Жаңалықтар

Акция жалғасын тапты

Қарағанды облысының тұрғындары осымен екінші апта қатарынан «Бірге – Таза Қазақстан!» акциясына қатысуда. 3 тамыз күні өткен ауқымды экологиялық сенбілікке аймақтың барлық қалалары мен аудандарын­ да 33 мыңға жуық адам шықты.

Жалпы әр адамның санасында «Мынау – менің ауылым!», «Мынау – менің қалам!», «Мынау – менің Отаным!» деген түсінік болса, айналасына бейғам қарамайды. Жақында бастау алған осынау бір игі бастама жұртшылықты бірлікке, патриоттыққа, табиғатты аялауға, тазалыққа баулитын таптырмас мүмкіндік. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» болып өзіміз тұратын жерімізді таза, жинақы ұстауға тырысқанымыз ізімізден ерген өскелең ұрпақтың бойына сіңіп, болашағына азық болары сөзсіз.

Бұл жолғы сенбілікке қатысушылардың қатарында жеке кәсіпкерлер, қоғам еріктілері, экология белсенділері және қарапайым қала тұрғындары болды.

Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасының жағалауы қоқыстан тазартылып, жағдайы біршама жақсарды.

Сонымен қатар, сенбілік Балқаш, Нұра, Есіл, Жаман Сарысу өзендері мен су қоймаларында да жалғасын тапты. Акцияға қатысушылар Саран су қоймасында және Балқаш қаласындағы Шығыс өнеркәсіп аймағында, Қаражалдағы «Қылыш» су қоймасында, Сәтбаев қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы бейберекет жатқан қоқыстарды жинады. Сондай-ақ, саябақтарда, гүлзарларда және қалалар мен ауылдардың орталық көшелерін тазалау шарасы белсенді атқарылды.

Көңілге қонымды бастама қашан да қолдау табады. Аталмыш акцияны облысымыздың түкпір-түкпіріндегі жұрттың оң қабылдап, жұмылған жұдырықтай үлес қосып жатқаны көз қуантады. Етек-жеңімізді жиып, алға нық қадам басып келеміз. Қоғамның алға басуы үшін пайдасы бар әр дүние назардан тыс қалмай, дер кезінде қолға алынса, нәтижесін берері хақ.

Ал, облыс орталығында осы сенбіде өткен «Бірге – Таза Қазақстан!» акциясына үш мыңнан астам тұрғын қатысты. Үй құрылысы комбинаты маңындағы 15-ші магистраль мен Саран тасжолының бойында тұрмыстық қоқыстар сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, санитарлық тазалық жұмыстары қаладағы Орталық саябақ аумағында да белсенді жүргізілді. Гапеев көшесінде орналасқан гараж алаңы мен Нестеров көшесіндегі заңсыз қоқыс тастайтын жерлер жойылды. Кіші және үлкен Бұқпа өзендерінің арнасы мен қала шетіндегі орман отырғызу аумағы тазартылып, полигонға 3 мың тонна қоқыс шығарылды.

Жалпы, табиғаттан біршама алыстап кеткеніміз рас. Республика көлемінде жалауын желбіреткен аталмыш сенбіліктер облыс тұрғындарын табиғат анаға бір табан жақындатып, өмірге деген құштарлықтарын оятқаны сөзсіз.

Табиғатты аялап, оны көздің қарашығындай сақтасақ, ол да бізге тылсым құпияларын аша түсері анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button