Академик Төрегелді Шармановтың туғанына – 95 жыл
Төрегелді Шарманов – қазақ және кеңестік медицина саласының көрнекті қайраткері, ғалым, нутрициолог-гигиенист, қоғам және мемлекет қайраткері. Ол – Қазақстанда нутрициология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, КСРО және ҚР Ұлттық ғылым академияларының академигі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық иегері. Оның саналы ғұмыры ғылымға, медицинаға және ұлт денсаулығына қызмет ету жолына арналды.

1958-1962 жылдар-тұғын. Еңбек жолын туған өлкесі Ұлытау аудандық ауруханасында бас дәрігер болып бастаған ол ауыл медицинасын дамытудың нақты үлгісін көрсетті. 1961 жылы «Синтомицин мен левомицетиннің қанға әсерін эксперименттік зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, Қарағанды медицина институтының алғашқы ғылыми дәрежелі түлегі атанды. Ғылыми ізденіс жолында тоқтаусыз еңбектенген Т.Шарманов 1968 жылы «Қазақстандағы гиповитаминоздардың бруцеллез кезіндегі ағзаның иммунобиологиялық реактивтілігіне әсері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осылайша ол Қарағанды медицина институтының алғашқы алты шығарылымы арасынан шыққан тұңғыш медицина ғылымдарының докторы атанды. 1962-1965 жылдар мұғдарында Алматыдағы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты өлкетану ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Ал, 1968-1971 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының ректоры және фармакология кафедрасының меңгерушісі болды. Бұл жемісті жылдар оның кәсіби және ұйымдастырушылық қабілетінің жаңа деңгейде ашылған елеулі кезеңі еді. 1971 жылы Төрегелді Шарманов Қазақ КСР-ы Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Оның бастамасымен елімізде алғашқы рет ана мен бала денсаулығын қорғау, тамақтану мәдениетін көтеру, алдын алу медицинасының жүйесін жетілдіру бағыттарында кешенді шаралар жүзеге асырыла бастады. Төрегелді Шарманұлы – Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушы және оның ұзақ жылдар бойғы президенті. Ол – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік ғылым мен техника саласындағы сыйлығының, ҚР Тұңғыш Президентінің бейбітшілік жәнепрогресс сыйлығының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жанындағы Бернард Леон Фуко қоры сыйлығының иегері. Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы мен еліміздің ең жоғарғы марапаттарының бірі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері.
1995 жылдың мамыр айынан бастап Төрегелді Шарманов – Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті. Академик Т.Шармановтың әлемдік ғылымдағы ең ірі жетістіктерінің бірі – оның 1978 жылы Алматыда өткен халықаралық конференцияда қабылданған Алматы декларациясы авторларының бірі болуы еді. 1996 жылы Т.Шарманов авторлығымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық тамақтану саясаты» қабылданды. Оның жетекшілігімен метаболизмдегі интернутриенттік өзара әрекеттесу, тамақтану фармакологиясы мен тамақтану иммунологиясы сияқты түбегейлі жаңа ғылыми бағыттар пайда болды. Т.Шарманов ұлттық тағамдардың емдік қасиеттеріне негізделген диеталық терапия тұжырымдамасын дамытты. Академиктің бастамасымен Алматыда ТМД кеңістігінде теңдесі жоқ Балалар тағамы орталығы құрылды.
Ғылым жолындағы табандылығы мен ізденістерінің арқасында ол Қазақ тағамтану академиясы жанында ғарышкерлерге арналған жаңа өнімдер класын жасақтады. Ол бие сүтінің пайдалы қаси еттерін алғашқылардың бірі болып ғылыми түрде дәлелдеп, оны ұлттық брендке айналдырып, әлемдік деңгейде насихаттады. Тіпті, осы сүт негізінде зиянсыз шоколад жасап шығару идеясы да жүзеге асырылды. Ол Қазақстанның йод тапшылығы бар мемлекет екенін дәлелдеп, ас тұзын міндетті түрде йодтауды заңдастыруға үлкен үлес қосты. Темір тапшылығы анемиясының ел ішінде кең таралғанын ғылыми жолмен дәлелдеп, ұнға темір препараттарын қосу арқылы маңызды мәселені ұлттық деңгейде шешті.
Әйткенмен, Төрегелді Шарманұлының ғылыми жолы әрқашан оңай болған жоқ. 1985 жылы Қазақ КСР-да тамақтану институтын құру туралы идеясына шетін көзқарастарға байланысты ол өз отанынан кетуге мәжбүр болған. Сол жылы отбасымен бірге Мәскеуге қоныс аударып, коммуналдық пәтерге орналасты. Анасы (80 жаста), әйелі мен ұлы Алмазбен бірге қиын кезеңдерді бастан өткерді. Алайда, оны КСРО-ның көрнекті ғалымдары – А.Покровский П.Бургасов, С.Дроздов, Г.Сердюковская, Н.Измеров, Д.Львов секілді әріптестері қолдап, оған ғылыммен айналысуға мейлінше жағдай жасалды. Мәскеудегі ВАК-та кафедра басқарды, ұстазы А.Покровский жетекшілік еткен журналдың редакторы болды. ЮНИСЕФ және ДДҰ деңгейінде темір тапшылығы анемиясы мәселесін көтеріп, Женевада үш күнге созылған халықаралық конференция ұйымдастырды. Жиынға әлемнің түпкір-түпкірінен мамандар қатысып, мәселенің маңыздылығы кеңінен танылды. Кейінгі жылдары оның бастамасымен Әзірбайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанда тағамтану академиялары құрылды. Қазақстанда «Қазақ тағамтану академиясы» ашылып, ол БҰҰ университетімен бірлескен орталыққа айналды. 1988 жылы Алматыға оралған Төрегелді Шарманұлы осы академияны дамытып, елдегі тағамтану ғылымының көшбасшысы болды.
Оның жетекшілігімен 40 докторлық және 135 кандидаттық диссертация қорғалып, 400-ден астам ғылыми еңбек, 38 монография және 40 өнертабыс жарық көрді. Ол «Денсаулық және ауру» ғылыми-практикалық журналының бас редакторы ретінде де еңбек етті. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жанындағы тағамдық қоспалар мен балалар тағамын тіркеу жөніндегі сараптамалық кеңестің төрағасы, Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мүшесі, бірнеше медициналық қоғамдардың белсенді мүшесі бола білді. Біраз уақыт Қазақ ұлттық медицина университетінің бақылау кеңесінің төрағасы қызметін де атқарды.
Сол университетте ол 1949 жылы дәрігер болып жол бастап, кейін әлемдік деңгейдегі ғалымға айналды. Сонымен қатар, ҚР ғылыми және технологиялық ұйымдары қауымдастығының вице-президенті (2000- 2001), кейін президенті (2001 жылдан бастап), «Химфарм» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі (2007 жылдан бастап) болды. Былтыр 25 мамырда Төрегелді Шарманұлы мәңгілікке аттанып, Қазақстан халқы аса ауыр қайғыға ұшырады. Қоштасу күні Қазақ онкология және радиология
ғылыми-зерттеу институтының басшысы Диляра Қайдарова: «Ол адам – аңыз, медицинаның патриархы, тамақтану иммунологиясы атты жаңа бағыттың негізін қалаушы» деп тебірене еске алған-тын. Біз болсақ, Төрегелді Шарманұлын 1954-1958 жылдар аралығында, ол комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған кезеңнен бастап танығанымызды айта кеткіміз келеді. Біз студенттермен оқу-тәрбие жұмыстары жөнінде тығыз қарым-қатынаста болып, талай мәселені бірлесіп шештік. Ол өте сезімтал, мұқият, мейірімді жан еді. Арамызда алты жас алшақтық болғандықтан, біз оны әрқашан құрметтейтінбіз және пікірін тыңдайтынбыз. Соңғы рет онымен 2002 жылы Алматыда, тағамдық қоспалар мен олардың сертификатталуы жөніндегі келелі кездесуде жүздестік. Төрегелді Шарманов туралы жарқын естеліктер мен жып-жылы естен кетпес әсерлер біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Виктор ЗУБОВ,
медицина ғылымдарының докторы