Жаңалықтар

Академиктің есімі ескерілсе…

Жас кезімде көнекөз қариялардан «Адамның жаратылысы туған жерінің топырағына байланысты» деген аталы сөзді естіген едім. Ойларын әрі қарай дамытсақ, адамзат баласы туған жеріне туған бойда тамырымен байланады. Арада қанша уақыт өтсе де, оларды ажыратпайтын бір тылсым күш бар. Шет жерде жүрсең де, туған жеріңді, өскен жеріңді сағынасың. Осындай сағынышқа толы арманы бар ғалым-металлург – Ибраһим Оңаев.

Сурет автордан

Ибраһим Әбілғазыұлының туып-өскен жеріне тоқталсақ, ағайын-туыс­тарымен бірге Шат өзенін жайлаған, Мақан-шаты, Оңай, Сәркен, Тәстен атау­лары бар шұрайлы, нулы, сулы жерге орналасқан. Сай-саласында сылдырап аққан мөлдір бұлақты, көкорай шалғыны толы бүлдірген, қарақат, долана, тасты тауларында өскен арша мен жуаның иістері көңіліңді жай таптырады. Ертеден айтылатын «түгін тартсаң, майы шығады» дегендей, жайылымында аз уақытта қыстан жүдеп шыққан мал күйленіп шыға келеді.

Осындай табиғаты ерекше жерде туып-өскен адамдар шетінен өнерлі, әнші-күйші, сөзге шешен, палуан, аңшылық, атбегілік, құсбегілік өнерлерін меңгерген болып келеді.

Көзіміз көрген Ибраһимге шөбере аға болып туысатын Үміткер ауылында Жұма Әлиакпаров деген ақсақал болды. Небір жарасымды сөздерімен тыңдаушысын жалықтырмайтын, сөздері де орнықты, тәрбиелік мәні де зор болатын. Табиғатқа, Отанға, ел азаматтарына, шаруаға олақтарға шығарған арнау өлеңдері қазір ұмыт болған.

Сарыарқа төсінде суы мол, малға жайлы Шат өзенінің бойында бұрынғы Павлодар уезі Баянауыл жерінде Оңай деген қыстақта 1913 жылы Әбілғазының отбасында Ибраһим дүние есігін ашады. Қазір бұл жер Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарайды.

Табиғаты әсем, тау-тасты жерде өскен Ибраһим төрт жылдық мектепте сауатын ашады. Білімге деген құштарлығын білген әкесі Әбілғазы баласы Ибраһимді Баянауылдағы орысша мектепке оқуға береді. Аз уақытта орыс тілін үйреніп, бірге оқитындарының алды болады.

Әрі қарай оқуын Павлодар, Семей, Омбы, Томскіде жалғастырады.

Ибраһим аға Алматыға келіп, 1936-1941 жылдары кен-металлургия институтында оқиды. 1941 жылы тау-кен институтының металлургия факультетін бітірген, соғыс басталысымен, оның аяқталғанына дейін Қарсақпай мыс қорыту зауытында істейді.

1944-1974 жылдар аралығында Қазақ ССР Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтында аспирант, кіші ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

1974 жылы қазіргі академик Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық политехникалық университетінде ауыр түсті металдар кафедрасының меңгерушісі болған. Оның 300-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген, 8 өнертабыстың авторы.

1958 жылы Бельгияда өткен Дүниежүзілік универсал көрмеге және 1963 жылы металлургтер мен тау-кен мамандарының халықаралық конференциясына (ГДР) қатысты. Орталық Қазақстанда мыс кендерінен өндірілген кентастар мен концентраттарды балқыту процесін кешенді түрде жетілдіру ісін жүргізген.

Түсті металлургия саласындағы штейнді-қожды жүйелердің физика-химиялық қасиеттерін зерттеп, металл-шлак және штейн-қож газдық фаза жүйесіндегі металдардың таралу заңдылығын ашқан.

1968 жылы техника ғылымдарының докторы деген ғылыми дәрежеге ие болады, осы жылы профессор атағын алады.

1971 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі болып сайланады және Қазақ ССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілген.

Ибраһим Әбілғазыұлының еңбектерінің көпшілігі түсті және сирек кездесетін металдарды жаңа технология тәсілдерімен қорыту мәселелеріне арналған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.

1994 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Өмірден озғанына 30 жылдай уақыт болса да, ғалым аға Ибраһим Оңаевты есте қалдыру шаралары жүргізілген жоқ. Туған жеріндегі мектепке, зерттеу жүргізген елдіме­кендерге, ашқан жаңалықтары қолданыста жүріп тұрған қалалардағы көшелердің біріне оның есімін беру мәселесі кезек күттірмеуі тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, өмірдің мәнін ғылымнан тауып, соңына мол мұра қалдырған ғалымның өнегелі өмірі мен шығармашалық жолын насихаттау жас буынды білім-ғылымға, адал еңбекке жетелейтіні сөзсіз.

Ғалымның металлургия саласындағы еңбектері әлі өз бағасын алған жоқ. Республикалық Ғылыми Орталыққа бұл үлкен сын болмақ…

Жеңіс ШӘДЕТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button