнерге, ұлттық дәстүр мен тәрбие саласына атаулы еңбек сіңірген зиялы қауым сардарлары – Рашит Кәренов, Мәуен Хамзин, Темірғали Көкетаев, Нұрлан Дулатбеков, Сәуле Қасымова, Тұңғышбай Мұқанов, Кәмел Жүністегі, Темірғали Аршабеков, Тілеуғазы Бейсембеков, Кеңес Жұмабеков, Болат Сыздықов, мақала-сұхбаттарымен оқырманын жаңаша ойлап, креатив пікір түюге еліктіретін Марат Азбанбаев, Омар Жәлелұлы, кәсіпкерлік мәдениетінің «жілігін шағып, майын ішкен» Төлеген, Ерлан Әшімовтер сынды интеллектуалдар бары қандай сүйінішті. Олардың туған ұлтына жанашырлықпен арнаған сөздері оқырманды «Қазақстанымыздың тәуелсіздігін әндетіп-билеп, дастархан жаюмен емес, әлеуметтік-экономикалық, техника-технологиялық тұрғыда мықтаймыз» дегендей, жасампаз жобаларға үндейді.
Бойдағы білім-білігін, баяндау шеберлігін әр қоғам мүшесіне еліміздің шынайы тарихы мен ата дәстүрін жеткізіп, рухын жануға, күнде құбылған заманның асау толқынында отандастың жаңғақтай жағаға шығып қалмай, замана көшіне адал еңбек-ізденіспен ілесуіне арнайтын жорналшы әріптестерімді, жоғарыдағы авторлар қауымын маңдайға басқан жалғыз жұлдызымыз – «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мерейтойымен аға буын оқырмандардың атынан құттықтап, денсаулық пен шалқар шабыт тілеймін.
Нәзипа АСҚАР, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.