Жаңалықтар

Аккредиттеу тізімі түзілді

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы этномәдени бірлестіктері аккредиттеу жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы өтті. Келелі кеңеске облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Бекзат Алтынбеков, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын қатысты.

Қоғамдық аккредиттеу – облыстың этномәдени бірлестіктерінің, олардың филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының тиісті тармақтарына және талаптарына сәйкестігін тану.

Облысымызда заңды тұлға ретінде тіркелген 58 этномәдени бірлестік бар, оның 23-і облыстық мәртебеде (19-ы қоғамдық бірлестік, 3-і қоғамдық қор, 1-і жеке қор) болса, 35-і қалалық және аудандық мәртебені иеленетін құрылымдар.

Қоғамдық аккредиттеудің қолданылу мерзімі этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше тізілімге енгізілген күннен бастап 3 жылды құрайды. Аталған тізілім Қазақстан халқы Ассамблеясының порталында орналастырылады және ашық қолжетімді.

Аккредиттеу шарасымен 19 қоғамдық бірлестік, 1 қоғамдық қор, 30 қалалық және аудандық бірлестік қамтылды.

Жиын барысында өңірлік комиссия мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу ережесін талқылап, өз пікірлерін ортаға салды.

Комиссия мүшелері аккредиттеу кезінде қиындық тудыратын тармақтарды талқылап, этномәдени бірлестіктердің басшыларына түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу, облыс бойынша этномәдени бірлестіктердің мәртебесін сақтап қалу және жұмысын одан әрі жандандыру қатысты ұсыныстарын білдірді.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button