Денсаулық сақтау саласында жаңа емхана, ауруханалар салынып, заманауи жабдықтармен қамтылып жатыр. Дегенмен, елімізде акушер-гинеколог мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Осы түйткілдің түйінін шешу мақсатында Балқаш қаласының медициналық колледжінде акушерлік мамандығын оқытудың өзекті мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Келесі мәслихат Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген «Әрбір әйел, әрбір бала» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Конференцияға Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі медициналық колледждердің, Ресейдің Томск және Қорған колледждерінің оқытушылары қатысты. Алғашқы болып сөз алған Балқаш медициналық колледжінің директоры Азамат Құсанов білікті маман дайындау жолында еңбек етіп жатқан әріптестеріне лебізін білдірді.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының акушер ісі бойынша бас маманы Сандуғаш Аханова сөз сөйлеп, «Акушер ісі», «Емдеу ісі» бөлімдерінің меңгерушісі Қарлыға Болатбекова «Акушерлік іс бойынша проблемалар мен перспективалар» тақырыбында баяндама жасады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, қазір еліміздегі медициналық ұйымдарда 9238 акушер жұмыс істейді. Оның 3180-і – перзентханада, 3700-і– алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшелерінде, 4243-і – қалалық ауруханаларда, 1815-і – ауылдық ауруханаларда. Жыл сайын мамандар бес жүз мыңға жуық әйелге медициналық көмек көрсетеді.
– Қазіргі таңда тәжірибесі мол және біліктілігі жоғары мамандар өз өмірін болашақ аналар мен олардың сәбилеріне қамқорлық жасауға арнауда. Жүктіліктің дұрыс дамуы мен баланың өмірге дін аман келуі үшін күн сайын білімі мен дағдыларын қолдануда. Маңызды мамандық өкілдерінің жұмысы күрделі, әрі жауапкершілігі зор. Сондықтан да, білікті мамандар тәрбиелеу – кезек күттірмейтін мәселе. Баланы дүниеге әкелудегі дәрігерлік көмек маманның біліктілігіне тікелей байланысты. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 300 акушер жетіспейді. Ең көп тапшылық Қарағанды және Қостанай облыстарында байқалады, – деді Қарлыға Болатбекова.
Бұдан кейін пленарлық отырыс жұмысын жалғастырған мамандар Қазақстанда бала туу көрсеткіші жыл сайын артып келе жатқандығын атады. Конференцияға қатысушылардың арасынан 14 білікті маман тәжірибелерімен бөлісті. Олар оқыту орталықтарының санын арттырмаса, бірер жылдан кейін акушер-дәрігерлердің тапшылығы біршама сезілуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Қазір оларды тек орта арнаулы оқу орындары ғана даярлайды. Алайда, оқуын аяқтаған жас мамандар, көбінесе мамандығынан басқа жұмысты таңдайды. Денсаулық сақтау министрлігі болашақ дәрігерлерді тарту және жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді орнында сақтап қалу шараларын әзірлеуде.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz